Мәжіліс депутаттары Бас прокуратурада комитеттердің көшпелі отырысы барысында қабылданған заңдардың тәжірибеде қалай қолданылатынын және цифрлық технологиялардың олардың тиімділігін арттыру жолында қалай ықпал ететінін бағалады.
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мен Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің депутаттарына Бас прокуратураның «Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі», «Тексеру субъектілері және объектілерінің бірыңғай тізілімі», «Электрондық өтініштер» және т.б. цифрлық жобалары ұсынылды.
Іс-шара барысында Бас прокурордың орынбасары М.Ахметжанов құқық қорғау саласындағы цифрландыру жайын кеңінен баяндады.
Жалпы айтқанда, жобаларды енгізу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын, жеделдігін, сондай-ақ мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың сапасын арттыруға бағытталған.
Атап айтқанда, «Тексеру субъектілері және объектілерінің бірыңғай тізілімі» жүйесін 60-тан астам мемлекеттік орган пайдаланады. Жүйе кәсіпкерлерді бақылаушылар тарапынан негізсіз қысымнан қорғаудың негізгі құралдарының бірі болып саналады.
Ұсынылған жобаларды бағалай отырып, Мәжіліс депутаттары азаматтардың, сондай-ақ бизнес субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін олардың маңызын атап өтті.
– Біз үшін сапалы заңдарды әзірлеу мен қабылдау ғана аса маңызды емес. Біз үшін қабылданған заңдардың қалай жұмыс істейтіні және тиімділігі маңызды. Сонымен қатар азаматтарды қорғау, мемлекеттік органдардан келіп түсетін өтініштерін сапалы қарау, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері әрдайым Мәжіліс депутаттарының бақылауында. Мемлекет Басшысы бұған зор көңіл бөліп, алдымызға тиісті заңнамалық міндеттерді жүктеді. Осы бағытта бірқатар заңдар қабылданып, Мәжіліс депутаттары бүгінде заңнаманы жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр, – деді Мәжіліс Төрағасының орынбасары Павел Казанцев.