Таяу Шығыстағы шиеленістің Қазақстанға әсері: доллар 250 теңге бола ма?

Таяу Шығыстағы шиеленістің Қазақстанға әсері: доллар 250 теңге бола ма?

Біз ұлттық валютаның мүлдем күтпеген жағдайда нығайғанының куәсі болуымыз мүмкін – Денис Кривошеев.

«Таяу Шығыстағы шиеленіс одан әрмен ушығып, ол ауқымды қақтығыстарға алып келуі мүмкін, мұндайда «қара алтынның» бағасы күрт көтеріліп, тіпті 2006-2007 жылдардағыдай мұнайдың бір баррелінің құны 130 доллар болып шыға келуі әбден мүмкін», – деп болжайды экономикалық шолушы Денис Кривошеев zakon.kz тілшісіне берген сұқбатында.

Әлемдік экономикадағы АҚШ валютасының жағдайына, атап айтқанда долларды теңгеге шаққандағы бағамға келетін болсақ, Денис Кривошеев осы реттегі көптеген әлемдік сарапшылардың пікірімен келісетінін айтады. Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы жалғасатын болса, онда түптеп келгенде, бұдан осы мәселеден аулақ тұрған мұнай өндіруші елдер ұтады. Атап айтқанда, Ресей, Қазақстан, Әзірбайжан секілді мемлекеттер. Олардың валюталары қосымша қолдауға ие болады, сәйкесінше, олардың аумақтарында доллар тапшылығы біртіндеп жойылады.

– Егер қақтығыс ушығып, мұнайдың бір баррелі 100-120 долларға дейін жетсе, онда біз доллардың бағамы 250-270 теңге деңгейінде болады деп болжауымызға болады. Бірақ одан біз жақсы болып кетпейміз. Яғни, қазіргі экономикалық жағдайымызда теңгенің нығаюы экономиканың түбегейлі жақсаруына әкелмейді. Себебі бұл жағдайда біз тағы да сырттан үлкен мөлшерде доллармен табыс тауып, соған малданған мемлекет қайтадан кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасауда босаңси бастайды. Кейнсианизмге, яғни мемлекет өзі басшы әрі жұмыс беруші болатын экономикаға қайта ораламыз. Ал жеке капиталды дамыту мен қолдау кілт тоқтайды, – дейді Денис Кривошеев.