Күмәндар тасқынына тойтарыс бергендей, қоғамдық кеңес нақты жемісін беруді бастады. Ең бастысы, биліктің бұқарамен ашық әңгімеге дайын екенін қоғам көрді. Қордаланған проблемаларды нақты білетінін және біліп қана қоймай жедел шешуге әзір екенін Мемлекет басшысы көрсете алды.
Президент Қ.Тоқаевтың 20 желтоқсанда өткен кеңесте сөйлеген сөзін қайталау артық болар. Дей тұрғанмен, Президент позициясының өзегін құрайтын негізгі сәттерін, саясат сахнасындағы адам ғана емес, қарапайым азамат ретінде көңілден шыққан тұстарын айтқым келеді.
Иә, замана көші алға тартып барады. Алақандай алаш түгілі дүрбелең көшкен төрткүл дүние өзгеріске толы. Адамзаттың шаруасы, мінезі, пиғылы басқа арнаға бет алғандай.
Жаңа уақыт жаңа ойын ережесін талап ететіні – заңдылық. Президент осыны меңзеді. Біздің қоғамның есейгенін мойындады.
Қалыптасу кезеңінде сол дәуірдің сұранысын қанағаттандырған нормалар дамудың жаңа кезеңінде басқаша қарастыруды талап етпек.
Осы орайда, «Пікірі сан алуан біртұтас ұлт» қағидасы шеру өткізуді хабарлау тәртібіне өту, Парламентке оппозицияның қажетін мойындау, квазимемлекеттік сектордағы кәсіпорындарды басқаруға азаматтық қоғам өкілдерін тарту тәрізді шешімдерге жетелейді. Саяси тәуекелдерге толы бұл шешімнің астарында бұқараның парасат-пайымына деген үлкен сенім жатыр деп таныдық. Ұлттық кеңестің құрылуы мен оның қазіргі жұмысын да осы қатарға қосуға болады.
Мәлімдеменің екінші маңызды тұсы – ғылыми-техникалық, оның ішінде цифрландыру саласындағы прогрестің себебінен тек қана Қазақстан емес, әлемнің жаңа мүмкіндіктер кезеңіне қадам басып жатқанын мойындау фактісі.
Техникалық прогресс бейне бір өткір пышақ секілді. Азық турауға арналған зат болғанымен, ол кісіні жаралап, майып қылуға да жарамды. Ал Мемлекет басшысының ұсынып отырғаны – мұндай мүмкіндікті биліктің бұқара алдындағы, сондай-ақ қоғамдық қатынастардың негізгі ойыншыларының өзара ашықтығы мен тазалығына қолдану.
Есеп комитетінің аудиторлық тексерісінің нәтижесін тұрақты жариялап отыруы, адами факторды азайту үшін жерді қашықтықтан бақылауды енгізу, бизнес субъектілері бойынша интеграцияланған ашық мәліметтер базасын құру, ірі транзакциялар үшін төлемді қолма-қол емес форматқа көшіру, қарапайым азаматтарға қолжетімді болатын сыртқы қарыздың бірегей реестрін қалыптастыру сияқты ұсыныстарды осылай түсіндім.
Бір қарағанда, бұл өзгерістер әртүрлі салаларға қатысты болып көрінгенімен, барлығының мәні бір – ол ХХІ ғасырдың техникалық мүмкіндіктерін қоғамның пайдасына қолдану. Яғни, «адал болғаннан артығы жоқ» немесе «түзу жүргенім тиімді» дейтін қағиданың қоғамда салтанат құруына әкелу.
Ашықтық жоғарыдан төменге де, төменнен жоғарыға да қатысты. Бұл жаңа мүмкіндіктерді қиял-ғажайып антиутопиялық тұжырымдарда айтылатындай, қатаң бақылау жүйесін құру үшін емес, бұқараның шын пайдасы үшін қолдануға жағдай жасайды.
Мемлекеттің шетелдік жұмыс берушілердің біздің азаматтарды кемсітуіне қатысты мәселелерді шешуге дайындығы да қуантады. Ең алдымен, бұл еңбекақы төлеудегі теңсіздік, сондай-ақ қарапайым тұрмыстық жағдай қалыптастыру мәселелеріне қатысты.
«Қарынның ашқанынан гөрі, қадірінің қашқанына» төзбейтін жұртты пиғылы бұзық күштердің арандатуына әкелмек. Әмбе, мемлекеттің араша түсуіне арқа сүйеген жұрттың асқақ сезімі ерекше жағдай десе болғандай.
Сонымен бірге шағын және орта бизнеске деген бұрылыс – өте құптарлық іс. Шағын және орта бизнес деструктивті күштердің «діттеген аудиториясы» емес, ол қоғамның ең белсенді бөлігі – мемлекеттің негізгі тірегі болуы тиіс. Ал бизнестің дамуы – биліктің «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөзді қымсынбай жалау етуіне мүмкіндік береді.
Қазақстан Президенті кеңес барысында көтерген маңызды мәселенің бірі – латын қарпіне көшу мен қазақ тілін реформалауға қатысты. Оңтайыма келетін мәселе болғандықтан, кеңірек тоқталсам.
Әрдайым Президенттің айрықша назарында тұрған дүние ол – мемлекеттік тілдің мәртебесі. Ширек ғасыр айтылып келгенімен, нәтижесі құлдырап бара жатқан бағытқа реформа болмай, көсегесі көгермек емес.
Мемлекеттік тілді біліктілік талаптарына сәйкес меңгерту жолындағы ғылыми-методикалық негізін қайта қарау, осы жолдағы орталықтардың жұмысының тиімділігін арттыру аса қажет дүниелер.
Тілді үйретудегі әлемдік озық методологияны үлгі ете отыра, әсіре көркемдіктен нақтылыққа, шұбалаңқылықтан ықшамдылыққа қол жеткізу жолындағы тиімді тәсіл табу, міне, осы жолда реформа керек.
«Қазтестегі» қасқырдың ұрғашысының атауын табуды талап еткен сұрақты күнделікті өмірдегі қажетті сұраққа алмастыру жолындағы реформа керек.
Қордаланған мәселе көп. Ол – ретін таппаған терминология, «балконды – қылтима, фонтанды –шаптырма» қылғысы келген пуризм (бәлкім, пуризм маскасын киген қаскөйлік болуы да мүмкін екен-ау), презентацияны – тұсаукесер деп ұтқыр, әдемі баламасын тапқан ғалымдарды қолдау.
Арасында қазақшасы кемдер пайдаланып, орысшасы кемдер онысын түсінбей қалатын халықаралық терминдерді аударғаннан тіл мәртебесінің көтеріле қойғаны шамалы. Сондай-ақ кеңестік кириллицадан мұра боп қалған орфография проблемасын да шешу қажет. Тек сонда ғана қазақ тілі сөзде емес, іс жүзінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтеріле алады. Бұл өте маңызды. Себебі тілдің мәртебесі көтерілгенде ғана әліппе реформасы мәнге ие.
Олай болмаса, латын қарпіне көшу ата-аналардың балаларын қазақ мектептерінен басқа мектептерге ауыстыруына алып келуі мүмкін. Президент осы себептен де «ақырын жүріп, анық басуды» меңзеді.
Сөз соңын Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік эстафетасын жаңа патриот буынға табыстауымыз керек» деген сөзімен түйіндейін.
Яғни, мақсат – айқын. Басы басталды. Ендеше, «ұрыста – тұрыс жоқ». Іске сәт, ағайын!