Сыбайлас жемқорлық дегеніңіз – түбі көрінбейтін бір шыңырау болды. Қоғамда ол жайлы ашық айтылып та, жазылып та, тіпті жекелеген тұлғалар әшкереленіп те келеді. Қалай дегенмен қоғамның ашық дертіне айналған бұл құбылыстың алдын алуда дәрменсіздігіміз ашық байқалады.
Атап айтқанда, өткен жылы Жамбыл облысында жемқорлық бойынша 18 қылмыстық іс тіркелген. 9 іс қаржыны жымқыру дерегі бойынша, 2-еуі алаяқтық, пара алу дерегі бойынша – 4 іс, ал қызметтік жалғандық жасау дерегімен – 3 іс анықталған. Бүгінде 14 іс сотқа жолданып, 26 тұлғаға айып тағайындалса, 8 тұлға сотталып тыныпты. Әсіресе, өңірде білім саласында жасалған құқықбұзушылық қылмыс едәуір өскен, оның ішінде мемлекеттік қаражатты жымқыру деректері тіпті жиілеп кеткен. Білім саласына бөлінген бюджеттік қаражатты жымқыру тәсілі мен масштабы (миллиондаған сомалар), сондай-ақ алдын ала келіскен адамдар тобымен жасауы қоғамда алаңдаушылық тудыруда. Саладағы қылмыстық құқықбұзушылықтар және басқа да заңбұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды анықтауда мамандар негізінен аудандық білім бөлімінің жылдық жалақы қорына бөлінетін бюджет қаржысының негізін, қаржыландыру жоспарының және мақсатты пайдалануын қайта қарап, үнемді пайдалануының тиісті іс-шараларын жүргізу қажетін алға тартады. Дегенмен білім мекемелерін басқарып отырған жауапты тұлғалардың жемқорлыққа жол беруі – олардың тікелей атқаратын функционалдық міндеттеріне салғырт қарайтынынан деп білуге болады. Мысалы, Шу ауданы әкімдігінің білім бөлімінің «Өнер мектебі» директорына қатысты пара алу дерегі қылмыстық іспен аяқталды. Ол өзінің басқаруындағы мектепке азаматты қосымша үйірме жетекшісі ретінде жұмысқа қабылдау үшін 150 мың теңге пара алған. Директор Шу аудандық сотының үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын, алайда өткен жылдың соңында апелляциялық сатыда аталған жаза 4,5 миллион теңге айыппұлға өзгертілді. Сондай-ақ облыс орталығынан шалғай жатқан Мойынқұм ауданындағы «Бөбек» балабақшасының меңгерушісі балабақша есепшотынан өзінің банктік карт-шотына жалақы ретінде жалпы сомасы 524 768 теңгені артығымен аударып келіп, бөтен мүлікті жымқырған. Мойынқұм аудандық сотының үкімімен оған 5 млн 247 мың 680 теңге айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалды. Және осы аудандағы «Балапан» балабақшасының меңгерушісі жеңіл жолмен пайда табуды көздеп, аталған балабақша есепшотынан жалпы сомасы 620 363 теңгені банктік карт-шоттарға заңсыз аудартып алу арқылы бөтен мүлікті жымқырған. Оған Мойынқұм аудандық сотының үкімімен 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал Мойынқұм ауылындағы балалар саз мектебінің директоры өзінің басқаруындағы мектептің қобыз пәні мұғалімінің сабақ сандарын қысқартпау үшін 50 мың теңге пара алған. Енді пара алған директорына Мойынқұм ауданы сотының үкімімен 1 миллион теңге айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалды. Тараз қаласының іргесіндегі Байзақ ауданы әкімдігі білім бөлімінің «Дәулет» балабақшасының меңгерушісі балабақшаға тәрбиешінің көмекшісі лауазымына жұмысқа орналастыру үшін 130 мың теңге пара алған. Оған да Байзақ ауданы сотының үкімімен 5,2 миллион теңге айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалды.
Иә, бәрін айт та, бірін айт, білдей білім мекемелерін басқарып отырған азаматтардың пара аламын деп бала-шағасының аузынан жырып, айыппұл төлегені өкінішті. Құлқыны тамақ тойдырар пұлға қызыққан жемқор отбасын ойлады ма екен? Өсіріп отырған ұл-қызының, жақындарының алдында енді қалай жүзі жарқын болар екен?
Жамбыл облысы