Қазақстанға кімдер көңіл айтты?
Қазақстанға кімдер көңіл айтты?
240
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз қызметі президенттердің жеделхаттарын жариялады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Алматы қаласы маңайында ұшақ апаты салдарынан болған қайғылы оқиғаға байланысты бірқатар шет мемлекеттердің басшыларынан көңіл айту жеделхаттары келіп түсті деп жазады, Президенттің баспасөз-қызметі.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин ұшақ апаты салдарынан болған қайғылы оқиғаға қатысты көңіл айтты.

«Ресей халқы өз туыстары мен жақындарынан айрылған адамдардың қайғыларына ортақтасады және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіреді», – делінген жеделхатта.

Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанда әуе кемесінің апатқа ұшырауы салдарынан адамдардың қаза болғаны және зардап шеккені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын жеткізген.  

«Түрік халқының және жеке өзімнің атымнан достас әрі бауырлас Қазақстан халқының қайғысына ортақ екенімізді білдіре отырып, осы оқиға салдарынан қаза болған азаматтардың жақындарына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін», – деп атап өткен Түркия Президенті өз жеделхатында.

Рим Папасы Франциск те Қазақстанда жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.

«Жақында Алматыда болған ұшақ апаты туралы білгеннен кейін, Аса Қасиетті Папа Франциск осы қайғылы жағдайдың салдарынан зардап шеккендердің барлығына көңіл айтады. Ол қаза болғандардың рухтарының мәңгілік тыныштық табуы және зардап шеккендердің жазылып кетуі үшін дұға етеді. Аса Қасиетті Папа Құдіреті күшті Құдайдан барлық адамдар үшін, әсіресе құтқару, қалпына келтіру жұмыстарына қатысатын адамдарға күш-қуат беруді және бейбітшілік сыйлауды сұрайды" - делінген Ватиканнан келіп түскен жеделхатта.

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев ұшақ апаты туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.

«Қаза болған адамдардың жақындары мен туыстарының қайғыларына ортақ екенімді және оларға менің жүрекжарды сөздерімді жеткізуіңізді сұраймын, сондай-ақ, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін», – деп жазған Өзбекстан Президенті.

Мемлекет басшысының және Қазақстан халқының атына өздерінің көңіл айту жеделхаттарын Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Түркменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедов, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Украина Президенті Владимир Зеленский, Грузия Президенті Саломе Зурабишвили, Финляндия Президенті Саули Ниинистё, Швейцария Конфедерациясының Президенті Ули Маурер, Польша Республикасының Президенті Анджей Дуда, Сербия Президенті Александр Вучич және Словакия Президенті Зузана Чапутова жолдаған.