Спорттағы менеджменттің әлсіз тұсы кез келген спорт түрінің, спорттық клубтардың дамуына үлкен кедергі келтіреді. Спорт жанашырлары, жанкүйерлері тек осы жағдайға ұрынбасақ деп алаңдайды.
Дегенмен кейінгі уақытта көптеген спорттық іс-шаралардың басы-қасында спорттан хабары жоқ азаматтардың жүруі қалыпты үрдіске айналды. Мұның себебі еліміздегі спорттық федерациялардың басым бөлігінің тізгіні кәсіпкерлер немесе әкімдердің қолында болуымен түсіндіріледі. Олардың еліміздегі белгілі бір спорт түрін дамытуға аянбай күш салатынына ешкім күмән келтірмейді. Бірақ негізгі жұмысынан қолы босамауы себебінен басшылықтағылар спорттық федерациялардың жұмысын көмекшілеріне сеніп тапсырады. Міне, бар мәселе осыдан басталады. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, олар бапкерлер мен спортшылардың жұмысын жете түсінбейді. Екіншіден, жарысты ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдарымен, жанкүйерлермен байланыс орнату ісін меңгермеген. Осы мәселелерге баса көңіл бөлінбегеннен кейін спорттық клуб ұжымдарынан, спортшылардан береке кетіп, ауызбіршілік жоғалады. Ары қарай құлдыраудың болуы қалыпты жағдай емей немене? Бұл мәселелер жөнінде отандық спорттың басы-қасында жүрген мамандардың да пікірін білген едік. – Өзге мемлекеттердегідей қазақ спортында да күрмеуі шешілмеген мәселелер шаш етектен. Бірақ жанкүйерлер бұл жайында көп біле бермейді. Ал біз шолушы және спорт журналисі ретінде еліміздегі спорт саласында инфрақұрылымның кешеуілдеп дамып жатқанын байқаймыз. Көп аймақта спорт саласының басшысы ретінде шенеуніктер сайланады. Олардың спорттан хабары жоқ. Сонымен қатар әкімдердің қай спорт түріне бүйрегі бұрса, сол жақсы дамиды, ал әкім орнынан кеткеннен кейін әлгі спорт дамымай қалады. Жалпылама айтсам, біздің спорт әлі күнге дейін өз бетінше өмір сүріп кете алған жоқ. Әлі де мемлекеттің қолында, бірақ мемлекеттің қарауында болса да, шашыраңқы қалыпта басқарылады. Спортшыларымыздың нәтижесі тек олимпиада, әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында білінеді. Жалпы, спорттың бұқаралық сипаты білінбейді, – дейді спорт журналисі Есей Жеңісұлы. Өз кезегінде спорт маманы Бек Төлеу де ел тарихындағы теперішке ұшыраған бірқатар клубтарға тоқталып, оларға шолу жасады. – Кеңестік елден шыққан мемлекеттердің барлығында спорт клубтарының орта жолда банкротқа ұшырап, жабылып қалуы таңсық жағдай емес. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде қаншама клубтарымыз жабылды. Оның ішінде қаржылық мәселеге байланысты банкротқа ұшырағандар жетерлік. Басты себебі мемлекеттік, жергілікті әкімдіктердің қаржыландыруында, әр жылдары басшылықтың, әкімнің ауысқанына тікелей байланысты. Сол әкімнің адамы клуб басшылығына келеді. Содан кейін осындай келеңсіз жағдайлар болады. Әсіресе, футбол клубтарын бұл спорт түрін түсінбейтін балуандардың, боксшылардың басқарып кеткені жасырын емес. Қаншама жағдайлар болып жатыр. Соңғысы осы павлодарлық «Ертіс» клубы ғой. Оған дейін Алматы облысында «Іле-Сәулет» деген тамаша клуб болды. Ішкі біріншілікте екі жыл қатарынан чемпион атанды. Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Марочкин де осы командадан шыққан. Сол секілді қарағандылық «Тұлпар» футзал клубынан қаншама талантты қазақ жастары шықты. Шыңғыс Есенаманов, Дәурен Нұрғожин секілді қазіргі үздік футзалшылар – осы команданың түлегі. Алматының «Қайратында» жүрген әлемнің үздік қақпашасы Игитаны да Бразилиядан әкелген қарағандылық ұжым болатын. Сондай мықты клубтардың ғұмыры келте болды. Одан бөлек, қаншама хоккей клубтары да бірнеше рет ашылып, бірнеше рет жабылды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда бүгін атағы дүркіреген клуб ертең тарап кете салады. Біздегі жағдай әзірге осындай. Мұнымен күресу үшін клубтардың көбі жеке адамдардың, кәсіпкерлердің қолына өтуі керек, – дейді Бек. Ал спорт сарапшысы Әділ Саптаев «адамның бұрын спортпен шұғылдануы және үлкен спорттық беделге ие болуы маңызды емес, сол саланы жетік меңгеруі, жете түсінуі маңызды» деген ойын білдірді. Ол сондай-ақ «Ақтөбеде» Мұрат Тілешов, «Шахтерде» Андрей Финонченко, «Ордабасыда» Қайрат Әшірбеков секілді бұрынғы футболшылардың жұмыс істеп жүргенін, бұл клубтың дамуына үлкен септігін тигізетінін қоса айтты. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дейді дана қазақ. Шынында да, егер спорт саласында кәсіби білікті мамандар жұмыс істесе, онда нәтиже де келеді, жетістікке жетер жол да жақындайды. Оны жоғарыдағы спорт мамандары да растады. Сондықтан әр істің басында өз маманы тұрса ғана жұмыс жемісті болмақ.Абылайхан ЖҰМАШ