Үкімет жоспары «арықтап» барады
Үкімет жоспары «арықтап» барады
179
оқылды

Ел Үкіметі билік тармақтары арасында соңғысы бо­лып, биылғы жылжабар отырысын өткізді. Жылда әзіл-қалжыңға құрылатын қорытынды жиын бұл жолы шат-шадыман көңіл күйден ада. Күні кешегі ұлттық «Аза тұту күні» Министрлер кабинеті үшін жыл «нүктесін» қойғандай.

Әйтсе де, жылдағы басқа бір дәстүр сақталды. Үкіметтің биыл­­ғы соңғы отырысында Пре­мьер-Министр келесі жылға тап­сыр­малар берді. Үкімет заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға ар­налған жоспарын бекітті.

Жыл өткен сайын қабылдана­тын жаңа заңдар саны да күрт азайды. Бірақ бұл «Қазақстанда қажетті заңдардың барлығы қа­былданып болды» дегенді біл­дірмесе керек. Әйтпесе, қазіргі жоғары технология ғасырында, аумалы-төкпелі заманда өмір көз ілеспес жылдамдықпен өзгеруде, бар сала жаңғырып жатыр. Оның барлығы заңнамада әзірге толық көрініс тапқан жоқ. Сондықтан заңгерлер осы бағытта респуб­ликада жасампаздық күйзелісі барлығы туралы пікір білдіреді.

Мысалы, 2002 жылғы Үкімет­тің заң жобалау жұмысы жос­па­рына 60 жаңа заң жобасы кірген болатын.

Осы салаға жауапты Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, Парламентке 2019 жылы небәрі 32 заң жобасы ен­гізілген. Іліп аларына тоқталсақ, «Педагог мәртебесі туралы», «Ха­лық денсаулығы және денсау­лық сақтау жүйесі туралы» ко­декс, Экологиялық кодекс және басқа­лары бар. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш тағы да екі есе кемімек.

– 2020 жылғы жоспар жоба­сына өзекті және маңызды мә­селелерді шешуге Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев­тың тапсырмаларын орын­дауға бағытталған 17 заң жобасы енгізілді, – деп растады Үкімет жетекшісі А.Мамин.

Оның ішінде Мемлекет бас­шысының сайлауалды бағдар­ламасын және Жолдауын іске асыруға арналған заң жобалары қарастырылған. Бұдан бөлек, жобасы қазірдің өзінде арда­герлер наразылығын туғызып отыр­ған «Ардагерлер туралы», сондай-ақ «Өсімдіктер әлемі ту­ралы» және қолданыстағы заң­намаға өзгеріс­тер енгізуді көз­дей­тін бірқатар заң жобалары бар.

Үкімет басшысы министр­лерге өздеріндегі заң жобалау жұмысын жеке бақылауға алуды тапсырды және онсыз да аз жо­баны уақытында дайын дамы­ғандары жазаға тартылатынын нықтады.

– Жоспарлы заң жобала­рын енгізу мерзімі бұзылған жағдайда мемлекеттік органның тікелей бірінші басшысының жауапкер­шілігі қаралатын болады! – деді Асқар Мамин.

Сонымен қатар Әділет ми­нистр­лігіне жұмсақтық пен илік­кіш қасиетін таныта бермей, Үкі­­меттің заң жобалау жұмыс­тары­ның жаңа жоспарын іске асыру кезінде бақылауды күшей­туді жүктеді.