Зорлықшыл оқушы қыздардың үлесі – 15%
Зорлықшыл оқушы қыздардың үлесі – 15%
553
оқылды

Әлімжеттік пен зорлық-зомбылық мектептерге дендей енген. Қазақстандық әрбір бесінші жасөспірім не буллингтің құрбанына айналады немесе өзі соған қатысады. Жаңа заманда бұған кибербуллинг қосылып отыр. Бұл жайында Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау орталығы хабарлады.

Ағылшынның bully, яғни қор­қыту сөзінен туындаған буллинг әлем елдеріндегі барлық мектеп­терде кең таралған құ­былыс. Ол тек күш қолданылатын агрес­сия­ны ғана білдірмейді, бұл психо­логиялық қысымнан, қорқытып-үркітуден, өсек таратудан, қоқан-лоқы жасап, ақша талап етуден, мазақтаудан көрініс береді.

– 2018 жылы қоғамдық ден­саулық сақтау орталығы ғалым­дарының «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» атты зерттеу тобы жасөспірімдер арасындағы ден­саулық пен әл-ауқат көрсеткіш­терін анықтау үшін оқушылар арасында сауалнама жүргізді. Мұндай көрсет­кіштерді зерттеу тобы әр 4 жыл сайын жинайды. Сауалнама ба­рысында шәкірт­терден соңғы 2 айда олардың буллинг түрлеріне қаншалықты жиі қатысқаны, не болмаса өздері соның құрбанына айналғаны туралы сұрақтарға жауап беруді өтіндік, – деп түсіндірді орталық мамандары.

Зерттеу тобы ғалымдарының байламынша, әлімжеттікке қа­тысушылардың да, оның ныса­ны­на айналғандардың да болашақта психикасында проблема тууы ықтимал.

Сонымен, 11-15 жастағы жасөс­пірімдердің 17 пайызы мектепте айына бір және одан көп рет буллингке душар болған. Ауылға (14 пайыз) қарағанда, бұл құбылыс қала оқушылары (19 па­йыз) арасында жиі бой көрсетеді. Қыз балалар арасында қор бола­тындар үлесі 18-20 пайызға дейін жетеді.

Ұлдар мен қыздар арасында буллингтің таралуы 15 жасқа жа­қындағанда 13-15 пайызға дейін азаяды.

Мектепте басқа оқушының намысын таптауға 11-15 жастағы ер жасөспірімдердің 25 пайызы айына бір немесе бірнеше рет қатысқан. Зорлықшыл қыздардың үлесі – 15 пайыз. Мұндай қарау қарекет­терге, әсіресе 11 және 13 жастағы ер балалар бейім тұратын көрінеді.

«Мұның сыртында жаңа тех­нологиялардың дамуы және әлеу­меттік желілердің танымал болуы нәтижесінде кибербуллинг пайда болды. Бұл жаңа түріне интернет арқылы әлдебір оқушы­ның ар-намысын қорлайтын хабарламалар жіберу, әлеуметтік желідегі аккаунт­та менменсіген пікірлер жазу, ұятқа қалдыратын фото­суреттерін орналастыру, сондай-ақ электронды форматта біреуді қорқыту, доқ көрсету жа­тады. Ки­бербуллинг жасөспірім­нің ден­сау­лығына кері ықпал ете­ді және оның бойында депрес­сия, маза­сыздық, өзін-өзі төмен баға­лау, көңіл күйдің бұзылуын тудыруы, психобелсенді заттарды қолдануға итермелеуі, тіпті өзі­не-өзі қол салуға соқтыруы ық­тимал», – деп ескертеді зерттеуші ғалымдар.

11-15 жастағы қазақстандық жасөспірімдердің 12 пайызы көп мәрте кибербуллингке ұшы­рағаны айқындалды. Осындай тәсілмен басқа баланың жігерін жасытуға жасөспірімдердің 11 пайызы атсалысқан.

Ғалымдар пікірінше, мек­тептегі әлімжеттікті азайту үшін буллингтің алдын алу бағдар­ламасын енгізу, ата-аналарды тарту, тәртіпке шақыру әдістерін қолдану, мектепте достық ауанды және әлеуметтік ахуалды жақ­сарту, балаларды қадағалау ша­раларын енгізу қажет.

Ұлттық деңгейде кешенді стра­тегия, профилактикалық бағдар­ламалар, жұртшылықты кең ақ­параттандыру, буллинг-кибер­бул­линг құрбандарына қолдау көрсету қызметін дамыту маңызды.