Бүгінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесі қала өмірінің ең өзекті саласының бірі саналады. Әсіресе, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару мәселесі қоғам талқысына жиі түсіп, тұрғындар тарапынан шағым туғызуда.
Тұрғын үй төңірегінде түйткіл көп
233
оқылды

Оған себеп, тұрғын үй қорын тиімді басқарып, қызмет көрсету сапасын арттырады делінген пәтер иелері кооперативтері өздеріне міндеттелген жұмысты жүйесіз атқарып, қызметтері сын садағына талай мәрте ілінді. Бұл аздай, енді әлгі ПИК-терге күштеп кіргізу жұмыстары белең алып, жұртшылық жанайқайын білдіруде.

Жалпы, кейінгі кездері осы пәтер иелері коопера­тив­тері жауыннан кейінгі саңы­рау­құлақтай қаптап кеткені жа­сы­рын емес. Алайда олардың немен ай­налысып жатқаны, қыз­мет­те­ріне не кіретіндігі түсініксіз. Түп­теп келгенде, бұл кооперативтерге тұр­ғындар өз еркімен кіруі керек. Бірақ Тараз қаласында осы ПИК-терге тұрғындардың келісімінсіз, күш­теп кіргізу жұмыстары белең алу­да. Бұл өз кезегінде тұрғын­дар­дың шағымы мен ашуын туғызып отыр. 

– Біздің тұрғын үй бойынша пә­тер иелері кооперативіне кіру ту­ралы ешқандай хабарландыру, тал­қылау немесе дауыс беру ұйым­дас­тырылған жоқ. Яғни, үйді коопе­ративке кіргізу туралы ше­шім біржақты қабылданып отыр. Бұл тұрғын үйдің меншік иесі ре­тінде менің ғана емес, өзге де тұр­ғындардың құқықтарын өрескел бұзу екені сөзсіз. Сондай-ақ бұл көп­пәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүл­кін басқару тәртібін реттейтін қол­даныстағы заңнаманың та­лаптарына да қайшы. Соның сал­дарынан енді бұрын-соңды не ес­тімеген, не көрмеген «Бай­ла­ныс» деп аталатын кооперативке ай сайын ақша төлеуіміз керек екен. Шыны керек, бұған дейін тұр­ғын үйдің қандай да бір жүйе­сі­нен ақау шықса, не коопе­ра­тив­тен, не өзге де қызмет түрлерінен ма­мандар келіп, көмек қолын соз­ған емес. Барлығын тұрғындар өз­дері қаражат жинап, ретке кел­тіріп келеді. Ендеше біз өзіміз таң­дамаған, қаламаған қызметке не­ліктен қаржы аударуымыз ке­рек? Жергілікті әкімдіктің осы са­лаға жауапты бөлімінің табал­ды­рығын қаншама рет аттағаны­мыз­бен, мардымды жауап ала ал­май отырмыз, – дейді «Арай-2» ық­шамауданы №9 үйдің тұрғыны Раушан Сабеева. 

Дәл осындай кикілжің «Ұлы да­ла» шағынауданында да болды. Аталған ықшамауданның тұрғыны Гау­хар Аманжолованың айтуын­ша, олар тұрғын үйлерінің әлдебір кооперативке қосылғаны туралы тө­лем түбіртегі келгенде бір-ақ біл­ген. 

– Былтырғы жылдың соңында біз тұратын үйде күтпеген жерден кооператив пайда болды. Ең қы­зы­­ғы, кооперативтен бұрын, оның тө­­лем түбіртегі келіп үлгерді. Алай­­­да бұл қандай ұйым, қашан құ­­рылды, қандай қызмет көрсе­те­ді? Бұл туралы ешқандай нақты ақ­парат жоқ. Алдын ала не жи­на­лыс, не ақылдасу, не таныстыру рә­сімі де болған емес. Қала билігі бол­сын, басқарушы ұйым болсын, ең алдымен тұрғындарға түсіндіруі керек қой. Өкініштісі, мұның еш­қайсысына жауап ала алмадық. Сөйте тұра, ай сайын кооператив қызметіне қаржы төлеулеріңіз ке­рек деп талап етіп отыр, – дейді Гау­хар Аманжолова. 

Тұрғындардың базынасына құ­лақ түрген соң, осы мә­селе бойын­­ша Тараз қаласы әкім­дігі тұр­ғын үй қатынастары бөлі­мі­не қайырылдық. Аталған бөлім бас­шысының міндетін атқарушы Сұлтанмахмұт Утешов тұрғын үй­лерді кооперативке кіргізу жұ­мыс­тары заң аясында жүргізіліп жатқанын алға тартып, кінәні тұрғындардың өздеріне аударды. 

– «Тұрғын үй қатынастары ту­ралы» заңның 51-5-бабының, 4-тар­мақшасына сәйкес, пәтер­лер­дің, тұрғын емес үй-жайлардың мен­шік иелері арасында кондо­ми­ниум объектісін басқару нысанын не кондоминиум объектісін бас­қару субъектісін таңдау туралы ке­лі­сімге қол жеткізілмеген кезде тұр­ғын үй инспекциясы екі және одан астам ай ішінде немесе жи­на­лыс хаттамасының негізінде пәтер­лер, тұрғын емес үй-жайлар мен­шік иелерінің өтініші бойын­ша уақытша басқарушы компа­нияны айқындау және тағайындау қағидаларына сәйкес уақытша бас­қарушы компанияны айқын­дай­ды және тағайындайды. Бұл бойынша жиналыс аталған заң­ның 42-бабына сәйкес өтеді. Нақ­ты шешім тұрғындардың жалпы са­нының көпшілік дауысымен, яғни 51 пайызы келісім берген жағ­­дайда қабылданады. Сондай-ақ Тараз қаласы бойынша кон­до­ми­ниум объектісін басқаруға жә­не кондоминиум объектісінің ор­­тақ мүлкін ұстауға ақы төлеу қа­­лалық мәслихаттың 2023 жылғы 22 маусымдағы №5044 шешімімен 1 шаршы метрі үшін 29 теңге мөл­шерінде қабылданды. Сондықтан бұған байланысты тұрғындардың шағымы негізсіз, – дейді Сұлтан­махмұт Әмірұлы. 

Жауапты сала маманы осы­­лай­ша тұрғындардың шағымы не­гізсіз деп отыр. Алайда ық­­ша­мау­дан тұрғындары коопе­ра­тив бас­шыларын көрмегендерін, еш­кім жиналыс өткізбегенін ашы­на айтуда. Бұл ретте жұрт­шы­лық­тың сөзінің жаны бар секілді. Олай дейтініміз, «Арай-2» ықша­м­ау­даны №8 үйдің тұрғындарына кооперативке кіргендері туралы хабарлама Kaspi.kz қосымшасы ар­қылы келген. Бұрын естіп, көр­ме­ген кооперативке қаржы тө­леңіз деген хабарламаны көрген тұр­ғындар бас көтеріп, шағым­дарын жеткізген. Нәтижесінде, «№8 үй кооперативке кірмеуі ке­рек» деген жауап алып, Kaspi.kz қо­сымшасынан келген төлем алы­нып тасталған. Осылайша, тұр­ғындар өз құқықтарын қорғап қа­лып отыр. Сонда әділдікке жету үшін тұрғындар міндетті түрде шу шы­ғаруы керек пе? Осының өзі кооперативтерге кіргізу жүйесінде үл­кен шикілік барын аңғартып отыр.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы