Бүгін Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуі өтті. Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан президенттері қатысып, өңірлік ынтымақтастықты дамыту, экономикалық байланыстарды нығайту және мәдени-гуманитарлық әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Бұл кездесу Орталық Азия елдерінің өзара ықпалдастығы күн өткен сайын артып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.
Осыған орай өңірдің мәдени өміріне де назар аударуды жөн көрдік. Әр халықтың болмысын танытатын басты құндылықтардың бірі – музыка. Сондықтан Орталық Азияның бес мемлекетінен өз елінде кеңінен танылған, шығармашылығының негізгі бөлігін ана тілінде орындайтын эстрада әншілеріне шолу ұсынамыз.
Қазақстан. Димаш Құдайберген 1994 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Музыканттар отбасында өскен өнерпаз бала кезінен ән айтып, халықаралық байқауларда жеңімпаз атанды. Әлемдік танымалдылыққа 2017 жылы Қытайдағы Singer жобасы арқылы қол жеткізді.
Димаш бүгінде әлемнің көптеген елінде концерт беріп жүргенімен, қазақ тіліндегі әндерді тұрақты түрде орындап келеді. Ол ұлттық музыканы халықаралық сахнаға шығарып, қазақ мәдениетін әлемге танытып жүрген өнерпаздардың бірі саналады. Танымал әндері: «Дайдидау», «Самалтау», «Ұмытылмас күн», «Қайран елім».
Қырғызстан. Сұлтан Садырәлиев (Султан Садыралиев) – қазіргі қырғыз эстрадасының танымал орындаушыларының бірі. Ол 1988 жылы дүниеге келген. Өнердегі алғашқы қадамдарын түрлі музыкалық байқаулардан бастап, кейін жеке шығармашылығымен танылды.
Әнші ұлттық нақыштағы заманауи әндерімен қырғыз тыңдармандарының ықыласына бөленді. Оның шығармалары ел ішінде кеңінен тыңдалып, қырғыз эстрадасының дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Танымал әндері: «Кыргыз бийи», «Жаным», «Сүйүүм».
Өзбекстан. Зиода Қобилова (Ziyoda Qobilova) 1989 жылғы 7 қаңтарда Ташкент қаласында дүниеге келген. Ол 2005 жылдан бері эстрада сахнасында өнер көрсетіп келеді және бүгінде Өзбекстанның ең танымал поп-әншілерінің бірі саналады.
Зиода заманауи өзбек эстрадасының жарқын өкілі ретінде танылды. Оның әндері әлеуметтік желілер мен музыкалық платформаларда миллиондаған тыңдалым жинап, тек Өзбекстанда ғана емес, Орталық Азияның басқа елдерінде де кеңінен танымал. Әнші шығармашылығының басым бөлігін өзбек тілінде орындайды және ұлттық эстраданың дамуына үлес қосып келеді. Танымал әндері: «Hayolim», «Sevadi Yorim», «Yurak», «Kechir»
Тәжікстан. Шабнам Сурайо – 1981 жылғы 14 қазанда Тәжікстанның Кулоб қаласында дүниеге келген. Ол өнерлі отбасында өсті: анасы мен сіңлісі де танымал әншілер.
Шабнам Сурайо– тәжік эстрадасының белгілі өкілдерінің бірі. Ол тәжік тіліндегі әндерді заманауи эстрадалық әуенмен үйлестіріп орындайды. Әншінің шығармалары Тәжікстанда ғана емес, Ауғанстан мен басқа да парсытілдес елдерде танымал. Оның кең тараған әндерінің қатарында «Biyo Ki Burem Bagh», «Bizan Dutora» және «Ishq» бар.
Түрікменстан. Мәхри Пиргулыева (Mähri Pirgulyýewa) - 1988 жылғы 11 наурызда Ашғабат қаласында дүниеге келген. Ол 2007 жылдан бері өнер сахнасында жүр және түрікмен тілінде поп, дәстүрлі музыка мен би-поп жанрларында ән орындайды.
2018 жылы Мәхри Пиргулы́ева Түрікменстандағы «Ýylyň parlak ýyldyzy» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Байқауда ол өзі жазған «Alaja» әнін орындады. 2020 жылы «Ýyldyz» атты музыкалық альбомын шығарды.
Орталық Азия халықтарын тарихи тамыр ғана емес, ортақ мәдени құндылықтар да біріктіреді. Солардың бірі – музыка. Өз ана тілінде ән айтып, ұлттық өнерді дәріптеп жүрген әншілер халықтың мәдени мұрасын сақтап қана қоймай, оны жаңа буын мен халықаралық аудиторияға танытып келеді. Бүгінгі таңда олардың шығармашылығы Орталық Азияның мәдени келбетін әлемге танытуда маңызды рөл атқаруда.
