Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Қылмыстық кодекстің 130-бабы қылмыстық сипаттан арылатыны айтылды. Бұл жаңалыққа БАҚ өкілдері қатты қуанды. Себебі дәл осы бап 2014 жылы Қылмыстық кодекске енгізіліп, талқыланып жатқанда тәуелсіз БАҚ өкілдері дабыл қаққан. Олар аталған бап ой еркіндігі мен сөз бостандығына соққы болатынын айтып, Үндеу де жариялаған. Алайда журналистердің жан дауысы Парламенттің қалың қабырғасын «бұзып-жарып» өте алмады.
Кодексті өзгертуге қарсылар да болды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жасаған баяндамасында 130-бапты декриминализациялауға қарсылық танытқандардың болғанын айтып қалды. Кейбір қоғам мүшелері, тіпті құқық қорғаушылар бұл норманы сақтап қалу үшін барын салған. Олар, тіпті адам құқын, оның абыройы мен ар-намысын сақтау мәселесін қарсы аргумент ретінде ұсынған.
«130-бапты өзгерту мәселесінің өзіне ғана Ұлттық кеңес мүшелері мен меморгандар өкілдерінің қатысуымен бірнеше талқылау өтті. Осы норманы талқылау барысында бір шешім табудың қаншалықты күрделі екені анық байқалды. Барлық ұстанымды және бұл мәселенің ерекшелігін сараптау қорытындысы мен Қылмыстық кодекстің 130-бабын декриминализациялау және оны Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы шешім қабылдадым», – деді Президент.
Қазақстан Медиа Альянсының төрағасы Арманжан Байтасовтың пікірінше, Президенттің шешімі журналистік зерттеулердің қайта жандануына ықпал етеді.
«Журналист ретінде, медиа саласының қызметкері ретінде, Қазақстан Медиа Альянсының төрағасы ретінде, әрине осы баптың қылмыстық сипаттан алып тасталатыны қуантады. Өйткені сөз бостандығы, менің ойымша, мемлекеттің тұрақты дамуына ықпал етеді. Осы баптың декриминализациялануы журналистердің батыл жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Журналистік зерттеулер қайта шыға бастайды, журналистер сапалы материалдар дайындауға ұмтылады. Сосын біздің журналистерді де көп оқи бастайды. Сондықтан да 130-бапты қылмыстық сипаттан алып тастау туралы шешім өте маңызды болды деп санаймын», – дейді ол.
Ойланбай сөйлеп, опық жеп қалмаңыз
Сонымен, аталған бапты өзгертуге халық не үшін қуанды? Әуелі соған тоқталсақ, қолданыстағы Қылмыстық кодекстегі «Жала жабу» туралы 130-баптың 1-бөлімінде «Жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген. Аталған баптың 2-бөлімінде «Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп жазылса, 3-бөлімде «Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұласқан, сол сияқты ауыр зардаптарға әкеліп соққан іс-әрекеттер үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген болатын. Бұл 2015 жылы қабылданған, яғни бүгіндері қолданылып отырған норма.
Ал оған дейінгі Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» туралы 129-бабында «100 айлық есептiк көрсеткiштен 200 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады, не 120 сағаттан 180 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстары жазасы беріледі» және 130-бапта «1000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жазаланады, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығы шектеледі, не сол мерзімге қамауға алынады» делінген.
Көріп отырғанымыздай, екі норманың айырмасы жер мен көктей. Біріншіден, ескі кодексте «Жала жабу» туралы екі бап бөлімдерсіз болса, қолданыстағы кодексте де екі бап (130-бап, 131-бап) бар, алайда 130-баптың өзі үлкен үш бөлімнен тұрады. Қолданыстағы бап журналистің ғана емес, кез келген қазақстандықтың ой еркіндігі мен сөз бостандығын шектеуге жұмыс істеп тұр. Бұл демократия принциптеріне қайшы. Айтқандай, қолданыстағы заң күшіне енген соң Қазақстанның тиісті органдары БАҚ-пен бірге әлеуметтік желіні де қатаң бақылауға алды. Ойланбай жазылған бір сөз үшін соттау басталды. Мысалы, 2016 жылдың соңғы айларында ғана Солтүстік Қазақстан облысының 22 жастағы тұрғыны әлеуметтік желіде ұлтаралық шиеленіс тудырды деген күдікпен 3 жылға сотталса, осы облыстың тағы бір тұрғыны Қазақстанды Ресейге қайта қосу керек деген жазбасы үшін 5,5 жылға сотталды. Щучинск қаласының тұрғыны интернетте терроризмді насихаттағаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл, әрине алаңдатарлық мәселе еді. Оң-солын танып үлгермеген, сөздің байыбын ұға бермейтін балалар мен жасөспірімдер әлеуметтік желіде ойланбай жазған жазбасы үшін темір тордан бір-ақ шығуы мүмкін ғой.
Негізі, бұл норма әлі де қолданыста, сондықтан 130-бап жұмсарғанға дейін ойланбай сөйлеп, опық жеп жүрмеңіз.
Журналистер жауапкершіліктен қашқан емес
Сөз басында айтып өткеніміздей, атышулы 130-баптың қабылдануына қарсылық танытқан журналистер қауымы болды. 2014 жылдан бастап дабыл қаққан әріптестеріміз жала жабу мен тіл тигізгені үшін бас бостандығынан айыратын қауіп төнгендіктен, журналистік зерттеумен айналысуды доғарды деуге болады. Салдарынан елімізде журналистік зерттеу жанры жоғалды: бүгіндері жемқорлық оқиғалары, қылмыстық істерді зерттейтін журналистер жоқтың қасы. Барының өзі жемқорлықпен күресуші органның ресми дерегімен ғана шектеледі. Шындыққа жету үшін қадалған жерден қан алмай қоймайтын қасиет талантты журналистің бір қыры саналмай қалды, себебі індетіп зерттеудің соңы темір тордан бір-ақ шығаруы әбден мүмкін. Осылай деген елуден астам журналистің Үндеуі ескерусіз қалды, назарға алынбады. Сөйтіп, Қылмыстық кодекстің атышулы 130-бабы қабылданып кетті. Оған дейін жала жапқаны үшін айыппұл төлейтін журналистер енді 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын нормаға бағынуға мәжбүр болды. Әлі де мәжбүр, себебі, әлгінде айтылғандай,130-бап әзірге қылмыстық сипатынан арылған жоқ.
«Менің түсінгенім, 130-баптың барлық бөлімі декриминализацияланады. Бұған дейін Бас Прокуратураның былтыр күзде Парламентке кіргізген заң жобасында аталған баптың 1-бөлімін декриминализациялау туралы ғана айтылған еді. Біз үшін – БАҚ өкілдері үшін 130-баптың 2-бөлімі аса маңызды, себебі онда журналистердің жауапкершілігі туралы айтылады. Сондықтан 130-баптың толығымен декриминализация жасалғаны дұрыс. Бұл мәселені қоғамдық қауымдастық, БАҚ өкілдері он жылдан бері көтеріп келеді. Себебі, бұл норма журналистердің еркін пікір білдіруіне, журналистік зерттеу жүргізуіне кедергі болып тұр. Бұл бап бойынша журналист бас бостандығынан айырылмаған күннің өзінде, айыппұл төлесе де, оның сотталғаны сүйекке түскен таңбадай қала береді, – дейді Гүлмира Біржанова. – Біз алты жыл бұрын осы бапқа қарсы болғанда, бізді – журналистерді жауапкершіліктен қашып жатыр деп кінәлады. Шындығында, журналистер жауапкершіліктен қашпайды, іс-әрекеті үшін жауап бермейміз деген жоқ. Бар болғаны, жауапкершілік қылмыстық болмасын, әкімшілік болсын деді. Әрі-беріден соң әлем елдері алдында Қазақстанның адам құқы бойынша міндеттемелері бар, 2010 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еттік. Ал бұл ұйымның ең басты ұстанымы – адам құқын қорғау».
Заңгердің айтуынша, енді 130-бап Әкімшілік кодекске ауыстырылғанда, айыппұл көлемі қанша болады, жала жапқан, тіл тигізген журналистің жазасы қандай болады деген мәселеге назар аударуымыз керек. Себебі, журналистік зерттеу жүргізуге кедергі болып тұрған бапқа дауыс берген Парламенттің бесінші шақырылымындағы депутаттардың үштен бірі бүгінгі алтыншы шақырылымның да депутаты болып отыр. Кезінде өздері қатайтқан 130-бапты Президент шешімінен кейін қалай жұмсартар екен?..
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ