Қазақстанда заң қабылдау тәжірибесіне өзгеріс енгізіледі: енді жаңа заңдар 60 күндік өзіндік бір «карантиннен» өтпек. Нақтылай кетсек, егер заң азаматтарға немесе бизнеске жаңа міндеттер жүктейтін болса, ол толыққанды күшіне енуі үшін кем дегенде екі ай немесе 60 күнге созылатын арнайы «өтпелі кезең» белгіленуі керек. Бұл уақыт ел енгізілген өзгерістердің мәнін түсініп, асықпай өз жұмыстарын жоспарлау үшін беріледі. Мұндай өзгерістер Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Сенат отырысында мақұлданды.
Бұл жаңалықтар сенаторлар қабылдаған және Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілген заңда көрсетіліп отыр. Заң қабылданғаннан кейін кез келген азаматтың заң жобаларын талқылауға қатысуына мүмкіндігі болады, ал заңдардың өзі сапалы болады деп күтілуде. – Осы құжат қоғамның заң шығару процесіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін қосымша құқықтық негіздер қалыптастырады. Сондай-ақ онда әзірленетін заңдардың сапасын арттыруға, олар бойынша жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және қабылданған заңдардың орындалуын бақылауға арналған тетіктер анықталады, – деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев. Ең бастысы, азаматтар заң жобаларын талқылауға оны құрудың алғашқы кезеңдерінде қатыса алады. Ол үшін заң жобасының тұжырымдамасын дайындаудың алдында құжаттарды әзірлеу кезеңі енгізілген. Бұл кезеңде қоғам өкілдері, сарапшылар мен заң жобасы бастамашыларының бірлескен жұмысынан кейін проблемалар мен оларды шешу жолдарын сипаттайтын құжат жасалады, ал ол заң жобасының негізіне айналады. Сенаторлар жалпы отырыста талқылай келе, уран туралы заңды Мәжіліске қайтарды. Уран кен орындарын игерушілер бұдан былай заң жүзінде өз жұмысының зардаптарын жою жоспарларын алдын ала ойластыруға міндетті болады. – Уран – стратегиялық шикізат және оны өндіретін қорларды есепке алу еліміздің отын-энергетикалық кешенін дамытуды белгілейді. Енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттағы міндеттемелерді орындау сапасын арттыруға және уран өндіру жөніндегі жобалау құжаттары туралы ережені жетілдіруге мүмкіндік береді, – деді сенатор Е.Сұлтанов. Бұдан басқа, егер жете барлаудан кейін кен орнындағы қордың көлемі көп екені анықталса, онда жер қойнауын пайдаланушылар өз кірістерінің бір бөлігін өздері игеріп жатқан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағыттауға міндеттелмек. Сенат депутаттары осы өзгерістерді құптады. Сонымен бірге бірқатар қосымша түзетулер енгізу туралы шешім қабылдады. . Осылайша, сенаторлар өз түзетулеріне келісімін алу үшін заң жобасын Мәжіліске жіберді.Елдос СЕНБАЙ