Генералдың өлімі: Иранның жауабы қандай болмақ?
Генералдың өлімі: Иранның жауабы қандай болмақ?
209
оқылды

АҚШ президенті Дональд Трамп­тың бұйрығымен Иранның «әл-Құдыс» күштерінің командирі, генерал Ка­сем Сулеймани өлтірілген соң әлем Иранның жауабын бақылап отыр. Бұл өңірде жаңа саяси, тіпті әскери дағдарыс басталғалы тұр. 1979 жылдан бері «кілем астында астыртын күрессе де», ашық қарсы­лыққа бармаған қос елдің арасында соғыс бастала ма? Әлде Тегеран террактілермен шектеле ме?

Генерал Касем Сулеймани тегін адам бол­маған еді. Оны Иранның ықпалын бүкіл Таяу Шығыста арттырып, онда бас қарсы­лас­тары – Сауд Арабиясы, Израиль және АҚШ-тың «қолын қысқартуға» тырысқан, Иранның осы өңірдегі сыртқы саясатының негізгі бағытын анық­таған, тіпті Ресей президенті В.Путинді Си­рия соғысына араласуға көндірген адам деп есептейді. Оған қоса, ол Иранның жоғарғы кө­семі аятолла Әли Хаменеидің оң қолы са­нал­ған. К.Сулеймани Таяу Шығыста шииттік елдердің одағын құруға ұмтылған генерал ретінде де мәлім болды. Сон­дықтан оны су­нит­тік мемлекеттік бас­шылары, АҚШ, Из­раиль өзінің бас қарсыластарының бірі сана­ды.

К.Сулеймани АҚШ-тың әуе ша­буылынан көз жұмған соң Иран басшылары кек қайта­ру­ға уәде берді. Оған бірнеше се­беп бар. Біріншіден, бұл елді ашық басыну. Беделді азама­­тын өлтіру. Екіншіден, К.Су­лей­­мани Иранда тым ықпалды, танымал тұлға еді. Діни қо­ғам биліктен «қанға – қан» прин­ци­пінің жүзеге асуын талап ете­ді. Үшіншіден, бұл жағдай Иран­ға бұған дейін Батыс ал­дын­да орындағысы келмеген шарт­тардан бас тартуға жақсы мүмкіндік. Қазірдің өзінде бұл ел ядролық келісімшарттан шы­ға­тынын мәлімдеді. Төртін­ші­ден, Иранның әскери барлау қыз­меті кекті сылтау етіп, жос­пар­дағы бірнеше шараларын жүзеге асырып, Таяу Шығыстағы ықпалын одан ары арттырып алуы ғажап емес.

Алайда АҚШ пен Иран арасында ашық соғыс басталуы мүмкін бе? Ауқымды қарулы қақ­­тығыстың басталуы неғай­был. Неге? Иран ондай қауіп­ті қадамға дайын емес. АҚШ армиясының қауқарын біледі. Мәселен, globalfirepower сай­ты­­­ның мәліметінше, АҚШ ар­мия­сы әлемде бірінші, Иран он төртінші. Бұдан бөлек, екі ел ар­миясының қаржыландыру көлемі жер мен көктей. Сток­го­льм бейбітшілікті зерттеу инс­титуты Иран армиясының бюд­же­ті 2018 жылы 13 млрд дол­лар көлемінде болды дейді. Ал АҚШ әскерінің шығыны 640 млрд доллардың шамасы. Яғни, парсы елінің әскери шығыны 49 есе аз. Бұл көрсеткіш ертең қарулы қақтығыс бола қалған жағдайда шешуші рөл атқаруы әбден мүмкін. Әскер саны жағынан да Америка басым. 1 млн 281 мың сарбазға ие. Ал Кир ұрпағының қарулы күштерінде 523 мың әс­кер бар. Бұл тек статистика. Ол кімнің басым екенін анық ай­шықтап тұр. Ал әскердің, мем­лекеттің стратегиялық ор­на­­­ласуын қарасақ, ол жағы­нан да Иран ұта қоймас. АҚШ-тың әскери базалары Иран­­ның барлық дерлік көрші елде­­рінде жағалай жайғасқан. Әрбі­­рінде кемі 2-3 мың сарбаз, тех­ника бар. Бұл жағынан Американың ұпайы түгел. Ал Иран­ның ар­мия­сы АҚШ-тың көршісі Мек­си­ка, Куба, Канада жерінде орна­лас­қан деп айта ал­­майсыз. Сон­дық­­­тан қанша қару­лы қарсылық бол­са да, ол Аме­­рика жеріне жет­пейді, соғыс­тың талабы – адами шығын әкелмейді. Бәрібір зардап шегетін Иран. Бұл жерде Таяу Шығыс теңіздерінде АҚШ-тың әскери крейсерлері жайлы сөз әлі көтерілмеді.  

Қысқасы, барлық көрсеткіш­терге қарасақ та, Тегеран Ва­шинг­­­тонға жол беріп тұр, тісін ба­ты­руы қиын. Сондықтан Иран­­­ның ашық соғысқа бел бай­ла­­уы қиын мәселе. Оның орнына түрлі қарулы топтар арқылы жа­­­рылыстар, әскери базалар мен елшіліктерге шабуылдар ұйым­­дастыруы мүмкін. Әрине, бұл Вашингтонға ірі қаржылық, әс­кери, техникалық шығын әкел­­­месе де, сес көрсетудің, кек­
қай­­­­­тарудың белгісі болуы мүм­кін.

Жалпы, К.Сулейманиға ша­буыл жасап, оның көзін жою жоспары 2006 жылдан ойлас­ты­рыл­ған деген мәлімет бар. Бірақ оған Дж.Буш та, Б.Обама да бар­мады. Д.Трамп бұл қа­дам­ға ша­буыл­дың әкелетін тәуе­келінен пайдасы көбірек екенін біле тұра барған сыңайлы. Себебі өзге елдің әскери гене­ра­лын ашықтан-ашық өлтіру Трампқа да асқан абы­рой бер­меді. Осы шешімі үшін оны өз елінде демократтар да, таны­­мал азаматтар да сынға алды. Тіпті, террактілер болмау үшін аятолла Әли Хаменеиден жария кешірім сұрағандар да бар. Ал Конгрестің өкілдер па­ла­­тасы Иран мәселесінде Трамп­­тың құзыретін шектеу бас­­тамасын көтерді. Дегенмен АҚШ прези­ден­ті келер жылғы сай­лау алдын­да осындай қауіпті қа­дамға баруының басқа да се­беп­­тері болуы мүмкін.

Жалпы, генерал Касем Су­лей­­­­манидың өлімі АҚШ пен Иран арасындағы көптеген ше­шіл­­меген мәселелер дипло­ма­тия­лық келіссөз арқылы тар­қауы мүм­кін деген болжамды көп­теген жыл­дарға кейін ысыр­ғаны анық.