Құлтемір «әке-көкеге» көнбейді, оған айрықша ереже жүрмейді, параны қажетсінбейді. Жоғары технологияның ереже-заңның әр әрпін қатаң сақтайтын өз әділеттілігі бар. Алматыдағы «Сергек» камераларының жаңа жыл басталғалы, 8-ақ күн ішінде көшеде 42 миллион теңге айыппұл тіркеуі қоғамдағы тәртіптің жай-күйінен хабар береді.
Жол жүру ережелерінің бұзылуын тіркеуге арналған «Сергек» Алматы қаласында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап тәртіп бұзушыларға айыппұл салуға кірісті. Бір аптадан артық уақыт ішінде бұл жүйе жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін 2 564 рет аяқасты еткенін байқаған. Сол заңбұзушылық үшін автокөліктердің «тәртіпсіз» иелеріне 42 миллион 10 мың 397 теңге айыппұл салынды.
Жалпы алғанда, қала бойынша оның 400 аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылған.
Адами фактордан бір ерекшелігі – «Сергек» кешені қай іс-қимылдың заңбұзушылыққа жататынын өз бетінше айқындамайды: барлығы оның бағдарламасына жазылған. Тиісінше, бейнекамералар жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл көзіне өтіп кету, жол белгілері мен таңбаларының талабын сақтамау, көлікті тоқтату немесе тұраққа қою қағидаларын бұзу, сондай-ақ Bus line қоғамдық көлік жолағымен рұқсатсыз жүру секілді қайшы қарекеттерді тіркейді.
Бұл ретте Алатау бөктеріндегі әсем шаһарда жылдамдықты сағатына 10-20, 20-40 және 40 шақырымдық межеден арттыру – биылғы ең көп тіркеліп үлгерген заңбұзушылықтың бірі саналады. Жол қозғалысының кейбір қатысушылары жол белгілері мен таңбалары талаптарын елемеген.
Айыппұл ауыртпалығын арқаламау үшін полиция департаменті барлық жүргізушілерді мегаполис көшелерінде жол жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
2017 жылы Алматыда жол-көлік оқиғаларында 136 адам қаза тапқан. 2018 жылы тағы 133 адамның ажалы жол жүру ережелерін сақтамаудан болды. 2019 жылдың сәуірінде алғашқы аппараттық-бағдарламалық кешендер енгізілді. Алматы әкімшілік полициясының бастығы Жандос Мұратәлиевтің мәліметінше, былтырғы 8 ай бойы бейнебақылау арқасында айыппұлы жарты миллиард теңгеден асатын 45 мыңнан астам заңбұзушылық әшкереленіпті. Осы көрсеткіш «Сергекті» биыл толыққанды әрі жаппай қолданысқа беруге ықпал етіпті.
Алғаш рет 2017 жылы елордада тестілік режимде іске қосылды. Бір жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында ЖКО кезіндегі өлім-жітім 43 пайызға азайған: 2017 жылы 60 адам, ал 2018 жылы 34 адам жантәсілім етті.
«Сергек» жүргізушілердің жиі ашу-ызасын тудырады. Мысалы, Өскеменде ер адам оның бейнекамераларын скотч-желіммен жауып жатқан әрекеті үстінде ұсталды. Бірақ полицияның байламынша, бұл кешен «темір тұлпар» айдаушыларды тәртіпке келтіруге және ережелерді сақтауға тәрбиелеуі тиіс.
Елдос СЕНБАЙ