2020 жылдың 3 қаңтары. Халықаралық қауіпсіздік тарихында аталған күн Америка Құрама Штаттары үшін жеңіс, ал Иран Ислам Республикасы үшін қара әріппен жазылғалы тұр. Иранның сыртқы саясат және аймақтық қауіпсіздік архитекторларының бірі, иран халқының «ұлттық қаһарманы», ал қазір америкалық саясаттың «шаһиді» атанған Касем Сулеймани Бағдадта АҚШ Әскери әуе күштерінің мақсатталған соққысының құрбаны атанды.
Генерал Сулейманидің өлімі – ел ішінде бұрыннан бар антиамерикалық қозғалысты күшейтіп қана қоймай, өз кезегінде аймақтық дәрежедегі жаңа геосаяси архитектураны қалыптастыру жөніндегі бастамалардың катализаторы болды. Иран секілді аймақтық ойыншыны ашуландырудан кім ұтады? Ең басты сұрақ – кім ұтылады? Себебі ұту – тек моральдық жеңіс қана емес, ол сонымен қатар жаңа материалдық игіліктерге ие болу. Ал ұтылудың бағасы одан да қымбат. Аталған сұраққа жауап беру үшін 3 негізгі факторға назар аудару керек: 1.Аймақтық қауіпсіздік; 2.Энергетикалық қауіпсіздік белдеуі; 3. Өркениеттер қақтығысы.
Халықаралық қатынастар жүйесінде қауіпсіздік, экономикалық және сауда қатынастары, энергетикалық қамтамасыздандыру, гуманитарлық жобаларды жүзеге асыруда аймақтық державалардың алатын орны ерекше. Әлемдік экономиканың жетекші факторы – мұнай мен газдың молынан шоғырлануы, елдің негізгі транспорттық дәліздер ортасында орналасуы мен Парсы империясы қалыптастырған өркениеттің мұрагері атануы – Иран Ислам Республикасының Таяу Шығыс геосаяси кеңістігінде ерекше позициясын қалыптастырды. Ауғанстан, Ирак, Сирия секілді көршілермен шектесуі Иранның аймақтық қауіпсіздікте өзінің шииттік идеологиясын икемді түрде таратуға мүмкіндік берді. Ал Кувейт, Бахрейн, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман секілді Парсы шығанағы елдерімен ортақ шекараны бөлісу – сунниттік мұсылман елдерімен өзіндік қатынастар моделін орнатуға, Каспий теңізі арқылы Ресей Федерациясы, Түркіменстан, Қазақстан секілді елдермен прагматикалық принципке негізделген сауда қатынастарын қалыптастыруға негіз болды. Генерал Касем Сулейманидің Иран қауымдастығында ұлт қаһарманы деңгейіне жетуі де – аталған елдердегі ислам мемлекетінің жүргізіп отырған қуатты сыртқы саясатының жемісі болды. Сол себепті Сулейманидің өлімі – қатардағы жетекші әскери азаматтың өлімі емес, ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан аймақтық, кей жағдайларда жаһандық саясаттың негізгі ойыншыларының бірінің өлімі. Бір сөзбен айтқанда, Иран Ислам Республикасы өзінің негізгі мемлекет қайраткерінен айырылып отыр. АҚШ Президенті Дональд Трамп К.Сулейманидің көзі жою жөнінде өзінің бұйрығын бере отырып, халықаралық қауіпсіздік жүйесінде «пандора жәшігін» ашқалы тұрғанын білді ме екен?! Туиттерде жазған жазбаларына қарағанда ол туралы ойланбаған секілді. Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде домино эффектісінің де әсерін Америка президенті ескермеген сыңайлы. Иран ядролық бағдарламасы, ирандық биологиялық соғыс құралдары, жасырын қызмет ететін ирандық шииттік ұйымдар – әрқайсысы халықаралық қауіпсіздік жүйесін түбегейлі өзгертетін және кешенді зерттеуді қажет ететін келелі мәселелер. Ал бүгін біз бәріміз – Америка мен Иран басшылығының шешімдері эмоцияға негізделгенін байқадық. Ал реалистік теорияны ескерсек, ең қате шешімдер – эмоцияға негізделген шешімдер. Егер бүгін сезімге беріліп қадам жасасаң, салдарын ертең көресің. Нәтижесі екі елге емес, бірінші кезекте аймақтың ойыншыларына және энергетикалық байланыстармен қабысқан сауда әріптестеріне әсер етпек.
Табиғи ресурстар қоры бойынша Иран – әлемдегі маңызды ойыншы. Өте бай табиғи ресурстарға ие Иран аймақта әрі жаһандық аренада сауда көрсеткіштері бойынша ықпалды мемлекет. Ислам Республикасының 2015 жылдың шілдесінде Ядролық бағдарлама бойынша келісімге қол қоюы – ел экономикасының дамуынан бөлек оның үлкен әлеуеті бар екенін көрсетті. Иран экономикасына ең әуелгі қызығушылықты Франция мен Германия, Қытай мен Жапония, Түркия мен Ресей танытты, мұсылман елі Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аймағының елдеріне мұнай мен газды тасымалдай бастады. Аймақта экономикалық потенциал бойынша тек Сауд Арабиясы негізгі бәсекелес екендігі анықталды. 80 миллиондық Иран нарығы да көптеген елдер үшін қызығушылық тудыруда. Жаһандық энергетикалық кеңестің статистикалық ақпаратына сәйкес, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Иран мұнайының 35% экспорты Еуропа елдеріне, 64% Азия-Тынық мұхит аймағының елдеріне тиесілі. Бір сөзбен түйіндесек, Иран аймақтық және халықаралық дәрежеде энергетикалық қауіпсіздіктің кепілі. Одан өзге аймақтық дәрежеде энергетикалық қауіпсіздіктің белдеуі. Ормуз бұғазынан Парсы шығанағы елдері тауарларының қауіпсіз өтуі де – Иран тарапынан берілген қауіпсіздік кепілдігінің көрінісі екенін естен шығармаған дұрыс. Себебі аймақтағы АҚШ-тың негізгі әріптестері – Сауд Арабиясы, Бахрейн, Оман, Біріккен Араб Әмірліктері аталған бұғазды өз экономикаларының күретамыры деп бағалайды. Иранның радикалды сыртқы саясат жүргізуінен, аталған елдердің қорғанысы мен қауіпсіздігінен гөрі бірінші кезекте экономикасы мен саудасы құлдырайтыны анық. Сол себепті Иран мен АҚШ әкімшілігі тек превентивті шешімдер қабылдаудан аса алмас. Соғысатын екі ел, оның салдарынан көретін елдер саны одан да көп. Көп сарапшылар болжаған «үшінші дүниежүзілік» соғыс ешкімге қажет емес.
Иран Ислам Республикасының өркениеттік фактор шеңберінде алатын орны ерекше. Араб, түркі, моңғол, шииттік исламға негізделген парсылық династиялар бүгінгі Иранның өркениеттік діңгегі. Саяси құрылымы рухани арбитр – аятолланың сөзін қадірлейтін Иранның саяси ойлау пайымы – тарихи жадыдан сусындайды. Яғни, ғалым Сэмюэл Хантингтон зерделеген «өркениеттер қақтығысы» XXI ғасырда жаңа сипатқа ие болғалы отыр.
Тарих әр соғыс пен қақтығыстың жеңген және жеңілгендерін анықтауды жақсы көреді. Қазіргі жағдайды сараласақ, жеңілген тараптардың көбірек болатынын ескерген жөн. Себебі Иран қауіпсіздігі – жаһан қауіпсіздігінің синониміне айналып отыр.
Әлкей МАРҒҰЛАНҰЛЫ,
Қазақстанның
Тұңғыш Президенті –
Елбасы қоры атқарушы
директорының орынбасары