Басынан дау арылмай тұрған Иран ақыры 8 қаңтарда Тегеран маңында құлаған украиналық жолаушылар ұшағын өздері атып түсіргенін мойындады. «Қателесіп, атып түсірдік» десті Иранның ресми өкілдері. Бұл жағдай «Иран мен АҚШ-тың арасы енді не болмақ?» деген сауалға қайта оралуға мәжбүрлеп отырған жайы бар.
Айыпты мойындау да – ерлік
Тегеран төңірегінде құлаған ұшақты әскерилердің атып түсіруі мүмкін екенін 8 қаңтар күні алғаш рет Reuters агенттігі жазған еді. Алайда Иранның Ирактағы АҚШ нысандарын атқылауы мен ұшақтың құлауына қатысты алғашқы ақпараттар легінің мол болғаны сонша, оған ешкім назар аударған жоқ. Тек бірнеше күн өткен соң ғана Канада премьер-министрі Джастин Трюдо барлау қызметінің дерегіне сүйене отырып, ұшаққа зымыран тигенін мәлімдеген. Содан соң ұшақты әскерилердің атып түсіргені жайлы нұсқа кең тарай бастады да, әу баста ұшақтың «қара жәшігін» беруден бас тартқан Иран ақыры айыбын мойындады. Көптеген сарапшы мұны дұрыс қадам ретінде бағалап отыр. Себебі бұдан ары қасарыса берсе жағдай тіптен ушыға түсуі мүмкін еді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Иран билігінің ақыр соңында айыбын мойындағанын маңызды қадам ретінде бағалады. Президент twitter-де: «Иран билігінің бірқатар мемлекет азаматтарының өмірін қиған әуе апаты үшін өз кінәсін мойындауы – маңызды шешім болды. Бейбіт азаматтарды да құрбан қылатын шиеленісті бәсеңдету үшін қалыптасып отырған жағдайда барлық тараптар ұстамдылық танытуы керек» деп жазды. Дегенмен Иранның айыбын мойындауы жауапкершіліктен құтқармасы анық. Өйткені ұшақта 7 елдің азаматы болды. Сондықтан Иран ұшақтың «қара жәшігін» Францияға жіберуге келісуге мәжбүр болды. Біздің пайымдауымызша, Иран өз кінәсін амалсыздан мойындаған тәрізді. Өйткені жерсеріктері арқылы түсірілген суреттер мен интернетте бейнежазбалар тараған соң ел билігінің жалтаруға мүмкіндігі қалмады. 2014 жылы Украина аспанында жарылып кеткен малайзиялық MH17 рейсіне қатысты дау-дамайда нақты дәлелдерге де қарамастан, айыбын мойындамай отырғандарға қарағанда Иранның жаһандық державалардың қысымына қарсы тұрар қауқары жоқ. Сол себепті Ислам революциясын қорғау корпусының командирі Әмір-Әли Хаджизаденің «Әуе қорғанысы операторымыз ұшақты қанатты зымыран деп ойлап қалғандықтан, қателесіп атты» деді. Алайда қанатты зымыранды алып Boeing-пен шатыстыру қисынға келмейтіні сөзсіз. Ары әуежай зымыран ұшқан жерден алыс та емес және ұшақ тым биікке көтеріліп үлгермеген еді. Дегенмен сол кезде АҚШ-тың Ирандағы 52 нысанды атқылауға даяр екені жайлы мәліметтің тарауы Ислам революциясын қорғау корпусының басшыларын абыржытып тастаған да болуы мүмкін. Әйтеуір қалай болғанда да, Иранның ұшақты атқаны рас болды.
Айтпақшы, қазір Иран да, оның қарсыластары да ұстамдылық байқатуда. Алғашқы күндегідей емес, құныкерлердің де, айыптылардың да салқынқандылығы байқалуда. Шамасы Иран да, ұшақтың иесі де, азаматтары қаза болған елдер де мәселені байыппен шешуді құп көретін тәрізді. Алайда Таяу Шығыстағы оқиғалардың тым тез өзгеретінін ескерсек, әзірге байлам айту оңай емес.
Иран Украинаның ұшағын абайсызда атып түсіргенін мойындады. Қазіргі уақытта ұшақты атып түсіруге бұйрықты Ислам революциясын қорғау корпусының генералы Әмір-Әли Хаджизаде бергені анықталды. Алайда ең күрделі мәселе Иранның ұшақты ресейлік «Тор-М1» зымыранымен атып түсіруінде болып отыр. Оқиғаның өрбу риторикасын бірнеше бағытта өрбиді деп болжауға негіз бар. Алдымен Иран режиміне қатысты Батыс тарапынан ақпараттық соққы мен идеологиялық шабуыл үдей түседі. Онда «өз халқына, бейбіт тұрғындарға қарсы бағытталған теократиялық саясат» айыпталады
Енді не болмақ?
Әрине, бұдан кейінгі оқиғаның қалай өрбитінін болжау қиын. Алайда Дональд Трамптың Тегерандағы шерушілерді қолдап, твит жазуына қарасақ, Батыс елдері, соның ішінде АҚШ Иранмен күрестің гибридті тәсіліне ден қойғандай көрінеді. Яғни, елдегі наразы топты түрлі тәсілдермен қолдап, діни билікті де, ресми билікті де тығырыққа тіреуді көздеуі мүмкін. Сонымен қатар болып жатқан оқиғалар кейбір конспирологиялық тұжырымдар жасауға мәжбүрлейді. Ары мұндай конспирологиялық идеялар гибридті соғыста қолайлы екенін ескерсек, күні ертең «Иран президенті мен командасы Ислам революциясын қорғау корпусының ықпалын азайтуға кірісті» дейтін ақпараттың тарамасына ешкім кепілдік бере алмайды. Тіпті, қазірдің өзінде үстірт қараған адамға оқиғалар желісі соны меңзейді. Мәселен, АҚШ өлтірген К.Сулеймани Ислам революциясын қорғау корпусы командирінің бірі еді. Ұшақты да атқан осы құрылымның сарбаздары болып шықты. Тұрақты армиядан бөлек қарулы құрылымның болуы Иран президенті Хасан Руханиге де қолайлы бола қоймаса керек. Өйткені қалай болғанда да, корпус аятолла Әли Хаманейдің дегенінен шықпайды. Ал Хасан Рухани ұшақты корпус бөлімшелері атып құлатқанын құрылым басшылары мойындаған кезде «Бұл көз жұма қарайтын, оңай-оспақ іс емес. Осынау кешірілмес қатеге жауаптылар жайлы нақты тергеу жүргізілуі керек» деген болатын. Яғни, президенттің АҚШ-пен ашық қақтығысқа түспеу үшін жасаған барлық амал-айласына үлкен кедергі жасаған корпус қазір ресми билік үшін қолайлы болмай тұр.
Содан да болса керек, Иран билігі ұшақта қаза тапқандардың отбасына өтемақы төлеуден бас тарта қоймайтын тәрізді. Әрине, нақты уәде жоқ. Бірақ халықаралық қауымдастық пен азаматтары қаза тапқан елдер мұны талап етері сөзсіз. Украина президенті В.Зеленскийдің Иранның дипломатиялық каналдар арқылы ресми түрде кешірім сұрағанын, өтемақы төлеуін және жауаптылардың жазаға тартылуын қалаймыз» деп мәлімдегені – соның айғағы. Саясаттанушы Асхат Қасенғали ұшақты атып түсірген Иранның тек өтемақымен құтыла қоймайтынын айтады. Иран Украинаның ұшағын абайсызда атып түсіргенін мойындады. Қазіргі уақытта ұшақты атып түсіруге бұйрықты Ислам революциясын қорғау корпусының генералы Әмір-Әли Хаджизаде бергені анықталды. Алайда ең күрделі мәселе Иранның ұшақты ресейлік «Тор-М1» зымыранымен атып түсіруінде болып отыр. Оқиғаның өрбу риторикасын бірнеше бағытта өрбиді деп болжауға негіз бар. Алдымен, Иран режиміне қатысты Батыс тарапынан ақпараттық соққы мен идеологиялық шабуыл үдей түседі. Онда «өз халқына, бейбіт тұрғындарға қарсы бағытталған теократиялық саясат» айыпталады. Елді «Иран билігі бейбіт тұрғындарды қырып жатыр» деген ақпаратқа әлем жұртшылығын сендіру жүретін болады. Ең бастысы, Иран халқының өзін осы ақпаратқа қанық болуы үшін жұмыстар істелмек. Өйткені ішкі толқулар арқылы Аятолла режимін астан-кестен етудің бір амалы осы құлаған ұшақ айналасындағы ақпаратты жиі айтып, халықты билікке қарсы шығуға саналық тұрғыдан итермелеу. Құлатылған ұшақты үнемі ақпарат кеңістігінен тыс қалдырмау, сол себепті де Батыс әлемі үшін маңызды болмақ. Екінші жағынан ресейлік зымыран туралы ақпарат та Ресейді ақпарат кеңістігінде қыспаққа алудың тағы бір жолына айналмақ. Малайзиялық «Боинг» туралы тағы айтыла бастайды. Ирандағы құлаған ұшақты негізге ала отырып, Украинадағы ұшақты Ресей атып түсірді дегенді әлемдік БАҚ тағы көтерері сөзсіз. Бұл оқиға Батыс әлеміне ұпай жинауда үлкен рөл ойнамақ, ал Иранның тек қана компенсациямен құтылмасы анық», – дейді саясаттанушы.
Алғашқысы емес,
тек соңғысы болғай...
Тегеран маңында апатқа ұшыраған украиналық Boeing-737 жолаушылар ұшағы әскерилер қателігінің кесірінен немесе әдейі атып түсірілген алғашқы ұшақ емес. Соңғы жарты ғасырда бейкүнә жолаушылар мінген ондаған ұшақ құлаған. Соның ішінде әскерилердің қателесуінің кесірінен апатқа ұшырағандар да бар. 1973 жылдан бері тікелей әскерилердің кесірінен 7 ұшақ апатқа ұшырады немесе зақымданды. Мәселен, 1973 жылы Ливияның Libyan Arab Airlines компаниясына қарасты Boeing 727-224 ұшағы құлады. Оны Израиль әскери әуе күштерінің ұшақтары атқан болатын. Триполи-Бенгази-Каир-Александрия-Бахрейн бағытында ұшақта 104 жолаушы, экипаждың 9 мүшесі болған. Апаттан ұшақтың екінші ұшқышы мен төрт жолаушы тірі қалды. Қалғандары көз жұмды. Израильдіктер «ұшақты террористер басып алды» деп ойлағандарын айтып ақталған. Кейін Халықаралық азаматтық авиация ұйымына мүше 30 ел Израильді айыптап, Тель-Авив қайтыс болғандардың отбасыларына өтемақы төлеген еді. Ал 1978 жылы КСРО Карелияда кореялық Boeing-707 ұшағын атып, қонуға мәжбүрлеген. Кеңес әскерилері Korean Air компаниясының Париж-Анкоридж-Сеул бағытындағы ұшағын потенциалды қарсыластардың барлаушысы деп ұқса керек. Іс жүзінде ұшақ навигацияның қателігінен Коль түбегінің тұсында КСРО-ның әуе шекарасын бұзыпты. КСРО әскери ұшағының шабуылынан Boeing-тегі екі жолаушы қаза тапты.
1983 жылы Korean Air-дің тағы бір ұшағын КСРО әскерилері атып түсірді. Кореяның Boeing-747 ұшағы Нью-Йорк-Анкоридж-Сеул бағытында ұшып бара жатқан-ды. Бортында 246 жолаушы мен экипаждың 23 мүшесі болыпты. Сахалин аспанында КСРО аумағына кіріп кеткен ұшақты Су-15 жойғышы атып түсірген. Бортта АҚШ өкілдер палатасының мүшесі Ларри Макдональд болды. Барлық жолаушы мен экипаж мүшелері қаза тапты. 1988 жылы Парсы шығанағының үстінде Iran Air компаниясының 290 адамы бар Airbus A300 ұшағын американың Vincennes крейсері атқан зымыран құлатты. Ұшақ Тегеран-Бендер-Аббас-Дубай бағытына ұшып шыққан. Кейін америкалықтар оны Иран әуе күштерінің F-14 ұшағымен шатастырып алғанын мәлімдеген. Бірақ бәрібір АҚШ президенті Рональд Рейган Иранға дипломатиялық нота жолдап, өкініш білдірген еді. АҚШ ұшақ апатынан қаза тапқан Иран азаматтарының отбасыларына 61,8 млн доллар өтемақы төлеуге келісті.
Әскерилердің өрескел қателігінің кесірінен 2001 жылы Қара теңіздің үстінде Ту-154 ұшағы апатқа ұшырады. «Сибирь» әуекомпаниясының ұшағын Қырым түбегінде Ресей мен Украинаның бірлескен әскери жаттығуы кезінде Украиналық әуе қорғанысы күштері бөлімдерінің бірінен атылған зымыран құлатқан. Ұшақта 78 адам болды. Ал 2014 жылы Украинаның шығысында Malaysia Airlines компаниясының MH17 рейсі 09kfls7 Boeing-777 ұшағына «Бук» зымыран кешенінен ұшып шыққан оқтұмсық тигені анықталды. Кейін халықаралық комиссия ұшақты аталған аймақта әрекет етіп жүрген сепаратистердің құлатқанын, олар зымыран кешенін Ресейден алғанын мәлімдеді. Бірақ Ресей тарапы мұны мойындаған емес.
Аманкелді ҚҰРМЕТ