Шымкент қаласынан 30-40 шақырым қашықтықта Түркістан облысына қарасты аудандар бар. Төлеби, Сайрам, Ордабасы, Қазығұрт аудандары тұрғындарының жұмысқа жарамды 40 пайызға жуығы Шымкент қаласына келіп жұмыс істейді. Демек, үшінші мегаполис қоржынына салық төлеп, едәуір кіріс әкеліп отыр. Әсіресе, өндіріс орны жоқ Төлеби ауданы мен Шымкент қаласын жалғайтын жолда тыным жоқ. Таң алагеуімнен басталатын көлік қозғалысы түннің бір уағына дейін үзілмейді.
Тіпті төлебиліктер той-томалағын да үлкен қалада өткізгенді абырой көреді. Алайда облыс орталығы өзгеріп, Шымкент республикалық маңызға ие мәртебесін алғалы билік тарапынан жақын аудандарға бетбұрыс тоқтады. Ал, тұрғындарға бәрібір. Қай жерде болса да нәпақасын тауып жесе болғаны. Жолдағы көлік тоқтаған емес.
Айтайын дегеніміз, Төлеби ауданының тұрғындары қыркүйек айынан бері Шымкент қаласының кіреберісіне салынып жатқан көпірдің салдарынан 5 шақырым жолды жүріп өту үшін 10 шақырым айналып, жол азабын тартып келеді. Әрине, жол кең, тегіс болса 5 шақырым деген не тәйірі?! Өкініштісі де сол Шымкент индустриалды аймағына қарасты зауыттардың арасындағы тар жолда таң азанымен басталатын кептеліс түске дейін тоқтамай, кешкі қарбалас сәтте тағы жалғасады. Жұмыстан шаршап, үйіне қайтуға асығатын жұрттың жүйкесін тоздыратын бұл жайт жуық арада шешілмейтін сияқты. Жүздеген емес, мыңдаған адамды әуреге салып жатқан бұл көрініске үшінші мегаполис билігі бас қатырып отырған жоқ. Бәрінен бұрын алақандай аймақтың құрылысы бірнеше айға созылатыны таңдандырады. Тіпті, бүгінде ол жерде құрылыс жұмыстарының тоқтағанына да біршама уақыт болды.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәлімдеуінше, Леңгір тас жолындағы Сайрам су өзенінен өтетін апатты жағдайдағы көпірді қайта жаңғырту жұмыстарының мердігері «Корпорация Береке А» ЖШС. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны 413,64 млн теңгені құрайды. Алайда 2019 жылға 200 млн теңге бөлініп, қалған 64 млн теңгесі 2020 жылға қарастырылыпты. Құрылыс 2020 жылдың мамыр айында пайдалануға берілмек.
Сонда дейміз-ау, бар-жоғы алақандай аймақты жөндеу үшін халық сегіз жарым ай сергелдеңге түсу керек пе? Айналайын-ау, үшінші мегаполис болған алып шаһарға 64 млн теңге де жыр болғаны ма?
Сондай-ақ аймаққа аты мәлім, оңтүстіктің талай құрылысын жүргізген «Корпорация Береке А» ЖШС-нің осынша ақшасы болмай қалғаны тағы таңдандырады. Берілген ақшаны ғана игеріп қойып, бюджетке мойын созып отыра беретіндей қалтасы жұқа компания емес сияқты еді. Мұндайда «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген тәмсіл ойға оралады екен.
Ал зардапты күн сайын қалаға әуре-сарсаңмен келіп-кететін халық тартуда.
Жалпы, қалааралық және қала ішіндегі құрылыс жұмыстарының жүйесіз жүргізілетіні анық. Осындайда әншейінде шетелді мысалға келтіретін биліктің құрылыс жұмыстарына келгенде тұрғындарға зардабы тимейтіндей етіп ұйымдастыра алмайтыны қынжылтады.
P.S.
Ал Қытайда жол салушылар 48 сағаттың ішінде ескі көпірді бұзып жаңасын орнатқан. Олардың ұтқаны жаңасын әбден дайындап алып, ескісін бұзып орнына қоя салғаны болып тұр. Міне, нағыз халыққа жанашыр мамандар.
Назгүл НАЗАРБЕК
Шымкент қаласы