Forbes Next тізіміне енген 27 жастағы қазақстандық кім?
Forbes Next тізіміне енген 27 жастағы қазақстандық кім?
344
оқылды
Forbes бұл тізімді Мэйн-стритке теңеп, олардың Американы басқаратынын жазған. Forbes Next 1000 оларды қолдау мақсатында құрылған. Қазір бірінші санаттағы 250 кәсіпкердің тізімі жарияланды. Олар табысы 10 миллионнан аспайтын жеке кәсіпкерлер, өзін қаржыландыратын дүкендер иесі және АҚШ-тың барлық өңіріндегі стартаперлер. Тізім жыл соңына дейін мыңға толығады. Қазір де номинацияға өтініш тастауға болады. Өтініштерді жетекші бизнесмендер мен танымал кәсіпкерлер қарайды. АҚШ-тың беткеұстар, бірінші санаттағы 250 кәсіпкерінің қатарына қазақстандық Элисар Нұрмағамбетов те енді. Ол Aikyn.kz-ке өмірі мен Америкадағы кәсібі туралы айтып берді.

Элисар Нұрмағамбетов кім?

Forbes Next 1000 тізімі шыққанда көптеген қазақстандық БАҚ Элисар Нұрмағамбетовті Қазақстанның тумасы деп жазды. Алайда, өзінің айтуынша, ол әлі де Қазақстан азаматы және басқа елдің азаматтығын алу жоспарында жоқ. Ол - Consilienz компаниясының негізін қалаушылардың бірі. Огайо штатында тұрады. Бизнесмен Қазақстандағы оқуын тастап, АҚШ-қа кетуінің себебін де түсіндірді. "Алматыда дүниеге келдім. Отбасымда анам мен қарындасым бар. Анам - дәрігер, қарындасым бал биімен айналысады. Олар қазір Қазақстанда. Отбасымды, елімді жақсы көремін, бәрін сағындым. Алматыдағы №105 гимназиясында оқыдым. Мектептен кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1 семестр оқып, АҚШ-қа оқуға кеттім. Ол жақтан біліп алып, көп тәжірибе жинап, Қазақстанға пайдам тиетін, сапалы, бағалы маман болып келгім келді. Менің Америкаға кетуіме басты себеп - осы. Ол жақта өмір бойы қалу туралы мүлде жоспарда болмады, қазір де ондай ой жоқ", - дейді Элисар Нұрмағамбетов. Сонымен бірге өзінің бойдақ екенін және тек қазақстандық қызға үйленетінін айтты. "АҚШ-та оқып жүріп, Франциядағы мемлекеттік Гренобль университетіне ауыстым. Онда құқықтану, экономика және бизнесті басқарудың бакалавр дәрежесін алдым", - дейді ол.

Америкада жеке бизнесін қалай ашты?

Элисар Нұрмағамбетов Forbes Next 1000 тізіміне Consilienz компаниясының басшысы, әрі негізін қалаушы ретінде енген. Оған бұл бизнесін бастау идеясы Кремний алқыбындағы компаниялардың бірінде жұмыс істеп жүргенде келген. "Оқу бітірген соң көптеген компанияда тәжірибе жинап, маркетинг, энергетика, білім және технология салаларында жұмыс істеп, өзімді әр салада сынап көрдім. Кейінгі қызметім - Кремний алқыбындағы Plug and Play техника орталығында жұмыс істеп жүріп, жеке бизнес ашуды ойладым", - дейді ол. Consilienz бағдарламалық жасақтама жүйесі нарықта 2019 жылдың қыркүйегінде пайда болды. Оның деректер базасы арқылы құқық қорғау органдары, қаржы институттары, корпорациялар мен мемлекеттік органдар ақшаны жылыстату, алаяқтық, адам саудасы және заңсыз транзакциялар мен қаржылық қылмыстарды анықтайды. "Мен жай ғана идеямды сипаттап айттым, достарымнан барлығына таратуын өтіндім. Идея тарала бастады, көбіне ұнады. Менің зерттеуімді алғашқы болып қолдап, идеяма қызыққандардың бірі Әмір Сундерджи болды. Әмір Танзанияның тумасы, қазір АҚШ азаматы. Ол - қаржы қатерін басқару бойынша әлемдегі жетекші мамандардың бірі. Consilienz-ке дейін HSBC, Mercedes Benz, Fiserv компанияларында басшылық қызмет атқарған. Сонымен бірге банк төлемдері саласындағы Cashedge компаниясының негізін қалаушылардың бірі болды. Біз бірге компания ашуды шештік. Сөйтіп бірнеше айдан кейін Consilienz-ті іске қостық", - дейді бизнесмен.

Consilienz қалай жұмыс істейді?

"COVID-19 пандемиясы басталған кезде Дональд Трамп әлеуметтік көмек пакеті туралы заңға қол қойды. Осы пакет аясында нарыққа 2,2 триллион доллар қолма-қол ақша шығарылды. Осы кезде мемлекет пен қаржы институттарына үлкен жүктеме түсті. Өйткені бұл ақшаға көз тігіп отырғандар көп. Олардың арасында алаяқтар, картельдер, террористік ұйымдар мен адам саудагерлері де бар. Бұл үлкен қатер тудырады. Тиісті органдарға осы қауіптерді анықтауға және тергеуге көмектесетін жүйе қажет болды. Біз сол жүйеге айналдық", - дейді жас кәсіпкер. Consilienz бағдарламасы деректерді жедел жинаудың көмегімен жұмыс істейді. Жас кәсіпкердің айтуынша, жүйе адам туралы ғана емес, сонымен қатар компания, машина, кеме мен ұшақ туралы деректерді жинай алады. Жиналған деректер жалпы профильге біріктіріліп, осылайша жасырын байланыстар мен қылмыстарды ашады екен. "Жүйе көптеген банкке, корпорацияларға, сақтандыру компанияларына қызық болды, өйткені біздің тәсіліміз қазіргі нарық үшін өте қолайлы. Қазір компания АҚШ пен Латын Америкасында белсенді дамып жатыр. Сонымен бірге Ұлыбритания, Сингапур және Австралия елдерімен серіктестік талқыланып жатыр. Қазақстанда да біздің серіктестеріміз бар, бірақ әлі дами қоймады және жаңа жобалар бойынша да серіктестікті талқылаймыз", - деді Consilienz негізін қалаушы.

Адам саудасын тергеу ұйымына қалай мүше болды?

Элисар Нұрмағамбетов - Anti-Human Trafficking Intelligence Initiative (Адам саудасын тергеу ұйымы) қамқоршылық кеңесінің барлау технологиясы саласындағы маманы. "Әртүрлі жобаларда жыныстық құлдық мәселесіне кезігіп, оны технология көмегімен шешуге тырыстым. Сондықтан мені қамқоршылар кеңесіне тәжірибемді бөлісуге және осы ұйымды басқаруға, дамытуға көмектесуге шақырды. Бүгінгі таңда біз осы саладағы көшбасшылардың біріміз және қаржы секторымен, корпорациялармен және арнайы қызметтермен тығыз жұмыс істейміз", - дейді ол.

Жас кәсіпкер болашаққа жоспарын айтты

Мен болашақта Қазақстанға қайтамын. Себебі елімді, адамдарын сүйемін, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, мейірімді адамдарын қатты сағындым. Олардың орнын ешкім де, ештеңе де алмастыра алмайды. Маған АҚШ азаматтығын алуды ұсынды, бірақ басқа елдің азаматтығын алу жоспарымда жоқ. Қазір бизнесімді дамытуды жалғастыра беремін және болашақта АҚШ-та жинаған білімімді, тәжірибемді және имиджімді Қазақстанның дамуына жұмсағым келеді. Мен осы күнге жету үшін көптеген қиындықтан өттім, көп қате жібердім және содан көп сабақ алдым. Тәжірибемді келешегі зор қазақстандық жобаларға бөліскім келеді.