«Ұлттық банк жүйесінде әрбір азаматқа жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы осындай шоттар ашылады және бұл шоттарға біз 44 әлеуметтік төлемді проаквтивті түрде төлеуді жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік әмиянға аударылған әлеуметтік төлемдер – бұл банктердің, салық органдардың немесе коллекторлық ұйымдардың тарапынан өндіріп алуға жатпайды. Яғни қорғалады», – деді министр.
Оның айтуынша, әлеуметтік әмиянды қолданушылардың тауар сатып алуға немесе банк карточкасы сияқты қызметтер алуға толық мүмкіндігі бар. Бұған қоса, әлеуметтік әмияннан төлем карточкасына да ақша аударып, қолма-қол ақша ретінде шешіп ала алады.Қазіргі таңда заң жобасы бекітілген. Осыған байланысты Ұлттық банк техникалық және ұйымдастырушылық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті әлеуметтік әмиянға аудару жоспарланып отыр.Ал Атаулы әлеуметтік көмек алушылар жаңа тәсіл енгізгеннен гөрі, мемлекеттен берілетін көмектің көлемін арттырса деген ниетте. Себебі, алатын жәрдемақы күн көріске жетпейді.
«Карантин енгізілген уақыттан бері АӘК автоматты түрде тағайындалатын болды. Тек табыс көлемі мен тұратын жерің өзгермеу керек. Мен мүмкіндігі шектеулі көпбалалы анамын. Табысым аз болған соң АӘК тағайындалды. Айына 35 мың теңге аламын», − дейді Нади Анарбекқызы.
Белгілі болғандай, 2021 жылғы I тоқсанындағы жағдай бойынша 106 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен азаматтарға тағайындалады. Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Жоспар бойынша 2021 жылдың І тоқсанында 215 мыңға жуық балаға әлеуметтік топтама беріледі.Айта кетерлігі былтыр 1 сәуірден бастап кедейлік шегі 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін өсті. Табысы аз отбасынан шыққан әрбір балаға атаулы әлеуметтік көмек мөлшері 20 789 теңге көлемінде белгіленген. Ал шартсыз ақшалай көмек көрсету мерзімі 3 айдан 6 айға дейін, шартты ақшалай көмек 6 айдан 12 айға дейін ұзартылды.Жалпы, атаулы әлеуметтік көмекті алудың негізгі шарттарының бірі – отбасындағы еңбекке қабілетті адамның жұмыстан бас тартпауы керек. Яғни, АӘК тағайындалған отбасында еңбекке жарамды азаматтар болса, ол кісілер жұмыспен қамту шараларына тартылады. Өз кезегінде ол адам жұмысқа тұрып, әлеуметтік шарт жасалады. Алайда атаулы әлеуметтік көмекті алып жүріп, ұсынылған жұмыстан бас тартқан жағдайда, АӘК беру бүкіл отбасына тоқтатылады. Ал бүгінге дейін тек еңбекке қабілетті адам үшін ғана тоқтатылатын.
«Атаулы әлеуметтік көмек жұмыссыз азаматтар жұмысқа тұрып кеткенге дейін берілетін көмек. Бірақ әлеуметтік келісім бойынша ұсынылған жұмыстан бас тартқан азаматтармен АӘК тағайындау бойынша келісім бұзылады», − дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының Атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселелері жөніндегі директордың орынбасары Алма Ашарбекқызы.
2021 жылғы қаңтарда республикалық бюджеттен 32,1 млрд теңге, оның ішінде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге – 25,4 млрд теңге, асыраушысынан айрылу жағдайына – 6,7 млрд теңге төленді.
«Осыған дейін мемлекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмек алдым, қазір алмаймын. Айлық табысым «өте көп» болып кетті. Мүгедек балаға алатын ақша, көпбалалы болғаным үшін берілетін ақшаны қосатын болыпты», − дейді Гүлім Болатжан.
Атаулы әлеуметтік көмек алатындар кедейлік санатына жата ма? Осы ретте, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров АӘК-тің өзін табысы 500 теңгеге асып кеткені үшін ала алмай отырғандардың жағдайын шешу қажет деп санайды.
«Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін заң аясында АӘК беру тәртібін өзгеру керек. Кез келген ереже халықтың ыңғайына шешілуі тиіс. Төлем тағайындау мәселесін осыған жауапты министрлік деңгейінде де шешуге болады. Ал мемлекеттен жәрдемақы алып отырғандар кедейлік санатына жатады деп есептеймін», − дейді депутат.
2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 521,5 мың адам, асыраушысынан айырылғандар саны 165,9 мың адам.Мүгедектік және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобы мен себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауында болған адамдардың санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты белгіленеді.2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 48 693 теңгені, асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 40 180 теңгені құрады.