Ақшаны құжатсыз айырбастай алмаймыз
Ақшаны құжатсыз айырбастай алмаймыз
223
оқылды

Айырбастау бекеті құ­жа­тын көрсетпеген аза­мат­тарға валюта сатпауы мүм­кін. Өйткені бұдан бы­лай шетел валютасын ал­ғысы келгендерге жеке ба­сын куәландыратын құ­жат­ты ұсынуы міндет.

Жаңалықтар «Қазақстанда қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйым­дастыру қағидаларын бе­кіту тура­лы» Ұлттық банк бас­қар­масының 2019 жылғы 4 сә­уірдегі №49 қау­лы­сына өзгеріс­тер мен толықты­рулар енгізу ту­ралы» жаңа қаулы арқылы өмір­ге жолдама алды. Құжатқа сәйкес, егер азамат айыр­бастау пункті немесе валютамат арқылы 500 000 теңгеден көп со­маға ва­люта сатып алғысы немесе сон­ша валютаны теңгеге айыр­бас­тағысы келсе, одан енді міндетті түрде жеке деректері сұралады.

Атап айтқанда, айырбастау бекетінің «тізілімдер журна­лын­да» осынша ақшамен келіп тұр­ған клиенттің «жеке басын куә­ландыратын құжатының де­рек­тері: аты-жөні, құжаттың беріл­ген күні, нөмірі, қолданылу мер­зімі, ондағы жеке сәйкес­тен­діру нөмірі, сонымен қатар оның заңды мекенжайы жазылуға» тиіс.

Сондай-ақ жарты мил­лион­нан аз, тіпті 100 доллар алатын адам­нан да жеке куәлігі талап етіледі. Бірақ мекенжайы сұрал­майды.

Дегенмен шетелге турист ре­тінде шығып жүрген азаматтар мемлекеттердің көпшілігінде айырбастау пункті құжат сұрат­пайтынын жақсы біледі. Себебі әр келушінің дербес деректерін журналға мұқият жазып отыру біраз уақыт алатыны мәлім. Бұ­ған бас қатырғысы келмеген Ұлт­тық банк бизнеске тек бұл про­цесті автоматтандыруды ұсынды.

Ел ішінде және әлеуметтік же­ліде көтерілген дүрбелеңге қа­тысты Ұлттық банк өкілі бір нәр­сені нақ­ты­ла­ды: 500 мың теңгеден аса­тын қа­ражатты айырбастауға қатыс­ты ешқандай өзгеріс жоқ. Өйт­кені мол ақшалы клиенттің жеке куә­лігі деректерін, ЖСН-ін, мекен­жайын тіркеу туралы талап бекітіп қо­йыл­ған. Жел­тоқ­сандағы жаңа қаулы тек 500 мың­нан аз сомада жеке куә­лік­ті көр­сету талабын енгізіп отыр.

Жомарт Қажымұратов қоғам­ның және бизнес ортаның ұсы­ныстары, сын-ескертпелері көп түскенін айтады.

Мысалы, әу баста банкке тәуелді емес барлық айырбастау бекетінен жарғылық капита­лының көлемін қолданыстағы 30 миллионнан 100 млн теңгеге дейін арттыру көзделді. Қабыл­данған нұсқада ол сома кенттер мен шағын қалалардағы бекеттер үшін 50 млн теңгеге азайтылды.

Қалай болғанда да барлық ірі қалалардағы айырбастау бекеті биылғы сәуірге дейін жарғылық капиталын 100 млн теңгеге дейін жеткізуге қаржы таппаса, не жа­бы­луға, не бизнесін сатуға мәжбүр бо­лады. Демек, алдында бизнес қа­уымдастық сынаған­дай, жаңа қау­лы бұл нарықтағы ойыншы­лар­дың, тиісінше көше­дегі айыр­бас бе­кетінің азаюына соқтыруы мүмкін.