Алматының нашар экологиялық ахуалы бір бүгін көтеріліп отырған мәселе емес. Әлі күнге шешімін таппаған соң бұл тақырыпқа қайта-қайта оралуға тура келеді. Өткен жылдың басында ауадағы қорғасынның мөлшері қалыпты деңгейден 100 пайыз асып кеткені айтылған. Арада жылжып жыл өткенмен сол мәселе тағы алдымыздан шығып отыр. Алматылықтар қандай ауамен тыныстауда? Қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қызметкерлері жағдайды бақылау үшін арнайы зерттеу жүргізген.
«Алмалы, Жетісу, Наурызбай аудандарындағы ауада қорғасын қалыптағы мөлшерден 1,2-2,2 есе артқан. Сондай-ақ ауада азот диоксиді, күкіртті ангидриді, көмірсутектер, көміртек тотығы, күйе мен азот тотығы да қалыпты деңгейден асып кеткен. Ауа атмосферасынан барлығы 10 290 сынама алынған. Жоғары деңгей 2 651 сынамада байқалған», – дейді Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекшісі Айзат Молдақасымова. Дәрігерлердің айтуынша, ауа атмосферасының осыншалықты ластануы адамдардың тыныс алу жүйесіне кері әсерін тигізеді. Қазіргі таңда алып шаһарда бронх қабынуы, демікпе мен аллергиялық аурулар асқынып тұр. Сарапшылар Алматыны еліміздің аллергиялық аурулар астанасы атағалы да біраз болды. Ол кезде аллергологтар бұл арамшөптердің көбеюі салдарынан орын алып отырғанын айтқан болатын.
Қыс мезгілінде ауа ластана түседі
Алматы экологиясына кері әсерін тигізіп отырған басты екі мәселе бар. Оның бірі – жылу электр стансалары болса, екіншісі – қала көшелерінде жүйткіп жүрген 700 мың автокөлік. Шаһар ауасы, әсіресе, қыс мезгілінде ластана түседі. Себебі жекеменшік сектордағы үйлер көмір жағады. Тұрғындар көгілдір отынға ауысу жайлы ойланбай отырған жоқ. Әйтсе де, әр үйді газ құбырына қосу оңай шаруа емес. Бұл – тұрғындардың қалтасына біраз салмақ түсіретін жағдай. Сондықтан көгілдір отынға толық ауыстыру үшін біраз уақыт керек болатын сыңайлы. Осындай фактордан ауаға қорғасын, фармальдегид, азот диоксиді мен күкірт қышқылы сияқты зиянды қалдықтар тарайды. Қаладағы жылу электр стансасы мен кәсіпорындарды толығымен көгілдір отынға ауыстыру жайы да ара-тұра айтылып қалады. Экобелсенді, қоршаған ортаны қорғау туралы сайттың құрушысы Павел Александров денсаулығын ойлаған әрбір адам медициналық маска киіп жүруі керек деген бастама көтергені де есте. «Лас ауа күні бойы қаланың ең жоғары аудандарына дейін жетеді. Қала бойынша ластану деңгейі қалыпты нормадан бірнеше есе арта түседі. Сондықтан көшеде міндетті түрде (медициналық) маска киіп жүру керек», – дейді қоғам белсендісі.
Көліктен келетін зардап көп
«Алматы-2050» даму стратегиясында қала аймағында ауаға жыл сайын 122 мың тонна зиянды заттар жіберілетіні айтылған. Оның 65 пайызы көліктен келеді. Қаладағы 500 мың көлік пен қала сыртынан келетін 200 мың көлік бұған айрықша үлес қосуда. Қала әкімшілігінің мәліметіне қарағанда, зиянды қалдықтың 27 пайызын Екібастұз көмірін пайдаланатын ЖЭС-2 шығарып отыр. Стратегияда ортамерзімді жоспар бойынша 2030 жылға дейін экологияны жақсарту, оның ішінде ЖЭС-ін қайта жаңғырту туралы айтылған.
– Алматы қаласының экологиялық ахуалы, атмосферада зиянды заттардың көптігі айтылғалы біраз болды. ЖЭС-2 мен қаладағы көліктің көптігі бұған басты себеп. Көліктер пайдаланып отырған жанармай сапасы нашар. Біздің елде әлі еуростандарт енгізілген жоқ. Дизель отынымен жүретін қоғамдық көліктер көп. Ауада зиянды заттардың көптігі адамдардың тыныс мүшелері арқылы олардың денсаулығына кері әсер етіп отыр. Осы мәселені шешуге 10-20 жыл бұрын кірісуге тиіс едік. Бұл мәселені шешуде не істеуге болады? Біріншіден, газбен жүретін автокөліктерді көбейтуіміз керек. Қоғамдық көліктердің бәрін газға алмастырған жөн. Газ құятын стансалардың қатарын көбейту керек. Экологиялық альянс әкімшілікке ЖЭС-2-ге, басқа да өндіріс орындарына жаңа технологияны енгізу жайлы ұсынысын айтты. Бұл жобада ЖЭС мұржаларына сүзгі қойылады. Сүзгі жағылған көмірді 97 пайызға тазалайтын болады. Әкімшілік алдағы уақытта қандай шешім қабылдайтынын күтіп отырмыз. Бұл жерде екі нұсқа бар. Бірі – ЖЭО-2-ні тұтас газға алмастыру, екінші – біздің технологияны пайдалану. Біз ұсыныс жасап отырған технологияны пайдалану шамамен 50 миллиард теңге тұрады. Ал газға алмастыру – 500 миллиард теңге. Яғни, 10 есе қымбат. Біз өз технологиямызды таныстырдық. Екіншіден, Алматы қаласын жасылдандыру жобамызда бар. Жоба бойынша 1 миллион түп ағаш отырғызу көзделген. Егер осы жобамыз іске асса, онда Алматы шаһарының экологиясын жақсартуға біраз серпіліс жасалар еді. Экологияның нашарлауы ең алдымен адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Ұлтымыздың денсаулығы жақсы болып, салауатты өмір сүреміз десек, ең бірінші экологияны дұрыстауға тиіспіз. Біз, адамдар, экологияны қолдан құртып отырмыз. Бақылаудың нашарлығынан, халықаралық стандартты ұстанбағандықтан осындай күйге түстік, – дейді «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының президенті Азаматхан Әміртай.
Экологиямен айналысатын кез жетті
Алматы тұрғындарын жылу мен электр энергиясымен осы күні үш ЖЭС қамтамасыз етеді. Оның бірі – Сейфуллин даңғылы бойында, екіншісі – Алғабас ықшамауданында, ал үшіншісі – Өтеген батыр кентінде орналасқан. ЖЭС-2-ні газға алмастыру жайында 2011 жылдан бері мәселе көтеріліп келеді. Дегенмен әлі де бір тоқтамға келген жоқ. Статистика бойынша, алматылықтардың әрбір үшіншісі – тыныс алу жолдары ауруларымен, әрбір төртіншісі – демікпемен, ал әрбір оныншысы – аллергиямен ауырады. Демек, бұл – Алматы экологиясымен шындап айналысатын уақыт әлдеқашан жетті деген сөз. Метро, троллейбусты кеңінен пайдалану, қала маңындағы елді мекендерге электричкамен қатынау, көліктерді қалаға мейлінше аз енгізу мәселесі жиі айтылады. Осы мәселенің бәрі ыңғайланып, көгалдандыруға көңіл бөлсек, әсем шаһардың сұлулығымен қоса экологиясына да айтарлықтай пайдамызды тигізген болар едік.