Алматыда банкет залдары мейрамхана форматында жұмыс істей алады
Алматыда банкет залдары мейрамхана форматында жұмыс істей алады
417
оқылды

Бұл туралы Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Қазақстан Республикасы Қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының қауымдастығымен кездесу барысында мәлімдеді.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының алаңында ZOOM арқылы бейне-конференц байланыс режимінде Қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының қауымдастығы мемлекеттік органдармен диалог форматында сөйлесулер жүргізді. Жандарбек Бекшиннің айтуынша, 14 ақпандағы қаулыда 14 жеңілдету шарасы енгізілген. Сондай-ақ, ол 50 адамға шектеу әр зал үшін бөлек қолданылатынын түсіндірді. Бұл шара екі отыру залы бар мейрамханаларға да қатысты.

«Қалалардың коронавирустың таралуы бойынша қызыл, сары немесе жасыл аймақтарда орналасуы жөнінде барлық өлшемдер Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №68 қаулысымен бекітілгенін атап өткім келеді. Аумақ деңгейінде жұмсарту туралы шешім қабылдау мүмкін емес. Бірақ, біз Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасымен белсенді бірлескен жұмыс жүргізіп, орталық органдарға тұрақты түрде шығып, сіздердің тілектеріңіз бен ұсыныстарыңызды жолдаудамыз. Барынша бизнесті қолдап, көмектесуге тырысудамыз. Сондай-ақ, жақын арада жұмсарту бойынша 2-3 тармақ енгізуді жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Тойхананың және банкет залдарының жұмысына қатысты сұраққа Алматының бас санитарлық дәрігері регламент бойынша барлық нормаларды сақтай отырып, бұқаралық және ұжымдық іс-шараларды өткізбей, 50 адамға дейін шектеумен, мейрамхана форматында жұмыс істей алатыны туралы хабарлады. Карантин басталғалы жұмысы тоқтап тұрған бір сала – тойхана мен банкет залдары. Алдағы уақытта олар да біртіндеп жаңа форматта жұмыс істей бастайтын болады.