«Күлегештен» құтылмаймыз
«Күлегештен» құтылмаймыз
256
оқылды

Ата-аналар Білім және ғылым министріне шағыммен жүгінді. Олар оқулықтарды сынайды. Сондай-ақ балалар­дың білім деңгейін бағалауда күлегеш-өңтаңбалардан бас тартуды сұрайды. Азаматтар министрге балалардың сауат­сыз­дығының шынайы себеп­те­рін анықтап, сонымен нақты күресуді ұсынады.

4-сынып оқушысының анасы Әсел Еңсебаева «Білім беру жүйесі балалардың оқу үлгеріміне өте теріс ықпал етеді» дейді.

– Қазіргі балаларда озат болуға, сабақты жақсы оқуға еш ынта-ықылас жоқ. Себебі баға орнына өңтаңба жапсырады, мұғалім кей­де оқушы үздік жауап берсе де «смай­ли­гім бітіп қалды» деп ештеңе жап­­сырмайды. Үй тапсырмасын орын­да­ғаны үшін баға қойылмайды. Бала­ның үй жаттығуларын ұдайы орындауы жиынтық бағалауға еш ықпал етпейді. Оқулықтар да жете пы­сықталмаған, не сұрайтынын бала түгіл, ересек түсінбейді, – дей­ді ол.

Ә.Еңсебаеваның айтуынша, мек­теп­тердің проблемасы бастан асады. Мысалы, қазақ тілі, ағыл­шын тілі мұғалімдері жиі ауысады, сөйтіп, оқушылардың біліміне нұқ­сан келтіреді.

«Әсіресе, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, математика оқу­лық­тарында өтіп отырған жаңа тақы­рып туралы ақпарат өте аз, тақырып бойынша мысалдар сирек. Бұл ақпараттар үйде қайталап, санаға тоқи түсу үшін аса қажет. Нұр-Сұлтан қаласының өзінде кейбір мектептерде бір сыныпта 35-38 оқушы отырады. Мұғалімнің не айтып жатқаны шәкірттердің барлығына бірдей естілмейді. Бала қайдан жақсы білім алсын?» – дейді оқушының анасы.

БҒМ-ге алда басталатын «Бөлім бойынша жиынтық бағалауға» (СОР) қатысты сұрақтар түсуде. Ата-ана­лар онда баладан не сұра­рын білмей, бас қатыруда екен. Олар­дың біразы таяуда «қолда­ныс­тағы білім беру жүйесіне қарсы пети­­цияға қол қойғандарын» ескер­те­ді. Себебі мектеп лайықты білім бер­мегендіктен, репетитор жалдауға отбасылардың көбінің жағдайы келе бермейді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов азаматтардың шағымдарымен танысып шы­ғыпты.

Ол күлегеш-өңтаңбалардан бас тартпайтынын білдірді. БҒМ бас­шысының айтуынша, бала­лар сабақта бағалау орнына өз білі­мін жақсарту жөнінде сапалы ұсынымдар алады. Мысалы, көңіл­сіз өңтаңба – ары қарай талаптан, ал күлегеш – білімің өте жақсы деген сияқты.  

– Бұл тек оқушыға ғана емес, ата-анаға да маңызды. Ол осы арқылы баласының оқудағы ілгерілеуін қадағалай алады. Күн сайынғы оқу жетістіктері жиынтық бағалауға еш әсер етпейді деген де дұрыс емес, сол арқылы бала қорытынды сынақ тапсыру жолында кезең-кезеңмен білімін қордалайды, – деді Асхат Аймағамбетов.

Ол «бөлім бойынша жиынтық бағалау» (СОР) және «тоқсандық жиын­тық бағалау» (СОЧ) сұрақ­та­рын мұғалім өз бетінше қалып­тас­тыруға тиіс екенін мәлімдеді. Бұл ретте ол сұрақтар «өтілген мате­риал­дан ауытқып кетпеуге» тиіс көрінеді.

Ал білім ордаларында қазақ және ағылшын тілдері мұғалімдерінің тұрақтамайтынына қатысты пікір білдірген БҒМ басшысы «Білім туралы» заңына сәйкес, әр мек­теп­тің әкімшілігі кадрды дербес ірік­теп, жұмысқа алатынына сілтеме жаса­ды. Сондықтан ата-аналар педа­гог­тердің білім деңгейіне шағы­мын жергілікті білім беру бас­қар­­масына бағыттағаны жөн.