Күнтізбелік жылнаманы жабатын кез де келді. Әлемнің көптеген елінде жыл ішінде айтылған, есте қалған кілт сөздер мен ерекше пікірлерді таңдау арқылы сол жылды қорытындылайтын қызық дәстүр бар. Ол таңдау БАҚ-та жарияланған және энциклопедиялық сөздікке енген немесе әлеуметтік желіде таралған жаңа сөздер негізінде жасалады.
Мәселен, британдық Оксфорд сөздігі 2019 жылы ең көп қолданған сөз деп «климаттық төтенше жағдай» тіркесін таңдапты. Расында да, биыл климаттың өзгеруі, ғаламдық жылыну мәселесі ең көп қозғалған проблеманың бірі болды. 16 жастағы швед оқушысы Грета Тунберг БҰҰ-ның саммитінде экологиялық апат туралы сөз сөйлеп, әлем жұртшылығының назарын аударды. Осылайша климаттың ахуалы мектеп оқушыларының да негізгі тақырыбына айналды.
Ал америкалық Уэбстер сөздігі «олар» (they) есімдігін жыл сөзі деп таныса, Financial Times Гонконг қаласындағы наразы топтың ұранына айналған «Су бол» (Be water) сөзін жылдың үздігі деп жариялады. Орыс тілі институты «өрт» сөзін алыпты, сөз жоқ Сібір орманындағы алапат өрт биыл Ресей тұрғындарын алаңдатқан зауалдың алды болғаны анық.
Біздің ел үшін жаппай қолданған жыл сөзіміз қандай болғанын тап басып айту қиын. Себебі елімізде арнайы бір институт немесе энциклопедиялық сөздік жыл сөзін таңдаумен, анықтаумен айналыспайды. Тек әлеуметтік желі арқылы тараған, талқыланғанына қарап топшылауға тура келеді. Әлеуметтік желіде көп айтып, жиі жазған, үйде отырып елеңдескен сөзіміз, сірә «митинг» болса керек.
Дегенмен 2019 жылы шенеуніктердің аузынан аңдамай шығып кеткен, интернет арқылы жылдам тарап, талқыға түскен қисынды, қисынсыз сөздер жетерлік. Солардың есте қаларлық ерекшелерін түгендеп көрдік.
МӘДИНА ӘБІЛҚАСЫМОВА ЖӘНЕ
«АНА КАПИТАЛЫ»
Биыл қазақстандықтар бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың көпбалалы аналарға төленетін төлемдер туралы айтқан сөзіне наразы болды.
Әбілқасымова аталған қызметке бұрынғы министр «шаршап», елдегі әлеуметтік мәселе ушығып тұрған кезде келді. Ақпан айының басында елордадағы жеке тұрғын үй өртеніп, бір отбасының бес қызы жанып кетті. Шиеттей бес баланың ата-анасы түнгі ауысымда жұмыс істеп, балалар қараусыз қалған. Осы қайғылы оқиғадан кейін қазақстандықтар, әсіресе көпбалалы аналар министрдің отставкаға кетуін талап етіп, көп балалы отбасына мемлекеттік қолдауды күшейту қажетін сұраған. Мәдина Әбілқасымова әуелгіде өз атына келіп түскен барлық өтінішті қарауға уәде беріп, елдің ыңғайына жығыла сөйлегенімен, БАҚ өкілдері арқылы министрлік жұмысына түсіндірме жасап отырып, сәтсіз мәлімдеме жасады. Министр басқа елдерде «Күміс алқа» және «Алтын алқа» сияқты ұғымның жоғын айтып, «Басқа елдерде бұл іс жүзінде жоқ. Егер осы уақытқа дейін бөлініп келген ақшаны санасақ, бірнеше миллиондаған қаржы болар еді», – деді. Аңдамай сөйлеп, көпшіліктің сынына ұшыраған министр осылайша елдің әлеуметтік жағдайынан хабарсыз екенін білдірді. Абай атамыздың «Аз білгенін көпсінсе, көп қазаққа епсінсе, кімге тиер панасы?» дегені осындайда айтылса керек.
Айтқандай, жоғарыдағы ауыр қаза тұсында Мәдинаның орынбасары Светлана да сыр алдырғаны есте. Әлеуметтік мәселелер туралы өтіп жатқан брифингтің бірінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыповаға журналистер «Ата-аналар не себепті түнгі кезекшілікте жұмыс істеуі керек?» деген сауал қойған. Лауазымды тұлға «Бұл – олардың таңдауы» деп айтып қалды.
Ұзамай министр қызметінен кетті. М.Әбілқасымова жақында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы болып тағайындалды. Ал С.Жақыпова қызметінен жуырда ғана босатылды, қай қызметке барғаны айтылмады.
«ЖЫНЫМДЫ КЕЛТІРМЕҢІЗШІ»
Биыл журналистердің сұрағы ең көп «жынына» тиген шенеуніктің бірі – Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин болғандай. Ол тариф жайындағы сұраққа шамданып, дәл қазір басқа тақырыпқа сөйлегелі тұрғанын, тариф туралы білгісі келген журналиске арнайы келуін айтып, бар ашуын сыртқа шығарды. Жұманғариннің «жынымды келтірмеңізші» деген сөзі желіде желдей есті.
Дегенмен көп ұзамай вице-министр БАҚ өкілдерінен кешірім сұрап, баспасөз қызметі арқылы сәлем жолдады. Ведомствоның баспасөз хатшысы оның «Мен журналистермен қатты сөйлескеніме өкінемін. Менің сөйлесу формам қолайсыз болғанын мойындаймын. Сондықтан мен журналистерден ресми түрде кешірім сұраймын. Сұхбатта айтқанымдай, мен журналистердің сұрақтарына жауап беруге дайынмын», – деген сөзін жариялады.
«МЕМЛЕКЕТКЕ ТІЗЕРЛЕП ТҰРЫП
АЛҒЫС АЙТУ КЕРЕК»
Иә, Қазақстанда әлеуметтік тақырып туралы сөйлесе аузынан «қағынатын» шенеунік көп. Қыркүйектің 3-і күні Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божконың пікірі де сол тараптан шықты.
Божконың «елде үш жылдың ішінде әлеуметтік көмек 17 есе өскен, сол үшін мемлекетке тізерлеп алғыс айту керек» деген сөзі қоғамда қатты сынға ұшырады. Сол жолы В.Божко адамдар жұмыс істемей, «бәрін бер» деп шыға келетінін айтып, ондай адамды «стойлоға» (мал қорадағы орын) қоятын қоғам пікірі болу керек деп сөйлеген болатын. Мәжілісменнің сөзі елдің наразылығын тудырып, қоғам өкілдері оның халықтан кешірім сұрауын талап етті. Алайда Божко бұл сөзі үшін кешірім сұраған жоқ. Тек ешкімді ренжіткісі келмегенін айтып құтылды. «Менің сөздерім масылдық туралы болды. Мен мұнымен ешкімді ренжіткім келмеді», – деді ол.
Дайындаған Бауыржан БАЗАР