Дәрігерлер вакцина салдырудан неге бас тартып отыр?
Дәрігерлер вакцина салдырудан неге бас тартып отыр?
163
оқылды

Шынтуайтына келгенде, ақ халатты абзал жандардың өзінің бойында қорқыныш бар секілді. Себебі вакцинацияның алғашқы күні 2500 медицина қызметкеріне екпе егу жоспарланса, соның тек 75-і ғана ерікті түрде вакцина салдыруға келген. Осының өзі терең ойға қалдырады.

Десе де екпені алғашқылардың бірі болып облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев салдырды. Осылайша, өңірдің бас дәрігері әріптестеріне үлгі көрсетіп, жаппай вакцина салдыруға шақырды. Әрине бұл – бас бармақпен бағалайтын қадам. Бірақ басқарма басшысының бастамасына өзге медицина мамандары неге үлес қоспай отыр?

Жалпы Әсет Қалиев облысқа «Спутник V»  вакцинасының 1000 данасы келгенін айтқан. Егер мұны мамандар тұтынып қойса, тағы жеткізілетіндігін де құлағдар  еткен. Сондай-ақ шалғай ауылдарға мобильдік топтар шығатындығын хабарлаған. Бірақ дәл қазіргідей медицина мамандарының өзі екпеге үрке қарап отырса, 1000 вакцинаның өзін салдыра алмаймыз-ау?..

Жалпы коронавируске қарсы вакцинация биыл жылдың соңына дейін жүргізіледі. Оған облыста 60 000 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде. Осы межелі міндетті орындау үшін үгіт-насихат ауадай қажет. Қазіргі жағдайға қарасақ, бұл бағытта кенжелеп тұрғанымыз анық аңғарылып тұр. Әрине дәрігерлердің де бойында толқу мен қорқыныш болуы заңды құбылыс. Алайда Гиппократтың алдында ант берген мамандар өзгеге  үлгі көрсетпесе, қара халық қалай  екпе салдырады?

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы