Америкадан «суық» хабар жетті. Standard & Poor's халықаралық рейтинг агенттігінің дерегінше, «Қазақстан мен Әзірбайжанға қатысты инвесторларда күмән-скептицизм артуда». Мұны қарапайым тілге көшіріп, ушықтыра ұсынған кейбір сарапшылар «инвесторлардың Қазақстанға көңілі суығанын» жариялауға асық. Шынында солай ма? Солай болса, бұл жаман ба?
S&P байламынша, тәуелсіздік алғалы бері отыз жылдай уақыт өткен шақта Қазақстан мен Әзірбайжан инвесторларды «бізге кел» деп қайтадан көндіруге және Каспий теңізіндегі жаңа мұнай жобаларының бәсекеге қабілетті екеніне сендіруге мәжбүр.
«Соңғы айлар бұл өңірдің тартымдылығының төмендегенін паш етті. 2019 жылғы қарашада Chevron Әзірбайжанның Azeri-Chirag-Deepwater Gunashli (ACG) басты мұнай кешеніндегі 9,6% үлесін сатып жіберді. ExxonMobil өзінің 7%-ын сатуға қойғысы келетінін мәлімдеді. Себебі қос компания да жанартас мұнайын (сланцевая нефть) өндіруге күш-жігерін шоғырландыруда. Каспийдегі ACG мұнай кен орындары тобындағы «қара алтын» өндірісі 2019 жылы 8%-ға құлдырады және қазір тіпті 2010 жылғы деңгейден шамамен үштен бірге төмен. Көрсеткіші тәулігіне небәрі 540 мың баррельді ғана құрайды» деп мәлім етті рейтинг агенттігі.
Қазақстанның мұнайы ақталмаған арман ба?
Бізді әрине елімізге қатысты тұжырым қызықтырады. S&P қазақ елінде мұнай өндірісі артып келе жатқанына назар аудартады.
– Бірақ нарық ойыншыларында жергілікті жобалардың құнына қатысты күмән көбейді. Мысалы, Chevron акционерлері «Теңіз кен орнын кеңейту» жобасы құнының 10 миллиард долларға қымбаттағаны, сонымен қатар жобаны іске қосу кешігетіні туралы хабарды жақтырмай қабылдады, – дейді агенттік.
Дегенмен ол республикамызда «қара алтын» шығару көлемінің жыл сайын өсуін «Қазақстанның артықшылығы» деп бағалады. Мысалы, 2023 жылы кезекті кеңейту жобасының инфрақұрылымы қолданысқа берілген соң, Теңіздегі өндіріс тәулігіне 900 мың баррельге жетпек.
Проблемадан көз ашпай келген Қашаған жобасында да «өндіріс сенімділігі нығайғанын паш ететін нышандар бар» көрінеді. Қашаған құны 55 миллиард долларға дейін шығандағанда, сарапшылар оны «саладағы жарға жыққан жобалар» қатарына қосқан екен. Ал енді бұл кен орнында мұнай өндіру таяуда тәулігіне 420 мың баррель межесін бағындырыпты және ары қарай өсіп барады.
Сонда S&P-ге жақпағаны не?
– Алайда Қазақстандағы шектеулер айқындала түсті. Олар стратегиялық деңгейде жүруде. Ресей мұнай тасымалында көршісіне салмақты бақылауын сақтап отыр. Қазақстандық «қара алтынды» экспорттау үшін Каспий түбі арқылы Әзірбайжанға мұнай құбырын тарту туралы кезінде танымал болған идея бүгінде жайына қалғандай. Қазақстан сол бұрынғыдай Ресейдің оңтүстігі арқылы Новороссийск теңіз айлағына дейін апаратын КТК құбырына қатты тәуелді, – дей келе Эс-энд-Пи сарапшылары «Қазақстан – ақталмаған үміт» деген тосын тұжырымға келеді.
Standard & Poor's халықаралық рейтинг агенттігі – бренді беделді, сөзі өтімді ұйым, алайда соңғы инстанция емес. Әр инвестор оның пікіріне құлақ асқанымен, ақырында Қазақстан экономикасына қаржы салу-салмау туралы тек жеке мүдделеріне сай шешім қабылдайды. Демек, ел Үкіметінің, инвестиция тартуға жауапты шенеуніктердің оларды қызықтыра білуге, жағдай жасауға күш салуы маңызды.
Қазіргі кезде Қазақстан кемеліне жеткен көптеген кен орындарында өндірісті жолға қою бағытында қадам жасап жатыр. Оның үстіне әлемде қазақ мұнайына сұраныс жоғары. Бұған қоса, дүниежүзінде Brent маркалы мұнай бағасы 70 доллардан асып кетті.
Әйтсе де, инвестор үшін жаһандық тартыс күшейді. Мұның сыртында геосаяси шиеленістердің өңірімізге көшірілуі, Каспий бойынша көршіміз Иран мен АҚШ арасында тайталас туындауы – инвесторлардың Қазақстанға келуіне кесірін тигізетінін ескерген жөн.
Ірі инфрақұрылымдық жобалар бойынша кеңесші болып жүрген отандық белгілі заңгер Ержан Есімханов жауапсыз билік өкілдерінің маңызды инвестжобаларды рәсуа ететінін, ал елге келген бірқатар инвесторларды қашырып алатынын айтады.
– Біздің меморгандарды бұрынғы жылдардағы мол инвестиция әбден бұзған. Шенеуніктер инвесторларға шекеден қарайды. Олар бас сұққан жүргізушілерге менменси қарайтын жол бойындағы дәмхана қызметкерлеріне ұқсайды: «Мынау кетіп қалса, келесісі келер» дейді. Сондықтан көзқарасын да өзгертпейді, ас мәзірін де жаңартпайды. Олар қазіргі заманда инвестиция дегеніміз – жай ақша толы шабадан емес, жоғары технологиялар, жаңа өндірістер, оқытылған мамандар екенін түсіне бермейді. Енді қараңыз: оның дәл қасында, қарсы бетте жаңа дәмхана ашылды делік. Ас мәзірі жаңа, тамағы жұғымды әрі дәмді, ал қожайындары жол бойына шығып, өткен-кеткен көліктерді ілтипатпен қонаққа шақырады. Жүргізушілер сонда қай дәмханаға көбірек кіреді? Осы сияқты, дәл іргемізде тұтынушылары ауқымды, нарығы үлкен Өзбекстан әлемге ашылуда, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, болып жатқан ірі әрі игі өзгерістер арқасында Өзбекстан The Economist нұсқасы бойынша «жыл мемлекеті» атанды. Заңгер шетелдік компанияларға бизнес жүргізуге көмектесу мақсатында өзбек еліне жыл бойы әр 2-3 ай сайын барып тұрғанын айтады. Соның барысында екі елдегі шенділердің инвесторға қалай қарайтынын салыстыруға мүмкіндік алыпты.
– Мысалы, қосарлама салық салу бойынша заңнамадағы кез келген қайшылықты қазақстандық салықшылар мемлекет пайдасына жатқызады. Салдарынан инвесторға аяусыз тап беріп, есепшотын бұғаттайды, айыппұл салады, қосымша салық есептейді. Ұқсас жағдайда өзбек салық органы не істейді? Қайшылықты жою үшін жаңа режимді сынақтан өткізеді, адал қызмет атқаратындарды ынталандырады, сөйтіп, жергілікті нарықты бірте-бірте өркениетті күйге келтіріп жатыр, – дейді Ержан Есімханов.
Жат инвестиция Пәкістанды күйзелтті
Ұлттық банк 2018 жылы сол кездегі Зерттеулер және статистика департаментіне қызықты тақырыпта зерттеу жүргізуге тапсырыс берді. Нәтижесінде, «Инвестициялардың Қазақстандағы экономикалық өсімге ықпалын эмпирикалық бағалау» атты зерттеу еңбегі әзірленді. Онда «шетелдік инвестициялардың зияны да бар» деген елең еткізерлік байлам келтірілген. Өйткені «шетелдік компаниялар жергілікті кәсіпорындармен қатал бәсекелестікке түседі және көп жағдайда оларды нарықтан ысырады».
Тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) озық технологиялардың ендірілуі, адами капиталдың дамуы арқасында экономикалық өсімге ықпал етеді. Бірақ бұл үшін қабылдаушы экономиканың техникалық өркендеу деңгейі жоғары және өз ауқаты өзіне жететіндей дәулетті болуы тиіс. Сонда шетелдік инвестиция жергілікті экономиканы өзіне тәуелді етпей, тек жүйеге кірпіш болып үйлесімді қаланады.
Осы орайда, Ұлттық банк доктор Наджиа Сакиб (Najia Saqib), Мариам Маснун (Maryam Masnoon) және Набил Рафиктің (Nabeel Rafique) Пәкістанның экономикалық өсіміне қатысты ауқымды зерттеуіне жүгіне отырып, ТШИ белгілі бір уақытта экономикалық өсімге кері ықпалын тигізе бастайтыны, ал ішкі инвестициялар, керісінше әрдайым оң әсер ететіні туралы түйін түйеді.
Мәселен, ҚХР ұзақ жылдан бері Пәкістанда кең ауқымды инвестициялық қызметін жүзеге асырып жатыр. Бұл мұсылман мемлекеті 2013 жылы «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық бастамасы жарияланғаннан көп бұрын Қытай инвестициясының басымдықты бағыты ретінде белгіленді. Осы кезеңде «Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізін» (ҚПЭД) салу шешімі қабылданды. 2010 жылғы желтоқсанда ҚХР премьері Вэнь Цзябаоның мемлекеттік сапары аясында 30 млрд инвестиция салған. Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің 2015 жылғы сәуірдегі сапары аясында 46 млрд доллар тұратын, бұрын-соңды болмаған инвесткелісімдер топтамасы бекітілді. Қытай осы елдегі 200 нысанның инвесторына айналды. Мысалы, Карачи ауданындағы Хуалун атом электр стансасына 6,5 млрд доллар инвестиция жұмсаған. Пәкістан тек 17% үлесін енгізе алды. ГЭС, көмір электр стансалары құрылысына ҚХР 37 млрд доллар қарыз берді.
Осынша мол ТШИ-дің теріс салдары да әшкереленуде. Қытайдың инвестициялық белсенділігі нәтижесінде жергілікті инвесторлар өте тиімді әрі перспективті жобалардан қағылған. Бұдан бөлек, ҚПЭД аумағындағы еркін экономикалық аймаққа Пәкістан бизнесінің кіре алмайтыны, Гвадар теңіз айлағына жіберілмейтіні белгілі болған.
Шетелдік ақпарат агенттіктері «ҚХР Пәкістанды дағдарысқа итермеледі» деп жазды. Себебі бұл ел Orange Line тұңғыш метросы және өзге де мегажобаларға алған ауқымды кредиттерін қайтаруға қауқарсыз күйге жеткен. Халықаралық валюта қорынан көмек сұрауға мәжбүр. Пәкістанның валюталық резервтерінен тек тақұл-тұқыл қалды.
Белгілі халықаралық экономист Йоханна Абуи (Yohannes Yilma Aboye) Эфиопияда зерттеулер жүргізе келе, ұзақмерзімді кезеңде шетелдік инвестициялар ішкі инвестицияны, яғни отандық бизнесті шектеп, шетке ысыратынын анықтаған.
ТШИ тартудан кім ұтады?
Ұлттық банктің аталған экономикалық зерттеуін жүргізген жетекші аналитик-маман Мөлдір Самат жатжұрттық инвесторларды негізінен нарықтар мен ресурстарға қол жеткізу ғана қызықтырады дейді.
– Бірінші кезекте ТШИ ресурсы бай салаларға бағытталады. Қазақстанда бұл – өнеркәсіп, соның ішінде мұнай және тау-кен өндіру. Тәуелсіздік алғалы бері барлық тікелей шетелдік инвестициялардың 70%-дан астамы дәл осы өнеркәсіпке шоғырланды. Ары қарай сауда мен құрылыс тұр. Барлық секторда ТШИ негізгі капиталды қорландырады. Алайда орта және ұзақмерзімді келешекте ол ішкі инвестициялардың теріс динамикасына соқтырады. Айталық, бюджет қаражатын айтпағанда, кәсіптік ғылыми-техникалық қызмет қазір шетелдік капиталға басыбайлы тәуелді. Ондағы отандық инвестиция көлемі құлдырады. Ал ғылыми-техникалық қызметке құйылған шетелдік инвестициялардың 90%-дан астамы тек қана геологиялық барлау мен зерттеуге бағытталады. Бұл «шетелдік инвесторлардың Қазақстандағы басты көздегені – шикізат ресурстарына қол жеткізу» деген байламды растайды, – дейді Мөлдір Самат.
2018 жылы елімізге салынған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 15,8% артып, 24 млрд долларға жетті. 2019 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша Қазақстанға 12,1 миллиард доллар ТШИ келді. Сөйтіп, алдыңғы жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда, 3,1% төмендеді.
Қазақстанның ең ірі инвесторы Нидерланд өз инвестициясын 8,6% кемітіп, былтыр 3,4 млрд доллармен шектелді. «Үштікке» сондай-ақ АҚШ (7 пайызға өсіріп, 2,9 млрд доллар құйды) және Швейцария (21,6 пайызға – 1,2 миллиардтан 1 миллиардқа кемітті) кіріп отыр. «Бестікте» Қытай (21,5 пайызға арттырды, 922,3 млн доллар) және Ресей (23,3 пайызға азайтты, 632,5 млн доллар) бар.
Қорыта айтқанда, халықаралық зерттеулер көрсеткендей, шетелдік инвестиция экономиканы қаржыландырудың негізгі көзі болмауы тиіс, басты рөлді ішкі инвестициялар атқаруы керек. Өз бизнесін көтере алмаған, оны экономикаға тірек болар деңгейге дейін дамытпаған мемлекет ТШИ тартудан ұтылмаса, ұтпайды. Ұлттық банктің зерттеуінде осындай байыпты байлам жасалған.