Сал аурудың емін тапқан дәрігер
Сал аурудың емін тапқан дәрігер
1,048
оқылды

Әлемдегі алпауыт елдердің өзі сал ауруына келгенде дәрменсіз. Өйткені бұл дерттің «емі жоқ» деп әу баста ғалымдар кесіп айтқан.  Бірақ жігер мен ізденіс болса, мұны да жеңуге болады екен. Оны қызылордалық дәрігер Сәкен Темірқұлов дәлелдеп келеді.

Қызылорда қаласының тұрғыны Сәкен ағамыздың негізгі мамандығы – стоматолог. Қазіргі кәсібіне тағдыры айдап әкелді десе де болады. Тұла бойы тұңғышы Қанат туылғаннан айықпас дертке шалдығып, қатарластарымен қатар жарысып жүгірген жоқ. Бақытты кезең балалық шақта асыр сап ойнамаған баланы қамкөңіл ата-анасы шет елге дейін апарып, дертіне шипа іздеді. Тағдырдың жазуы шығар, 1988 жылы жеті жасқа қараған шағында Қанат дүниеден қайтты. Баласының қазасынан соң стоматолог дәрігер сал ауруын зерттеуге кіріседі. Барлық еңбектерде «емделмейді» деген сөзді көрсе де, қалайда бір жолы болу керек деген оймен үмітін үзбей ізденеді. Әр баланы аяққа тұрғызуды мақсат еткен оның ізденісі нәтижелі болып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Қанат» сауықтыру орталығын ашты. Өзі сол орталықтың директоры және реабилитолог дәрігері болып бастапқы жұмысын тоқсаныншы жылдардың аяғында бастапты. Бүгінде қаншама жанға үміт отын жағып, арбамен келген науқастарды аяққа тұрғызып жіберді. Тіпті «Қанат» орталығын іздеп, алыс-жақын шет елден де жие келетін көрінеді. «Сал ауруы – өте күрделі кесел болғанымен мұның да емі бар. Осы күні карантин уақыты болғандықтан орталықта 20-25 адам емделуде. Басым көпшілігі – балалар. Ем алуға еліміздің түкпір-түкпірінен бөлек, Ресей, Шешенстан, Грузия, Ингушетия, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан көп келеді. Таяу Шығыс пен Түркиядан да келетіндер бар. Америка, Македониядан да хабарласатындар бар.  Ондай науқастар үшін жататын жер мен аурухана бір болуы керек. Сол үшін орталығымызды кеңейтіп жатырмыз. Үш қабатты ғимараттың құрылысы 90 пайызға аяқталды. Мұны биыл толық іске қосуды жоспарлап отырмыз»  – дейді дәрігер. Жоғарыда айтқандай ұзақ жылдан бері сал ауруын емдеп келе жатқан Сәкен Темірқұлов Алматы медициналық институтын тіс дәрігері мамандығы бойынша тәмамдап, біраз жыл Сыр өңірінде тіс дәрігері болып еңбек етті. Ата-ана үшін баласының ауру болып тууы қасірет екенін бір кісідей білетін ол бұл істі алғаш үйінде отырып бастайды. Яғни, балаларды өзі жасаған құрылғылар арқылы үйден емдейді. Келушілер қатары көбейген соң өзге жерлерді жалға алып, жұмысын тоқтатпайды. Тынымсыз еңбегінің арқасында бүгінде 3 қабатты сауықтыру орталығын салуда. Ғимаратқа кіргенде қаз-қатар тізілген арбаларды көріп еріксіз көңілің түседі. Орталыққа енгендегі аура мүлдем бөлек. Өмірге құштар, үміттерін үзбеген қайсар балапандардың талпынысы ерекше әсер қалдырды. Бәрінің жанарынан «жүріп кетсем» деген ойды көреміз. Мұндағы сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуге арналған тірек аппараттарын өзі қолдан жасап шығарған. Айтуынша, аппараттардың әлемде аналогы жоқ. Науқастарды емдеу әдісін де өзі ойлап тапқан екен. сал ауруы
 «Карантинге дейін орталығымыз 60-65 науқасты қабылдады. Оларға арналған темір  құрылғыларды өзім жасадым. Күні бүгінге дейін 100-ге жуық құрылғыны жасадым, енді 150-ге жуығы қаражат тапшылығына байланысты тоқтап тұр. Біздің орталықтағы емдеу әдісі – өсіп келе жатқан баланың өз потенциалын қосу. Сал ауруында мидың қабықшасы болады, міне осы клеткалар жарақат алып қалады. Жарақаттың кесірінен миға оттегі жетіспей, қан құйылуы мүмкін. Жалпы сал ауруы науқастардың бәрінде туабітті болмайды. Кейбірінің ауруы кіндігі бұралып қалғаннан, туылғанда құлап қалғаннан болуы мүмкін. Келушілердің диагнозы ортақ болғанымен, әр науқасқа емдеу тәсілі жеке тағайындалады. Біздің жаттығу құрылғыларымыз арқылы бір түйір бұлшық еткен басқа бұлшық етпен қатынасын қосамыз. Сол кезде ғана баланың аяғынан тұрып жүруіне мүмкіндік болады. Бала толықтай жүріп кету үшін аурудың шамалы жеңіл түрі немесе баланың өзінің пысықтығы, ақыл-есінің, қабылдау деңгейінің жоғары болғаны керек», – деді ол.
Тағы бір айта кетерлігі, дәрігер бұрын балаларды ғана емдесе, бүгінде ол жасаған құрылғылар ересектердің де ем алуына мүмкіндік туғызуда. Оның ойлап тапқан аппараттарының үлгісі әлемде жоқ. Қарапайым темірден жасалса да бүлдіршіндердің аяққа тұрып, жүріп кетуіне үлкен септігін тигізіп отыр. Мұндағы емдеу ақысына да түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, 2-3 айлық емдеу курсы 380 мың теңгені құраса, анасы жоқ балаларға 50 мың теңге жеңілдек жасалған. Ал бір үйден екі-үш бала емделсе, бір баланың ғана емдеу ақысы төленеді екен. «Өзім аталған ауруды бастан өткерген ата-ана ретінде түсіністікпен қарауға тырысып, қолдан келгенше қаражат жағынан жеңілдіктер қарастырамын. Мұнда 3 жастан бастап қабылдай береміз. Бұған дейін ата-анасы мен дәрігерлер «мүлдем жүрмейді» деп күдер үзген балаларды 3-4 айда емдеп жібердік. Біздің орталықта Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданынан келген Беделхан есімді жігіт емделді. Өзі отбасылы, бір баланың әкесі. Құлағанға дейін дене мүшелері сау, шауып жүрген жігіт екен. Бізге алып келген кезде қол-аяғы мүлдем жұмыс істемей қалған еді.Миы түгелдей іске қосылмай қалған. Біз оны қайтадан жөнге келтірдік. Сол жігіт қазір жүріп кетті, жұмысын да істеп жүр. Өзіміздің Тереңөзек ауданынан да сондай диагнозбен емделген бала аяғына тік тұрды. Омыртқадан жарақат алғандар, жол апатынан зардап шеккен адамдар осында келіп еңсесін тіктеп жатыр. Осы кезге дейін бірнеше бала аяғынан тұрды. Мәселен, балаларда туабітті арқаның жарығы деген болады. Басына су жиналған, яғни гидроцефалия болып туылған балаларда омыртқалары дұрыс бітпей қалып, артынша жарық пайда болып жатады. Біз осындай диагнозбен келген бірнеше баланы аяққа тұрғыздық. Көптеген күрделі деген аурулардың өзін жазып, тұрғызып жіберуге болады», – дейді С.Темірқұлов. сал ауруы Сакен ағамызбен әңгіме барысында жаңадан бой көтерген зәулім орталықтың құрылыс жұмыстарымен де таныстық. Нысанның іргетасы осыдан 9 жыл бұрын қаланғанымен қаржы тапшылығына байланысты өз уақытында аяқталмай қалған көрінеді. Нысанды аралап көрген облыс әкімінің орынбасарлары бұл бастамаға қолдау көрсетілетінін айтқан. Орталықтың жаңа ғимаратында 200 емделушіге арналған 2 жаттығу залы, шеберхана, егу-емдеу бөлімі, ота жасау бөлмесі мен қысқы бақ орналасады. Сәкен ағамыз ота жасайтын зал іске қосылса, келген науқастарды тез аяққа тұрғызуға үлкен мүмкіндік туатының жеткізді. Сонымен бірге мұнда ульзибат әдісін енгізу де жоспарда бар. Ол үшін орталыққа Ресейден үздік хирург дәрігерлер шақыртылмақ. Сауықтыру орталығында қазір 14 маман еңбек етсе, жаңа нысан іске қосылған жағдайда 40 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. «Жаңа орталық ашылса штат бірлігі артып, іштегі қызметкерлердің қатары педиатр, терапевт, психолог сияқты мамандармен толығып, барлығы 40 адамға дейін жұмыс көзі ашылады. Дәл осындай орталық, осындай құрылғыларымен әлем бойынша жоқ. Өйткені бізге Америкадан, Македониядан хабарласып, сал ауруы бар балаларды әкеліп емдетуге ниет білдіріп жатыр. Себебі басқа мемлекетте жоқ. Мысалы ғасыр дертіне айналған остеохондроз, протрузия, омыртқа дискісінің жарығы ауруларын да емдеп жаздық» – деп, дәрігер әңгімесін одан әрі жалғады. Білікті реабилитологтың сөзінше біз өмір сүріп жатқан заман осындай аурулардың көбеюіне әкелуде. Себебі де белгілі. Қазір көп адамдардың физикалық қозғалысы аз болғандықтан осындай аурулар да шыға береді екен. Бірақ емделмейтін ауру деп шорт кескен дерттің өзін жазуға болатының Сәкен ағамыздың орталығына барып көзбен көрдік. Мұнда көп адамдар тұрып кетіп жатыр. Тұра алмаған күннің өзінде аяғына жан біткенін сезеді, еңбектей біледі, балдақпен жүре алатын халге жеткен. «Қызым Дариға екеуміз 2019 жылы Қызылордаға еңбектеп келгенбіз. Қызым өздігімен жүре алмайтын. Ем қабылдағаннан кейін қазір  Дариға аяққа тұрып, өздігімен жүріп, өзі отырып-тұра бастады. Салмақ қостық. Әуелі Алла, одан кейін осы Сәкен ағамыздың арқасында қазір жақсымыз. Өз көзімізбен көріп жүрміз қаншама бала аяққа тұрып кетіп жатыр» – дейді Қарағанды қаласынан келген 8 жасар емделушінің анасы Мөлдір. Қазіргі таңда орталықтан 4 мыңға жуық адам ем алды. Оның ішінде арбаға таңылған 1 мыңнан аса адам балдақпен жүре бастаса, балдаққа сүйенген 400-ден аса адам өз аяқтарына тұрып, біразы тіпті жүгіріп кеткен. Бүгінде дәрігердің емдеу орталығына еліміздің түкпір-түкпірінен, одан әрі ТМД елдерінен ағылып келуде. Асқынған сырқаттарына шипа тауып, алғыстарын жаудырып жатқан жандардың қарасы қалың. Алайда, Сәкен Темірқұлов “бұл – менің жеткен жетістіктерімнің басы ғана” дейді.  Ол болашақта Қазақстан реабилитациядан бүкіл әлем бойынша алдыңғы қатардан көрінуді армандайды.  Оның бұл біліктілігі мен біліміне, қабілеті мен жігеріне тәнті болған шетелдіктер кезінде «зәулім сарай салып береміз» деп, өздеріне тартқан көрінеді. Тіпті, Мәскеудің мықты дәрігерлерінің өзі Сәкен ағамызға лауазымды қызметтер ұсынған. Бірақ ол туған жерін тастап кетпейтінін кесіп айтқан. Жалпы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, реабилитация саласында үлкен нәтижеге қол жеткізген С.Темірқұловды білетін жұрт оны тынбай еңбектенген, табандылықпен табысқа жеткен тұлға деп таниды. Ал оның бұл жұмысы талай жасқа үлгі болары сөзсіз.

Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы