Мәжіліс депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясы мүшелері Ерлан Саиров, Елнұр Бейсенбаев және Юрий Жулин Қазақстандағы кедейлік проблемасын ауыздықтау жөнінде Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Ерлан Саиров Facebook-тегі парақшасында жазды.
– Ресми деректер Қазақстанда күнкөріс деңгейі төмен азаматтардың саны 1 миллион 65 мың адамнан асқанын көрсетеді. Өткен жылмен салыстырғанда, кедейлік деңгейі 21пайызға өсіп отыр. Халықтың кедейлігі – ұлттық қауіпсіздікке тікелей кері әсер ететін басты проблема. Аса өзекті мәселе – ауылдағы кедейлік. «Nur Otan» партиясы әлеуметтік мұқтаж адамдар мәселесін экономикалық тұрғыда шешу маңызды деп есептейді. Бұл мәселені шешудің оңтайлы әдісі әл-ауқаты төмен азаматтарды микрокредитпен қамтамасыз ете отырып, адамдардың бизнес-сауатын арттыру. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Үкіметке берген тапсырмасында микрокредит проблемасына баса назар аударды. Енді мәселені Үкімет қалай шешеді деген сұрақ туады. 1. «Еңбек» бағдарламасының несиелендіру бағыты бойынша 2020 жылы ауыл тұрғындарына 43,3 миллиард теңгеге 11 294 жуық несие берілді. Осы бағдарлама аясындағы биылғы жылдың бюджеті 20 миллиард теңгені ғана құрап отыр. Яғни, биыл шағын несие алушылар саны 5 200-ге азаяды. Пандемия кезінде Ұлттық экономика және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің кері позициясы бізге түсініксіз. 2. Микрокредиттеудегі басты проблема – кепілзат мәселесі. Бұл проблеманы несиеге кепілдік беру механизмін енгізу арқылы нақты шешетін уақыт жетті. 3. Биыл «Атамекен» ҰКП және жергілікті әкімдіктердің қатысуымен шағын несие ұйымдарын ашу жоспарланып отыр. Ниет дұрыс, бірақ өзінің тиімділігін көрсете білген, оңтайлы жұмыс істеп тұрған, 10 жыл шағын несие беру тәжірибесі бар ауыл шарушалығын қаржылай қолдау қоры не себепті жабылмақ? Мемлекет, қарапайым халық мүддесі тұрғысынан қорды сақтау қажет! Өйткені өздері қиналып отырған ауылдағы ұсақ шаруалар мен зәру адамдар қаржы көзінен мүлдем қағылу қаупі басым. 4. Ауылда микробизнесті дамытудың басты аспектісі – тұтыну және қызмет көрсету кооперативтерін құру. Халықаралық тәжірибеде бұл кооперативтер өнімді өңдеу, өткізуге көмектесу, ветеренария, мал азығын дайындау, озық білім таратумен айналысады. Осындай кооперативтерді, әсіресе шалғай елді мекендерде құру өте өзекті. 5. Шалғай елді мекендерге арзандатылған микронесие жеткізудің де инфрақұрылымын жасау маңызды. Банктер мен микрокредит ұйымдары қала жанындағы елді мекендерді ғана қамтиды. Алыстағы ауыл арзан несиеге зәру, жеткізетін амал жоқтың қасы. Бұл жөнінде де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «бірнеше аймақта «егістіктен сөреге дейін» кооперациялық тізбек» жасау жөнінде Үкіметке нақты тапсырма берген. Осы бастама бойынша 2 миллион ауыл тұрғынының кірісін өсіру қарастырылған. Бүгінде бұл тапсырма формальды орындалды, қаржы көзі зәру адамдарға жетпеді деген пікір бар. Ауылшаруашылық министрлігі осы бастама бойынша, қанша зәру адамға нақты көмек көрсетілді деген есеп бергені абзал. Бізге әрбір адамның тағдыры қымбат. Сондықтан осы мәселені заңда белгіленген мерзімде қарастырып, жауап беруіңізді сұраймыз, – деп жазылған депутаттық сауалда.Әбілмансұр ЖАСАН