Желтоқсан айындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Президент Қ.Тоқаев Үкіметке 2020 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны айтарлықтай, 40%-ға кемітуді жүктеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тапсырманың орындалғанын мәлімдеп отыр.
Бұл қадамға Мемлекет басшысы тапсырмасымен 2019 жыл соңында жатжұрттық жұмыс қолын пайдаланатын 95 компанияға жүргізілген тексеру нәтижелері түрткі болыпты. Оның қорытындысында 930 заңбұзушылық анықталған. Мәселен, шетелдік жұмысшыға қазақстандық әріптесіне қарағанда көп жалақы төленеді. Немесе жатжұрттықтар «жоғары білікті маман» ретінде шақырылады, алайда шын мәнінде берілген рұқсатнамаға мүлдем сәйкеспейтін, жергілікті қызметкерлер-ақ істей алатын жұмысты атқарады. Тіпті биік лауазымға жоғары білімі жоқ шетелдіктер алынғаны әшкереленген.
Жалпы, еңбек миграциясының жақсы жақтары да, теріс тұстары да жетерлік. Алайда халқы аз, озық дамымаған, кадр даярлау саласы кенже қалған, шенеуніктер арасын жемқорлық жайлаған елде тіпті заңдастырылған шетелдік жұмыс күшінің өзі қаржылық-экономикалық шығындарға, еңбек дауларына, жұртшылық наразылығына соқтырады.
Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда шетелдік жұмыскерлерді тартуға арналған квота биыл 40%-ға төмендетілгенін хабарлады.
– Жұмыс берушілерге республикада еңбек ету үшін 2020 жылы шақыруға рұқсат берілген шетелдік жұмыс күшінің ең жоғарғы саны 29 мың 292 адамды құрайтын болады. Бұл жергілікті жұмыс күшінің 0,32%-ына тең. Квота 2019 жылғы 48 мың 700 адам көрсеткішінен бірден 40%-ға азайтылып отыр, – деп түсіндірді ведомство.
Министрлік мемлекетімізде қандай шетелдік мигранттар қатары селдіреп, саны сирейтінін нақтылай кетті. Тарата айтсақ, жұмыс берушілер мамандар жататын 3-санат бойынша өзге ел азаматы саналатын қызметкерлерін 37%-ға, ал «білікті жұмысшыларға» қатысты 4-санатта 23%-ға қысқартуға міндетті. Олардың орнын қазақстандық мамандар мен жұмысшылар басуы шарт.
Бірақ бұдан да озық кеткен өңірлер бар. Мысалы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары 4-санат бойынша шетелдік жұмыскерлерді тартудан толықтай бас тартқан. Олар жұмыс берушілердің қажеттілігін тек жергілікті мамандар есебінен жабуды жоспарлап отыр.
Квотаны азайту, министрліктің байламынша, «ішкі еңбек нарығын білікті емес шетелдік жұмыс күшінен қорғауға, қазақстандық кадрларды көбірек жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді».
Дегенмен сарапшылар бұл қысқартулар тек заңды жұмыс күшіне ғана қатысты екеніне назар аудартады. Көші-қон тіркеуіне тұрудағы проблемалар көптеген келімсек жұмысшы мен маманды «көлеңкеге» кетуге мәжбүрлейді. Сонымен бірге экономистер шетелдік заңды еңбек күшінің жақсы жақтарына да мән беру керегін ескертеді: мәселен, олар экономикадағы білікті кадрларға деген тапшылықты өтеп, өндірісті ілгерілетеді, отандық компаниялардың халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін көтереді. Алайда құзырлы органдардың бұл салада жөнсіздіктерге жол беруі кесірінен, еңбек даулары ұлтаралық сипаттағы қақтығыстарға ұласып, кірме жұмысшылар жасаған қылмыс артқандықтан, Қазақстан осындай шетін шараға баруға мәжбүр.