Биыл Қазақстанның саяси жүйесінде маңызды оқиға аз болмады. Алғаш рет билік транзиті жүзеге асып, екінші Президент Ақордаға келді. Ұлттық кеңес құрылып, бейресми қозғалыстар көбейді. Президент сайлауы өтіп, тұңғыш әйел кандидат тіркелді. Қысқасы, бұл жыл бұрынғысынан өзгерек. Ендеше өтіп бара жатқан 2019 жылғы саяси жылдан не түйдік, не үйрендік?
Билік транзиті. Биыл 19 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президент қызметіндегі уәкілеттігін тоқтатуы – жұрт күтпеген оқиға болды. Себебі қызмет мерзімі заң бойынша 2020 жылдың соңында аяқталуы керек еді. Дегенмен Н.Назарбаев мемлекет басшылығын қалдырып, ел тұтқасын Ата заңға сәйкес Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұстатуды жөн санады. Мұны тарихи шешім деуге негіз бар. Себебі Н.Назарбаев Қазақ КСР-нің басшылығына 1989 жылы келгенін ескерсек, билік басында 30 жыл отырған екен. Кезінде Ресейде Б.Ельцин де өз еркімен орынтағын В.Путинге босатқан еді. Ұқсас сценарий демесек те, ортақ аналогия бар секілді.
Бұл тек мемлекет басшысының өзгеруі емес, бір дәуірдің ауысуы деуге болады. Өйткені Елбасының Қазақстанға сіңірген еңбегі аз емес екені мәлім. Алайда Н.Назарбаев саяси, қоғамдық өмірден біржола кеткен жоқ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мәртебесімен қоса Қазақстан халқы Ассамблеясының, Nur Otan партиясының, Қауіпсіздік Кеңестің төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі қызметтерінде қалды. Жыл бойы түрлі шараларға қатысып, лауазымды кісілерді қабылдап, қоғаммен бірге болды. Қазақстан тарихында екінші Президент атанған Қасым-Жомарт Тоқаев ант қабылдау барысында Елбасының жолын жалғастыратынын мәлімдеді. Көп өтпей Үкімет төрағасы мен оның мүшелерін жеке-жеке қабылдап, ел басқару процесіне кірісіп кетті. Аймаққа алғашқы сапарын Түркістаннан бастады.
Президент сайлауы. Қызметіне кіріскен жаңа Мемлекет басшысы 9 сәуір күні кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Саяси дода 9 маусымға белгіленді. 1991 жылғы сайлауды ескерсек, бұл ел тарихындағы 6-шы президент сайлауы болатын. Осы жолы өзіндік ерекшелік аз болмады. Алғаш рет президенттікке әйел адам үміткер ретінде тіркелді. Ол – «Ақ жол» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Дәния Еспаева. Коммунист Жамбыл Ахметбековтен басқалары бұрын-соңды мұндай ірі саяси додаға қатыспаған, тың үміткерлер болды. Олар: «Ұлы Дала Қырандары» бірлестігі атынан Сәдібек Түгел, «Ауыл» партиясынан Төлеутай Рақымбеков, «Ұлт тағдыры» қозғалысынан Әміржан Қосанов, Батыс Қазақстан облысының кәсіподақ орталығынан Амангелді Таспихов еді. Ал билік партиясы Nur Otan өзінің ресми үміткері ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды.
Президент сайлауы әр бес жыл сайын өтеді. Арасы әжептеуір уақыт. Соңғы сайлауда қолданылған әдістер келер жолы нәтижесін бермеуі мүмкін. Кәдуілгі жұрт ақпаратты әлеуметтік желіден алуға көшкелі қашан. Сондықтан биылғы саяси додада саяси технологтар күшін негізінен сол желілерге салуға тырысқанын байқадық. Әрине, билік партиясы әдеттегідей танымал кісілермен бірге аймақ аралау керуенін тағы қайталады. Зауытбек Тұрысбековтің өз партиясының кандидаты жайлы «Тәшкен көрген» сөзі көптің есінде қалды.
Либералды көзқарастағы азаматтар Қосановтың айналасында ұйысуға тырысты. Ортақ кандидат ретінде ұсынуға бел байлағандай болды. Алайда Жалпыұлттық социал-демократиялық партия басшылығы бұл сайлауға қатысудан бас тартты. Осылайша, сайлау науқаны басталмай жатып демократиялық күштердің арасына жік түсті.
...4 кісінің өмірін қиып, бір қаланы әбігерге салып, шығыны миллиардтаған теңгеге жеткен апаттың жазасы жай сөгіс болып қалды. Әрине, ауыр апаттан соң биліктің қолданар шарасы ауызша ескерту болса, ал бірнеше миллион жымқырды деген лауазымды жемқорлар шартты жаза алса немесе абақтыдан үнемі ерте шыға берсе, қоғамды қоғам ететін негізгі құндылық – әділдік қайда қалады?
Әр кандидат өзіндік бағдарлама ұсынды. Ж.Ахметбеков Батыстың ықпалымен күресіп, қашқын олигархтарды сотқа тартуды ұсынса, Д.Еспаева кәсіпкерлікті дамытып, офшорға кеткен қаражатпен күресуді мақсат тұтты. Ал Ә.Қосанов жемқорлықты жоюды, саяси еркіндікті қалады, Т.Рақымбеков ауыл мен қаланы әлеуметтік тұрғыда теңестіріп, ұлт құндылығын сақтауды көздеді. Қ.Тоқаев ел дамуын қамтитын кешенді бағдарлама ұсынды. Алғаш рет «Қуатты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы айтылды. Сонымен, 9 маусым күні өткен сайлаудың нәтижесінде Қ.Тоқаев 70,09%, Ә.Қосанов 16,23%, Д.Еспаева 5,05% дауыс жинады. Заңға сәйкес, ең көп дауыс жиған кандидат республика президенті болып сайланды.
Саяси өзгерістер. 2019 жыл Қазақстан азаматтарының ерекше саяси белсенділігімен есте қалды. Алдымен президент сайлауында қатардағы азаматтар ерікті түрде бақылаушы болып тіркеле бастады және өзінің көрген-білгендерін әлеуметтік желіде жиі жазды. Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында заңсыз митингілерге шыққан жұрттың қарасы көбейе түсті. Алайда олар жүйесіздікпен, талаптардың шашыраңқылығымен ерекшеленді. Яғни, нақты ұйымдастырушы, белгілі маршрут, талап-тілектің тізімі болмады. Сөзсіз, олар заңсыз қоғамдық жиналу болып есептелгендіктен, полициямен қақтығыс фактілері жиі тіркелді. Бастапқыда бұл қоғамның наразылығын туғызғаны белгілі. Сондықтан кейінгі кездері полиция қызметкерлері заңсыз жиынға келгендерді ұстау тактикасын өзгерткенін байқадық, яғни бұрынғы күш көрсету тәсілі азайды.
Оған қоса, биыл тіркелмеген қоғамдық қозғалыстар да бой көрсете бастады. Олардың қатарында «Оян, қазақ», «Республиканы» келтіруге болды. Бірді-екілі шара, әлеуметтік желідегі тұрақты посттар болмаса, жүйелі әрекет байқалмады. Жалпы, елдің саяси белсенділігі барысында о бастағы бірнеше қателік көп қайталанды. Ол – ұйымдастырушылық жұмыстардың реттелмеуі, мойындалған көшбасшының жоқтығы, тұрақты мүшелер мен қаржы көзінің жетіспеуі, белсенділіктің тек орталық қалаларда көрініс табуы және тағысын тағылар. Бұл бір жағы түсінікте де, өйткені оларға бастама болған кәсіби оппозиционер, саясаткерлер емес, азаматтық белсенділер еді. Сәйкесінше, оларға саяси тәжірибе, қолдаушы жетпей жатты.
Алайда осынша кемшілікке қарамай, жаңа Президент елдің саяси өзгерістерге деген сұранысын ескеріп, жауап ретінде нақты шараларды қабылдады. Олардың қатарында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы, митингілерді өткізуге жиі рұқсат беру, алаңға шыққандарға полиция тарапынан күш көрсетпеу, жала жабу туралы 130-баптың жазасын жеңілдету және басқалар бар.
Қоғам санасындағы өзгерістерді түрлі мүддедегі азаматтар мен топтар әрқилы пайдалануға тырысты. Олардың бұл әрекеті әлеуметтік желілерде айқын көрінді. Ең алдымен, Қазақстанда саясиланған Facebook алаңында түрлі блогерлер ақылы посттар жаза бастады. Бірі үкіметті жақтаса, екіншілері елді арандатуға кетәрі емес еді. Оған қоса, биыл Telegram-арналар ерекше белсенділік танытты. Қысқа уақытта бірнеше мың жазылушы жиған арналар елдегі саяси процестер туралы ақпарды бейтарап тұрғыда берудің орнына субъективті көзқарасын қоса араластырып таратты. Әрине, көпшілігі лауазымды тұлғалар, саяси оқиғалар әрі нақты дәлелсіз болғандықтан, жұрттың назарын аударды. Оқырман санын көбейтті. Тіпті, кейбірі оппозициялық күштермен әріптестік танытуға даяр екенін және өздерінің шетелде жүргенін мәлімдеді. Расталмаған мәліметті жариялау медиа заңдылығына қарсы болса да, фейк жаңалықтар кезеңінде бұл оқырман жинаудың әккі әдісіне айналды.
Арыстағы апат. 24 маусым күні Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс елді дүр сілкіндірген оқиға болды. Қазақстан тарихында алғаш рет бір күнде 45 мың қала тұрғыны эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілді. Әрине, барлығын облыс басшылығы ұйымдастырған жоқ. Халықтың басым бөлігі өз мүмкіндігімен Шымкент қаласына жетті. Арыстағы жарылыстың елге әсер еткені сонша, ол төтенше жағдайдан саяси мәселеге айналды. Қоғам істі қалай шешер екен деп, жаңа сайланған Мемлекет басшысына үмітпен қарады. Қ.Тоқаев апат болған күні Арысқа барып, жарылыс болған жерді аралап, халықпен кездесіп, басу айтты. Үкіметке шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
Жарылыс үш адамның өмірін жалмады. Кейін қазан айында снарядтарды жоспарлы түрде жою барысында тағы бір офицер көз жұмды. Өкінішке қарай, осындай трагедия болса да, снарядтардың қауіпсіздігіне жауапты болған лауазымды әскерилер «жеңіл жазамен» шектелді. Мәселен, Қорғаныс министрі Н.Ермекбаевқа, оның орынбасары әрі Бас штаб бастығы М.Бектановқа, генерал М.Майкеев пен Т.Жанжүменовке қатаң сөгіс жарияланды. Ал экс-қорғаныс министрі, Ұлттық қорғаныс университетінің басшысы Сәкен Жасұзақов қызметінен кетті. Яғни, жалпы 4 кісінің өмірін қиып, бір қаланы әбігерге салып, шығыны миллиардтаған теңгеге жеткен апаттың жазасы жай сөгіс болып қалды. Әрине, ауыр апаттан соң биліктің қолданар шарасы ауызша ескерту болса, ал бірнеше миллион жымқырды деген лауазымды жемқорлар шартты жаза алса немесе абақтыдан үнемі ерте шыға берсе, қоғамды қоғам ететін негізгі құндылық – әділдік қайда қалады? Азаматтар әділдікке сенуден, үміттенуден, жүгінуден қалмай ма?
Алайда Арыстағы жарылыс елді сары уайымға түсірген жайт емес, жұртты жұдырықтай біріктірген ортақ қайғыға айналды. Алдымен Шымкент жұрты аласапыранда жеткен Арыс жұртын шамасы жеткенше қабыл алып, нан-суын жеткізіп тұрды. Кейбірі бейтаныс жандарды үйінде қондырды. Жоғалған баласын табуға атсалысты. Кейінірек барлық облыс тұрғындары Арыста жапа шеккендерге қолынан келген көмегін беріп жатты. Біркүндік жалақысын аударды, кәсіпкерлер тауарын тегін жеткізді, еріктілер қаланы қалпына келтіруге үлесін қосты. Арыста жарылыстан зардап шеккен ғимарат пен үйлерді қалпына келтіруге 34,5 млрд теңге қажет болды. Республика азаматтары арнайы есеп-шотқа 1,6 млрд теңге жинады. Тіпті, шет елдерден 105 мың рубль, 7 800 доллар келіп түсті. Ел басына күн туғанда ешкім етектен тартпады, қайта бір кісідей көмек қолын созды.
Ұлттық кеңес. Президент Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру мәселесін көтерді. Ол кеңес беруші орган болуы қажет етеді. Бірақ заңды сайланған Парламент тұрғанда қосарланған жаңа органның қажеті қанша деген заңды сауалдар туындады. Кеңес құрамы жасақталғанда билік түрлі көзқарастағы азаматтармен диалог құруға дайын екендігін танытты. 12 маусым күні Президент Тоқаев аталған кеңесті жасақтау туралы Жарлыққа қол қойды. Көп өтпей оның құрамына бұған дейін билікті сынап келген Арман Шораев сынды кәсіпкер де, Айгүл Орынбек сияқты блогер де, Айгүл Омаровадай адвокат та кірді. Бұдан бөлек, Айдос Сарым, Ораз Жандосов, Марат Шибұтов, Мұхтар Тайжан, Расул Жұмалы, Саясат Нұрбек, Рахым Ошақбаев және басқа да қоғам қайраткерлері кеңеске мүше атанды.
Жалпы, билік тарапынан бұған дейін оппозиция өкілдерін әріптестікке шақырып, ортақ жұмыс атқаруға талпыныс бірнеше рет болған. Мәселен, «Азамат» қозғалысын құрар алдындағы кездесу, Азаматтық қоғамды демократияландыру мен дамыту жөнiндегi кеңес (2002 ж), Демократия және азаматтық қоғам мәселелерi жөнiндегі ұлттық комиссия (2004 ж). Алайда бұл бастамалар сәтсіз аяқталып, жұмысы жеміссіз қалды. Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек демекші, жоғарыда айтылған Ұлттық кеңес алдыңғыларынан бөлектеу болды. Оның мүшелері билікке принципшіл оппозиционер емес, түрлі тап өкілдері. Оған қоса, көпшілігі билікте болмаған, яғни саяси амбициясын анық байқатпайды, артында тұрған қолдаушысы да шамалы. Сондықтан олар Ақордамен қоян-қолтық әріптес болуға келісті және бірнеше топқа бөлініп, ұсыныстарын жүйеледі әрі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында президент назарына ұсынды. Ал Президент үшін кеңес қоғамның әр тобының өкілімен жүздесіп, сұхбаттасып, байланыс орнатуға, көкейдегі базынасын тыңдауға және осы арқылы олардан қолдау табуға жақсы мүмкіндік болды. Қыркүйек айында өткен кеңестің алғашқы отырысында жала жабу туралы бап, жер, білім, зейнетақы, тіл мәселесі көтерілді. Ал желтоқсанның соңында өткен екінші отырыста митингіні ескертіп қана өткізу, сөз бостандығы, шетелдік жұмысшылар квотасының қысқаруы, көлеңкелі экономиканы азайту, партияны тіркеудегі жеңілдік, жер қатынасындағы ашықтық жайлы айтылды. Яғни, кеңес ішкі саясатта, экономикада, қоғамдық өмірде болып жатқан маңызды мәселелерге жауап іздеді. Бұл – өз уақытында жасалған қадам екені уақыт өте көріне бастады. Өкінішке қарай, бұл Парламенттің атқаратын функциясы еді, алайда заң шығарушы палата оны өз деңгейінде атқармаған соң бұл міндет Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ауысты.
Не түйдік? Биылғы билік транзиті – саяси жүйе үшін де, қоғам үшін де үлкен сынаққа айналды. Сын көп айтылғанымен, мемлекеттік қызмет аппараты өз міндетін толық атқарғандай. Саяси бағыт, сабақтастық сақталды. Бұдан бөлек, саяси жүйе қоғамның жаңа либералды талаптарына лезде жауап қайырып отырды. Әрекет ету стилі өзгерді. Яғни, митингілер жиілей бастады, Президент қоғамдағы түрлі белсенді азаматтарды қабылдады, Ұлттық кеңесте өткір мәселелер көтеріліп, оларды шешу бойынша тапсырмалар берілді. Себебі саяси ашықтық болмай нарықтық экономиканың дамуы тежелетінін барлығы түсіне бастады. Сондықтан Ата заңда жазылған базалық саяси құқықтан бастап күрделі саяси талаптар да ескерілді. Бұл қатардағы азаматтардың, қоғамның сұранысы еді. Ал олардың кешенді қолдауынсыз «Қуатты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүзеге асыру неғайбыл. Жалпы, демократиялық процестерді эволюциялық жолмен, кезең-кезеңімен іске асырса, біздің қоғам барлық игі өзгеріске дайын екен.