Елірген езді ескерту тоқтата ма?
Елірген езді ескерту тоқтата ма?
296
оқылды

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде дүрбелең туғызған тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаға тарту ту­ра­лы заңдарға енгізілген жаңа түзетулерге қатысты түсініктеме берді. 2019 жыл­дың 11 айында нәзік болмыс ие­леріне қарсы жа­сал­ған 90 мың 868 қылмыс тіркеліпті. Соның ішінде ба­ли­ғатқа жетпеген 2 мың 97 қыз бала зорлық пен қы­сым көрген. 84 мың 135 қылмыс көшеде, қоғамдық орын­дарда болған. 950 әйел отбасында соққыға жығылған.

«Үйде әйелін ұрып үйренген залым көшеде кездейсоқ адамға, жұмыста әріптес әйелге қол кө­тереді. Өйткені оған ешкім тос­қауыл қоймайды», – деп ашы­нады әлеуметтік желіні пайда­ла­нушылар. «Не молчи» қозғалысы жаңа заңға ІІМ енгізген бірқатар түзетулерге наразы. Мысалы, за­йыбы мен перзенттеріне қия­нат көрсетіп, ұрып соғатын адам­дарға айыппұл жазасы алып тас­талды. Оның орнына ескерту енгізілген.

Бұл ретте «қауырт желілер» мереке күндері ерінен аяусыз таяқ жеген, басы жарылған, бірақ барар жер, басар тауы жоқ әйел­дердің құтқару туралы өтінішінің астында қалыпты. Ондай жағ­дайда елірген езді ескерту тоқтат­пасы анық.

ІІМ 2019 жылғы 27 желтоқ­санда отбасындағы ұрып-соғу, қорлау, балағаттау және ар-намысына тию үшін әкімшілік жазаны өзгерткен заңға қол қойылғанын растады.

– Енді жанжалдар үшін бұ­рынғыдай 3 емес, 5 тәулікке тұтқындалады (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабы). Яғни, жауапкершілік күшейтілді. Бұл жәбірленушілерді қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жасалды. Ал тән ауруына ұшыратқан, бiрақ ден­саулыққа жеңіл зиян келтiруге де соқтырмаған ұрып-соғу немесе өзге күш қолдану әрекеттерi үшін 20 тәулікке дейін әкімшілік қа­мақ өзгеріссіз қалды (кодекстің 73-1, 73-2 баптары). Рас, осы бап­тарда бұрын болған 10 АЕК көлеміндегі айыппұл алып тас­талып, ескерту жасаумен ауыс­тырылды. Оның қисыны бар. Себебі жанжалқор адам ол айып­пұлды бәрібір отбасылық бюд­жеттен төлейді. Салдарынан зайыбы мен балаларына нұқсан келеді, – деп түсіндірді Ішкі істер ведомствосы.

Министрлік ескерту жасау жазаның баламалы түрі екенін ескертеді. Егер отағасы (кей жағ­дайда отанасы) қайтадан жұбайы мен балаларын сабау үстінде ұс­талса, ескертумен құтылмайды. Сот үкімімен 20 тәулікке дейін те­мір торға қамалады. ІІМ ес­кер­ту жасау немесе бірден қа­маққа алу туралы шешім нақты іске байланысты қабылда­на­тынын айтады. Мысалы, қатын-баласын тұңғыш рет төмпештеп отырғаны анықталса (73-бап), ұрып-соғу кезінде жеңіл ғана жарақат тү­сірсе (73-1, 73-2 бап­тар) сот жа­уап­кершіліктен бо­сатуы ықти­мал. Бұл үшін азамат жұбайымен не жәбірленушімен татуласуы, келтірген шығынын өтеуі шарт.

ІІМ осы саладағы барлық істерді полиция бұдан былай тура сотқа жолдайтынын мәлім етті. Әйтпесе, бұған дейін оларды по­лиция өндірістің кез келген са­тысында «татуласты» деп тоқтата алатын.