Зардап шеккендердің жағдайы жақсарып келеді
Зардап шеккендердің жағдайы жақсарып келеді
5,187
оқылды

Бүгін Алматыдағы ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайына байланысты денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров пен Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтың, сондай-ақ науқастарға дәрігерлік көмек көрсетіп жатқан медқызметкерлердің қатысуымен брифинг өтті.

Нұр-Сұлтан қаласынан Нейрохирургия ғылыми орталығының басқарма төрағасы Серік Ақшолақов пен Травматология ҒЗИ директоры Нұрлан Батпенов келіп, дәрігерлік міндеттерін атқаруға кірісті. Зардап шеккен 68 адамның 51-і ауруханаға жатқызылған. Оның 9-ы балалар.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтың айтуына қарағанда, қазіргі таңда зардап шеккен 7 адамның жағдайы ауыр, тұрақты, 42-сінің жағдайы қалыпты.

Науқастардың басым бөлігі №4 клиникалық ауруханаға жеткізілген болатын. Өкінішке қарай кеше екі адам осы жерде қайтыс болды. Бүгін күні бойы дәрігерлер зардап шеккендерге ота жасап, дәрігерлік көмек көрсетті.

Әуе кемесінде болған екінші ұшқыштың беломыртқасына күрделі операция жасалды. Оның жағдайы ауыр, жарақаттары өте көп. Алдағы уақытта оған тағы да ота жасалуы мүмкін.

Ұшақ апатынан зардап шеккендердің көбінің қол-аяғы, жамбас сүйектері мен қабырғалары сынған. Ота жасау барысында олардың аяқ-қолы кесілмеген.

Зардап шеккен 12 адам Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілген болатын. ЖШКК ауруханасы бас дәрігерінің хирургия бойынша орынбасары Оңласын Ибекенов те науқастарға барлық қажетті дәрігерлік көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Қазір науқастардың жағдайы тұрақталған.

Апаттан аман қалғандар мен олардың туыстарымен психологтар жұмыс істеп жатыр. Психологиялық көмек пен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге 223 маман тартылған.