Өрттен қаза болған бес бала трагедиясына – 2 жыл: елде не өзгерді?
Өрттен қаза болған бес бала трагедиясына – 2 жыл: елде не өзгерді?
329
оқылды
Осы оқиғадан кейін көпбалалы әйелдер бірнеше мәрте бейбіт митингке шығып елдегі әлеуметтік жағдайды түзеуді талап етті. Қазақстанда резонанс тудырған бұл оқиға немен аяқталды, елдегі көпбалалы отбасылардың әлеуметтік проблемалары шешілді ме, не өзерді? Aikyn.kz шолу жасады.

Бірнеше шенеунік қатаң сөгіс алып, біреуі қызметінен босатылды

Сол кездегі Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысында төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Барат Дұзақбаевты қызметінен босатты. Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккерге және Нұр-Сұлтанның төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаевқа қатаң сөгіс жарияланды.
"Өрт қауіпсіздігі және оны болдырмау жұмысын тиісінше атқармағаны, бақылау жүргізбегені үшін ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Викторович Ильинге сөгіс жариялау туралы ұсынысты президент әкімшілігіне енгізуіңізді тапсырамын", – деді Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысында.
Алайды сөгіс сөз жүзінде ғана айтылды, Юрий Ильин 2020 жылы 11 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды. Өрттен кейін 17 күннен соң, 21 ақпанда сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бақытжан Сағынтаев басқарған Үкіметті отставкаға жіберді. "Көптеген заңдар мен үкіметтің шешімдері қабылданса да, экономикада оң өзгеріс болмады, мақсаттар орындалмады. Ішкі жалпы өнім тек шикізат есебінен өсіп жатыр. Үкімет пен ұлттық банк экономиканың өсуіне жағдай жасай алмады. Мемлекеттік бағдарламалар орындалғанымен негізгі бағыттар бойынша нақты нәтижеге қол жетпеді. Жұмыс орындары аз құрылып жатыр. Әсіресе, ауылдарда жұмыс орындары аз. Шағын және орта бизнес өскен жоқ. Шағын және орта бизнесті дамыту әкімдер мен министрлердің негізгі міндеті болған еді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдемесінде. Кейін Премьер-министр қызметіне Бақытжан Сағынтаевтың орынбасары болған Асқар Мамин (Үкіметті қазір де басқарып отыр) тағайындалды. Жаңа Үкіметте тек бес министр ауысты. Бес қыздың қазасынан кейін қоғам сынына ұшыраған Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова орнынан кетті. Оның орнына министрлікті басқаруға Бердібек Сапарбаев келді.

Ситерлер отбасы қазір өз үйінде тұрады

Жанымгүл мен Евгений Ситерлер балаларын асырау үшін тоғыз айлық сәбиі бола тұра екеуі де бірге еңбек етуге мәжбүр болған. Евгений ТҚКО-да моторшы болып істеген, ал Жанымгүл бөлшектеп өлшеуші (фасовщица) болып істеген екен. Көршілері таратқан ақпарат бойынша, көпбалалы отбасы өртеніп кеткен үйді жалға алып отырған және олардың төрт кредиті болған. Осыдан кейін әлеуметтік желіде тараған отбасының шотына халық ақша аударып жатты. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы қаралы отбасыға 13 миллион теңге аударатынын хабарлады. «Хазірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Мақсатбек Қайырғалиев 13,4 млн теңге жиналғанын, бұл қаржы Ситерлер отбасына табысталатынын айтқан. Ал Нұр-Сұлтанның бас имамы Наурызбай Өтпенов отбасыға үй алып беретіндерін жеткізген еді. Kaspi банк Ситерлер отбасының кредитін жауып берді. Мәдениет және спорт министрлігінің қызметкерлері отбасы шотына бір күндік жалақыларын аударды. Қайғылы оқиға өткеннен жарты жылдан кейін Жанымгүл мен Евгений Ситерлер жаңа үйінде экс-депутат, блогер Тәңірберген Бердоңғарға берген сұхбатында халықтан жиналған қаржы пәтер алған соң да артылып қалғанын айтты.
"Бір бөлігін депозитке салдық, балалардың жылын береміз. Содан соң көлік сатып алып, қалған бөлігін өз ісімізді ашуға жұмсадық. Қазір күйеуімнің өз техникалық қызмет көрсету орталығы бар. Екеуіміз де сонда жұмыс істейміз", – деді Жанымгүл Ситер блогерге берген сұхбатында.

Ситерлер отбасы сәбилі болды

Былтыр желтоқсанда Евгений және Жанымгүл Ситердің ұлы дүниеге келді. Бұл туралы блогер Тәңірберген Бердоңғар Facebook-те хабарлады.
"Жанымгүл жүкті болған кезде “көз тимесін” деп құпия ұстауды өтінді. Бүгін олардың үйіне қуаныш келді! Ұл дүниеге келді! Барша халық атынан құттықтап, ұлыңызға Жаратушының ықыласы тисін деп дұға етеміз! Бауы берік болсын!", – деп жазды Тәңірберген Бердоңғар.
 width=

Көпбалалы отбасылардың жағдайы түзелді ме?

Қайғылы оқиғадан кейін елде көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын түзеу талабы күшейді. Осыдан бір жыл бұрын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Біржан Нұрымбетов бес баланың қазасынан кейін көпбалалы отбасылардың проблемасы қалай шешіліп жатқанын айтты.
"Қыз балалардың қайтыс болуы өте ауыр жағдай. Жасырмау керек. Мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көзқарас өзгерді. Бір жылдың ішнде не өзгерді? Біріншіден, өткен жылдың бірінші сәуірінен бастап, атаулы әлеуметтік көмекті төлеу шарттары өзгерді. Себебі, кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 50%-і болса, оны 70%-ке дейін өсірді. Атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың саны 4,5-5 есеге көбейді. Оған бөлінген қаражаттың көлемі 7-8 есеге артты. Осылайша, халыққа көбірек көмек көрсетілді", – деді ол.
Біржан Нұрымбетов сөзінше, басқа министрлік тарапынан тұрғын үй мәселесі бойынша көпбалалы аналардың кезегі бөлек шығарылды.
"Біз олардан алған мәлімет бойынша, өткен жылы 8,5 мың көпбалалы ана пәтерге ие болды. Оның ішінде 1 мыңнан астамы демеушінің арқасында. Оған қосымша, жылдың соңында "Бақытты отбасы" деген жобаны тұрғын үй банкі енгізіп жатыр. Онда аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 2%-пен 20 жылға алғашқы салымы 10% көлемінде ипотека енгізді", – деді Біржан Нұрымбетов.
28 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының съезінде көпбалалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төленетінін мәлімдеді. Бірақ 21 мың теңге 2020 жылдың соңына дейін берілді. Жаңа жылдан бастап әлеуметтік көмекті төлеу шарттары өзгерді. Енді атаулы көмек кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы табысының айырмашылығы мөлшерінде төленеді. Оның мөлшері: 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан көп балаға – 74 388 теңге. Сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтылады.