Айыбын мойындамасқа амалы қалмады
Айыбын мойындамасқа амалы қалмады
247
оқылды

Жат жұртта құрықталып, елге мәжбүрлі түрде қайта­рылған банкир Жомарт Ертаев сотта өзіне тағылған айып­ты толық мойындады. Сот процесі қазіргі кезде Алматыда жүріп жатыр. Алдымен сотта айыптау актісі оқылды. Со­дан кейін сөз алған экс-банкир: «Айыбымды толық мо­йындаймын» деп мәлімдеді.

Жомарт Ертаевтың шала ісі ертегі желісіндегі «бір секірді құтылды, екі секірді құтылды, үшіншіде тұтылды» деген тәм­сіл­ге келеді. Ол 1,1 млрд доллар ұр­лады деген күдікпен 2009 жыл­ғы тамызда тұтқындалды. Бірақ айыптау бабы жеңіліне өзгертіліп, тоғыз ай отырғаннан кейін 250 АЕК немесе 378 мың теңге төлеп, бостандыққа шықты.

2013 жылы Альянс банк қар­жы полициясына шағым түсіріп, банк үшін мүлдем тиімсіз шарт­тармен және еш кепілзат талап етпей Ж.Ертаевқа үлкен көлемде несие бергені үшін бұрынғы топ-ме­неджерлеріне қатысты тергеу жүр­гізуді өтінген. 2014 жылғы та­мызда Ертаев негізгі қарызын және не­сие бойынша пайызды өтеуге банкке 2 миллион долларға жуық қар­жы­ны қайтарды. Бірақ оның мер­зі­мінде өтелмеген үш несиесі бар бо­лып шықты. Олар да кепіл­зат­пен қамтамасыз етілмеген.

2015 жылғы жазда Алматыда, «Алма ТВ» бас директоры жұ­мы­сын атқарған оны ұстауға мұз­дай қаруланған ведомствоаралық тергеу-жедел тобы шұғыл атта­нады. Алайда тергеушілердің сау ете қалғаны туралы күзеттен хабар алған Ж.Ертаев сыртқы есік арқылы қашып кетеді.

Қазақстан оның қылмыс­та­рын салмақтай келе, 2018 жылғы наурызда Жомарт Ертаевқа ха­лықаралық іздеу жариялады. Сол жылғы 8 мамырда Интерпол сұ­рауымен Ресей құқық қорғау органдары Мәскеуде оның қо­лына кісен салды: солтүстік көр­ші Ертаевтың РФ азаматтығын немесе босқын мәртебесін беру туралы сұрауын қанағаттан­дырмай, 2019 жылғы наурызда Қазақстанға жолдады.

Жомарт Ертаев 2002 жылдан 2007 жылға дейін «Альянс банкі» АҚ-ның басқарма төрағасы болды. Бұған дейін аталған қар­жылық ұйым «ЕртісБизнесБанк» деп аталды және ол онда 1998 жыл­дан бері басшылық қыз­мет­тер атқарған. 2007 жылы «Украи­наның кредиттік сауда банкі» орнына құрылған «БТА банкі» бөлімшесін басқаруға аттанды. Артынша бір жыл өтпей, «Еура­зиялық банктің» басқарма төра­ғасы болып, елге оралды. 2010 жы­­-лы Bank RBK АҚ директорлар кеңесінің кеңесшісі лауазымын иеленді. 2014 жылғы қарашада «Алма ТВ» бас директоры қыз­метіне қол жеткізген.

47 жастағы Ж.Ертаевтың алаяқтығына қатысты іс 700 том­нан тұрады. Сот процесі Алматы қаласының қылмыстық істер жө­ніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ғимаратында өтуде. Тараптардың дәлелдерін мұқият тыңдай келе, төрағалық етуші судья Роман Селицкий жақында үкім шығаруы тиіс.

Жомарт Ертаев өзге тұлға­лармен келісіп, RBK банкі­нен 144 млрд теңге ұрлауды ұйым­дастырды деп айыпталуда. Сот­талушылар орындығында оны­мен бірге 37 адам отыр.