Мьянмадағы билік тағы да әскерилердің қолында
Мьянмадағы билік тағы да әскерилердің қолында
324
оқылды

Бұл елде 1962 жылы әскерилер төңкеріс жасап, билік басына келген еді. Осылайша, генерал Не Виннің 26 жылдық үстемдігі орнаған. Сол кезден бері әскерилер Мьянмада ерекше құқығы бар кастаға айналды. Ге­не­ралдар 2016 жылға дейін билік құрды. Тек 6 жыл бұрын Нобель сыйлығының лауреаты Аун Сан Сун Чжи бастаған партия сайлауда жеңіске жетіп, өзі мемлекеттің де-факто басшысы болды. Әс­керилер саяси аренадан толық ығыс­паса да, ықпалы кеміген. Бірақ биыл 1 ақпанда мьянмалық генералдар ел­де қайта төң­керіс жасап, бірнеше сая­саткерді құрықтап, тө­тенше жағдай жариялады. Арада 2 аптадай уақыт өтті. Жағдай өзгермеді.

­­­­Мьянмадағы саяси өзгеріске әлемнің ірі мемлекеттері түрліше жауап қатты. АҚШ, Британия, Еуроодақ саясаткерлерді лезде босатуды талап етсе, Қытай сая­си тұрақтылықты қамтамасыз етуге шақырды, ал Ресей тіпті асығыс баға бермеу қажет деді. Осы мәлімдемелерден-ақ жағ­дайдың бұлайша өзгеруіне қай елдер іштей риза екенін байқау қиын емес. Бір қызығы, төңкеріс болған 1 ақпанға дейін бұл елге Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу келіп кеткен. Ол сапар барысында Мьянманың бас қолбасшысы Мин Аун Хлайнмен кездесіп, бұл елге «Пан­­цирь С1» зениттік зымыран кешені мен «Орлан-10Е» ұш­қышсыз ұшатын аппараттарды сатуға келіскен. Ресей – Мьян­маға әскери техника жеткізетін негізгі елдің бірі. Аталған сапар мен төңкеріс уақытының жақын болуы сәйкестік пе, әлде олай емес пе, дөп басып айту қиын. Сонымен, Мьянмада Мин Аун Хлаин жетекшілік ететін әскери хунта барлық билік ор­ганын басып алды. Әлеу­меттік желілер бұғатталды, бай­ланыс үзілді. Ел президенті Вин Мьин, мемлекеттік кеңесші Аун Сан Сун Чжи, бірнеше министр үйқамақта. Алайда нақты қай жерде екені белгісіз. Көшелерде әскери патруль жүр, гене­рал­дардың билігіне қарсы шық­қан ереуілшілер полициямен бір­неше рет қақтығысты. Жа­рақат алғандар бар, бірақ жаппай қару қолдану фактісі болмаған. Елде 1 жылға төтенше жағдай жа­рия­ланғанын және одан кейін жаңа парламенттік сайлау өтетінін ар­мияның «Мьявадди» теле­арнасы хабарлады. Өзге мем­лекеттік арналардың жұмысы тоқтатылды. Генерал Мин Аун Хлайн неге мемлекеттік төңкеріс жасады? Жылдам жауап – билікті қолына қайтару үшін. Ал егер тарқатсақ, халық арасында әскерилердің беделі төмендеп кетті. Оны был­тыр 8 қарашада өткен соңғы пар­ламенттік сайлау дәлелдеді. Аун Сан Сун Чжи жетекшілік ететін «Демократия үшін ұлттық лига» партиясы парламенттегі 476 орынның 396-сын жеңіп алды. Бұл халық «Ханым» деп атап кеткен Аун Сан Сун Чжидің толық жеңісі еді. 1 ақпан күні сол сайлаудың нәтижесінде билікке келген парламенттің жаңа құра­мының алғашқы отырысы болуы тиіс еді. Алайда билік қолынан сусып бара жатқанын сезген ге­нералдар осындай опасыз қа­дам­ға барды. Олар неге осы ке­зеңді таңдады? Егер жаңа пар­ламент жұмысын бастаса, онда онсыз да Мьянмаға билік етіп отырған Аун Сан Сун Чжидың саяси позициясы нығайып, ол гене­ралдарды биліктен толық ысы­руы мүмкін еді. Себебі 65 жас­тағы бас қолбасшы, генерал Мин Аун Хлайн былтыр жазда қыз­метінен кетуі керек болған. Бірақ биліктің дәмін бір көрген по­гондылар одан айырылғысы келмейтіні, билік ресурстары үшін соңына дейін күресетіні айқын болды. Азиядағы ең кедей елдердің бірі Мьянма неге әлем қауым­дастығына маңызды? Бірін­шіден, соңғы 5 жылда билікте болған Аун Сан Сун Чжи 1991 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты. Сондай-ақ ол әске­рилердің қысымына, қудалауына ұшырап, 1989 және 2010 жылдар аралығында үйқамақта отырды. Осылайша, Аун Сан Сун Чжи демократияның, адам құқығы үшін күрестің символына айналды. 2015 жылғы сайлауда оның партиясы жеңіске жетіп, ол билік басына келді. Елдің сырт­қы істер министрі, мемлекеттік кеңесші (премьер-министрге тең қызмет) болып тағайындалды. Оның күйеуі британдық, бала­лары өзге ел азаматтары бол­ғандықтан, Аун Сан Сун Чжи Мьянма президенті атана ал­мады. Себебі бұл соңғы кон­ституциялық өзгерістерде көр­сетілген еді. Бәлкім, әскерилер оны билікке жақындатпау үшін осындай құқықтық шектеулер енгізген болар. Әрине, Батыс елдері Аун Сан Сун Чжиден көп өзгеріс күтті. Өйткені әскерилердің басқа­руында болған Мьянма оқшау­ланып, көп салада кейін қалған еді. Бірақ реформалар баяу жүр­ді. Ал 2016 жылы күзде Мьян­мадағы мұсылман рохинджа халқына қарсы жасалған қырғын оны адам құқығы үшін күрес­­керден геноцидті қолдаушыға айналдырды. Себебі ол геноцид барысында әскерилерді тоқ­татпады. Оған қоса, 2019 жылы Гаагадағы БҰҰ сотында аталған қырғын ісі қаралғанда өз елін қорғап, сөз сөйледі. Содан бері көптеген Батыс елдері «Ха­­­нымнан» теріс айналды деуге болады. Бірақ биылғы әскери төңкерістен соң оны босатуды талап етіп жатыр. Мьянмадағы төңкеріс бүгінде бір елдің ішкі мәселесі емес. Ірі державалар пайда көруге тырысады. АҚШ Азиядағы одақтастары арқылы Қытайды қоршауды көздеген еді. Осы жоспарда 2016 жылдан бері Мьянманың орны ерекше бола­тын. Үнді мұхитымен де, Қы­таймен де шектеседі. Бірақ Батыстың санкциясына ұшы­раған әскерилер енді өздері секілді авторитарлармен тіл та­бысары хақ. Жоғарыда Ресей­мен байланысы бекем екенін айттық. Көп өтпей Қытай да көмек қолын созып, келісімге келер. Ал Аун Сан Сун Чжи мен өзге де саясаткерлердің тағдыры әлі күнге белгісіз.

Әлихан ИСМАН