Clubhouse: жаңа әлеуметтік желіні кімдер қолдана алады?
Clubhouse: жаңа әлеуметтік желіні кімдер қолдана алады?
283
оқылды

Clubhouse деген не?

Clubhouse – жаңа әлеуметтік желі, тек аудиоға негізделген, онда сөйлеуге немесе тыңдауға болады. Желі клубтардан және бөлмелерден тұрады. Кез келген қолданушы белгілі бір тақырыпта әңгіме айтқысы келсе, көпшілікке арналған "бөлме" ашады. Оның жазылушылары ол туралы хабарлама алады. Әркім қалауы бойынша бөлмеге қосылып, тыңдайды немесе қолын көтеріп сөйлей алады. "Бөлмелер" ашық, жабық түрде өтеді немесе белгілі бір "клуб" мүшелеріне арналады. Қолданушы "бөлмелерде" үш рет пікірталас ұйымдастырғаннан кейін, өзінің тұрақты "клубын" құрауына болады. Клубты тіркеу үшін Clubhouse модераторлары мақұлдауы керек. Әркім өзіне қызық тақырыптағы "бөлмені" іздей алады немесе оның лентасынан шығуы мүмкін. Қолданушы желіге тіркелген кезінде қызығатын тақырыптарын көрсетеді. Сол кезде қолданушыға арналған "бөлмелер" лентаға шығады.  Әр "бөлмеге" 5 мыңға дейін адам қосыла алады. Қазір бұл әлеуметтік желі тек iOS құрылғыларына қолжетімді. Оның өзінде кез келген адам желіге тіркеліп, бірден кіріп кете алмайды. Ол үшін Clubhouse-ты қолданып жүрген қолданушы шақыруы керек. Біреу шақырғанға дейін қосымшасын AppStore-дан телефонға жүктеп, тіркеліп қоюға болады. Тіркелген кезде телефон нөмірі қажет. Телефонға келген арнайы кодты терген соң аты-жөніңізді сұрайды және логин құрастыру қажет. [caption id="attachment_111352" align="aligncenter" width="661"]clubhouse Скриншот: Meduza.io[/caption]

Кім ойлап тапты?

Clubhouse әлеуметтік желісін Пол Дэвисон мен Роган Сет америкалық Andreessen Horowitz қаржы компаниясының қолдауымен құрды. Олар Стэнфорт университетін бітірген, Google-да жұмыс істеген.  Clubhouse-қа дейін Пол Дэвисонның әлеуметтік желі ашудан тәжірибесі болады. Ол 2012 жылы қызығушылығы бірдей адамдардың бір-бірін тез тауып, оңай байланысуына арналған Highlight әлеуметтік қосымшасын ойлап тапты. Ол үшін қолданушылар Facebook-тегі аккаунтымен байланыстыруы керек болды. Highlight сәтсіз аяқталды. Пол Дэвисон мен Роган Сет 2020 жылы сәуірде достарының үйінде танысып, Clubhouse ашу туралы ойлайды. Сол айда қосымшаны іске қосады, бір айдан соң оның 1500 жазылушысы болды. Қазір АҚШ-та бұл әлеуметтік желі AppStore-дағы "әлеуметтік медиа" бөлімінде 7-ші орында тұр. Пол Дэвисонның айтуынша, қосымшаның биыл қаңтардың соңында 2 миллион белсенді қолданушысы болған. Тіркелгендердің жалпы саны - 3,6 миллион. Бұл әлеуметтік желінің аты тез таралды. Қаңтар айының соңғы аптасында 1,1 миллион қолданушы қосылған. Clubhouse негізін қалаушылар желіні іске қосқаннан үш айдан соң блог жазған. Онда олар жаңа қосымшаның эксклюзив болғанын қаламайтынын және оның толық нұсқасын шығаруға дайын емес екенін жазған. "Біріншіден, қолданушылар базасын бір түнде 10 есе көбейтудің орнына, оны баяу дамыту маңызды деп санаймыз. Бұл өнімнің бұзылмауын қамтамасыз етеді, ол дамыған сайын жүйені реттеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, біз кішкентай командамыз және көп қолданушымен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін функциялар толық құрылмады. Дәл қазір біз екеуіміз ғана жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен бірге бізде пернетақтада код теріп жатқанда секіретін төрт кішкентай баламыз бар", – деп жазған Пол Дэвисон мен Роган Сет .

Clubhouse-қа кімдер тіркелді?

Қазір жаңа желідегі "бөлмелер" мен "клубтардың" басым көпшілігі ағылшынша. Әзірлеушілер Кремний алқабынан шыққандықтан, желі туралы ақпарат әуелі алқапта тарала бастады. Сондықтан қолданушылардың көпшілігі IT, диджитал және тағы басқа салаларымен байланысты. Илон Маск (elonmusk), Марк Цукерберг (zuck23) – Facebook негізін қалаушы., Джек Дорси (jackjack) – Twitter және Square негізін қалаушы, Адам Моссери (mosseri) – Instagram жетекшісі, Опра Уинфри (owntv), Андрей Себрант (asebrant) – Яндекс маркетинг жөніндегі директоры, Тигран Худавердян-CEO Яндекс, Даниил Шулейко – "Яндекс.Такси" бас директоры, Лев Левиев (Lleviev) – ВКонтакте негізін қалаушы Дмитрий Гришин (grishin) – Mail Ru негізін қалаушы. Clubhouse-тың әлемге танылуына үлкен үлес қосқандар қатарында Tesla-ны шығарушы Илон Маск пен Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг те бар. Олар осы әлеуметтік желіге қосылғанын хабарлады. Илон Маск Clubhouse-та "бөлме" ашып, 5 мың адаммен сөйлескенін "Твитерде" жариялады. Жаңа әлеуметтік желінің ережесі бойынша аудионы жазып алуға тыйым салынған.

Ақнұр Шүкінжан, блогер, АҚШ студенті

[caption id="attachment_111326" align="alignleft" width="300"]Ақнұр Шүкінжан Ақнұр Шүкінжан. Фото жеке архивінен[/caption] Clubhouse басқа әлеуметтік желілерге ұқсамайды. Мысалы, Instagram-да тікелей эфир жүргізгенде басқалардың ойын тыңдай алмаймыз. Ал Clubhouse-та радио сияқты, әркім қалаған кезінде ойын айтады. Бір сәтте сөйлеп те, басқалардың ойын тыңдап та үлгеруге болады. 17 наурызда Америкада карантин басталды. Сол кезде адамдарға тірі қарым-қатынас жетпеді, бір-бірімен еркін ой бөлісе алмады. Бұл - желінің пайда болуына әсер еткен бірден бір себеп деп ойлаймын. Басқа желілерде видеозвонокпен сөйлесуге болады, бірақ онда адам саны шектеулі еді. Clubhouse-та 5 мың адамға дейін отыра алады. Бұл желінің Қазақстанға танымал болуына Илон Маск сияқты тұлғалардың әсері болды. Мен қазір Clubhouse-та күніне 1,5-2 сағатымды өткіземін. Өйткені онда бір кірсең шыға алмай қаласың. Әртүрлі тақырыпта талқылаулар болады, өз ойыңды да айта аласың. Тағы бір плюсі – танымал адамдармен араласу жеңілдеді. Танымал блогерге, тіпті бизнесменге қалаған сұрағыңды қойып, сол сәтте жауап ала аласың. Ал Instagram-да жазсаң, жауап алу қиын еді. Өкінішке қарай, жаңа желіге бәрі бірдей тіркеле алмай жатыр, арнайы шақырту алу қажет. Арнайы шақырту - маркетингтік қадамның бірі сияқты. Адамдар шақырту іздеп, қызыққан сайын сұраныс артады, басқаларды қызықтырады. Мысалы, Tiktok-ке бәрі ашық болғасын жаппай кірді, тіркелмей, шығып кеткендері қаншама. Clubhouse жабық болғасын, адамдар сұранысы да артты. Жақында Android-қа арналған нұсқасы шығады деп үміттенемін.

Тимур Бектұр, IT маман

[caption id="attachment_111343" align="alignleft" width="326"]Тимур Бектұр Тимур Бектұр. Фото: El.kz[/caption] Clubhouse-та текст, фото, видео, аудиохабарлама да жоқ. Whatsapp, Telegram-да асинхронды байланыс болса, жаңа әлеуметтік желіде синхрон байланыс бар. Яғни, Whatsapp, Telegram-да хаттарды оқығым келгенде оқимын, жауап бергім келген кезде жауап беремін. Ал Clubhouse-та бәрі тікелей эфирде, бір мезетте отырып, бір мезетте сөйлей алады. Жалпақ сөзбен айтқанда полицияның рациясы сияқты. Қажет кезде әңгімені бастауға болады, қаласа, әңгімеге қосыла алады. Ондағы аудио сақталмайды, адамдардың шын өмірдегі әңгімесін онлайнға апарып қойған. Басқа әлеуметтік желілерде біреумен жазған хабарламалар, видео, суреттер сақталады. Сондықтан адамдарда "бұл мәліметтер біреудің қолына түсіп қалмай ма" деген күмән болады. Ал Clubhouse -та ештеңе сақталмағандықтан ондай уайым болмайды. Әзірге халық арасында танымал желі болады дей алмаймын. Себебі Clubhouse-ты Android ұстайтындар қолдана алмайды. Қазақстанда Iphone-ға қарағанда Android пайдаланушыларының үлесі көп. Тіпті, Iphone-ы барлардың өзі шақыру арқылы кіре алады. Халық арасында танымал бола алмауының тағы бір себебі – желі ағылшынша, орысшасын байқамадым. Қазір онда ағылшынша білетін, ақпараттың ортасында жүрген, әлемдік тенденциядан хабары бар адамдар тіркеліп жатқан сияқты. Әлішер Елікбаев, Бейбіт Әлібеков, Ғаділбек Жанай, Айсана Әшім сияқты әлеуметтік желідегі, медидағы, шоу бизнестегі танымал адамдар қосылған. Солармен бірге олардың аудиториясы да жаңа желіге тіркеліп жатыр. Clubhouse қоғамдық талқылауда белсенді болып жүрген азаматтардың, прогрессив жастардың бас қосып, ойлары тоғысатын жерге айналып жатыр.