Алматы қалалық жасыл экономика басқармасы Аюсай шатқалындағы ағаштардың кесілуіне қатысты жағдайды түсіндірді.
Жасыл экономика басқармасының мәліметіне сүйенсек, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі Аюсай сағасынан төмен Үлкен Алматы өзенінде селден қорғайтын бөгет салып жатыр. Осыған байланысты жасыл желекті отаған. Алайда басқарма ағаштарды кесуге рұқсат бермеген. «Әлеуметтік желілерде пайда болған 5 000 ағаш кесілді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Басқарма қызметкерлері Ботаникалық бақтың дендрологтарымен бірге бірнеше рет кесілген ағаштардың санын және түрін анықтау үшін учаскеге барды. Мамандардың айтуынша, қысқы уақытта кесілген ағаштар мен бұталардың санын есептеп шығару қиын болды», – деп хабарлады басқармадағылар. Зерттеу нәтижесіне қарағанда, 32 мың шаршы метр аумақта ағаштар заңсыз кесілгені анықталған. Ботаникалық бақ ұсынған мәлі- меттер бойынша, Аюсай шатқалында раушан гүлі, шырғанақ, бөріқарақат, қайың, терек, долана, алма, ақ тал кесілген. «Жасыл желектерді күтіп-ұстау мен қорғаудың стандартты ережелерін бұзғаны үшін жауаптылар жиырма еселік көлемде өтемақы берілуі керек. Яғни, 23780 жасыл желек отырғызылуы тиіс. Айта кету керек, Үлкен Алматы өзені бассейніне, Аюсай шатқалына және Ақсай өзенінің бассейніне селден қорғайтын бөгеттер қажет. Бұл – өте маңызды. Өйткені 300-ге жуық әлеуметтік және өндірістік нысандар, сондай-ақ 30 мың адам тұратын тұрғын үйге қауіп бар. Ақсай өзенінің бассейнінде селден қорғайтын бөгет жоқ», – деп атап өтті Жасыл экономика басқармасы. Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараттарына сәйкес, бөгет елді мекендерді селден қорғайды. Жасыл экономика басқармасының мәліметінше, тергеу жұмыстары жалғаса бермек және аяқталғаннан кейін нәтижесі туралы толық ақпарат берілетін болады.Ж. НҰРЛАН