Адвокат: кімге жақ, кімге жат?
Адвокат: кімге жақ, кімге жат?
346
оқылды

Қазақстанда азаматтарды сотта қор­ғау сапасы кө­біне сын көтермейді. Қа­рағандылық заңгер Евгений Тан­ков­тың сот процесі үстінде судьяны ма­саұрғышпен саба­ғаны, оның арты судья­мен төбелеске ұласқаны бей­неленген видеожазбаны интернеттен көріп, ха­лықаралық қоғамдастық жаға ұстады, өткір сын айтты. Әділет министрлігі біраз адвокаттың алаяқтығын да әшкерелеген. Неге бұл сала осынша деградацияға ұшырады?

Әлгі сорақы оқиға 2014 жыл­­ғы шілде айында болған-тын. Заң бойынша судьяға қол көтермек түгіл, ба­лағат сөз айтуға, тіпті сөзін бө­луге, рұқ­­сат­сыз сөйлеуге тыйым салын­ған. Бұл – өр­ке­ниет­ті елдердің тәжірибесі. Осы арқылы мем­лекетте заңның үстемдігі қам­тамасыз етіледі. Ал судья – Ата заң мен заңнаманың өкілі, заңдылықтың ұстыны.

Мұны қарапайым адам біл­месе де, заңгер жақсы білуі тиіс. Алайда қазақстандық адво­­катура «сүйегіне дақ сал­ған» оқиғаны аудандық сот залындағы бақылау камерасы тіркеген. Соны айғақ еткен «Фемида» агрессивті адво­катты 3 жылға бас бостандығынан айырды.

Евгений Танков 2016 жыл­ғы 16 қыркүйекте босап шық­ты. Ол темір тордың ар жа­ғында оты­рып, жазасын бас бостандығын шектеуге ауыс­тыруды немесе мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды сұрап, талап-арыз жолдаумен болыпты. Бірақ ынтымақтастық білдірді ме, кім білсін, әртүрлі инстанциялардағы судьялар өз әріптесіне күш көрсетіп, қорлаған адвокатқа мейірімділік танытпады. Сотталушы түрмеде аштық жариялады. Тек колония әкімшілігінің талабы бойынша сот жаза мерзімін жарты жылға кеміткен. Сөйтіп, Е.Танков ма­саұрғыш сіл­тегені үшін 3 жыл орнына 2,5 жыл отырып шықты.


Екі ортада аңқау адам жем болады

Үкімет мүшелеріне, құқық қор­ғау органдары атына азамат­тардан түсіп жатқан шағымдар жанайқайға толы. Олардың бі­разы адвокаттардың біліктілік таныта алмағанын, ал судьялар­дың қайырымдылық көрсет­пе­генін білдіреді.

Шағымдардың бірінің иесі Ви­талий Дмитриенко өз туғаны Алексей Гимель­райхтың қыз зор­лау үшін заңсыз соттал­ғанына се­німді: «Алексейге таңылған айып, қылмыс дәлелденбеген. Қыл­мыстың ізін суытпай, бірден тергелген жәбірленуші қыз өзінің заңды өкілінің көзінше болған жайтты егжей-тегжейлі айтып береді. Ол 2019 жылғы 1 қаңтарда, түнгі бірде үйінен шығып, ауыл жастары «жаңа жылды» мерекелеп жатқан үйге барады. Думан үстінде ішімдік ішкен. Ешкім де өзіне күш қолданып, жыныстық сипатта зорлық көрсетпегенін, сондық­тан ешбір адамға шағымы жоғын мә­лімдейді. Рас, сол түні шынымен Алексей Гимельрайх­пен төсектес болған, бірақ бәрі келісім бойынша жүрген. Жә­бір­ленуші төсек ләззатының ег­жей-тег­жейіне дейін айтып берген», – дейді арызданушы.

В.Дмитриенконың баянда­уынша, ол қыз диванда ұйықтап жатқан Алексейге өзі келген, құ­шақтап, аймалаған, ше­шініп, өзі қасына жатқан. Ақыл-есі сау, ма­­саймағанын жеткізген. Ол Алек­сеймен әлеуметтік желіде хат алыс­қан, қоңырау шалысқан, ара­­ларында қарым-қатынас туын­дай бастаған. Сонда зорлау тура­лы іс не үшін қозғалып отыр? Төсектегі махаббатқа Алексейдің бұрынғы қызы куә болыпты. Жас жігітке қатты өшіккен ол поли­цей­лерді шақырып, зорлау орын ал­ғанын майын тамыза баян­дай­ды. Оның дерегінше, бой­жет­кен­нің масайып қалғанын Алек­сей пайдаланып, күштеп иліктірген.

Айыптаушы тараптың басты куәге­рінің осы айтқанын басқа барлық куәгер жоққа шы­ға­рады. 2019 жылғы қаңтар-мамыр­да жігіт тек куәгер мәртебесінде тер­геуге шақырылады. Одан ке­йін тұтқындалған. Сот залында еш­қандай зор­лау оқиғасы бол­мағаны дәлелден­генімен, судья Алексей Гимельрайхты 10 жылға соттады. Әскери борышын жаңа ғана өтеп оралған жас жігіттің ен­дігі өмірі тар қапаста өтпек. Со­рақысы, оған «зорлықшыл» деген қарғысқа бергісіз қарғы тағылды.


Министрлік дерегінше, 2017-2019 жылдары Әділет департа­мент­іне қазақстандықтардан адво­каттардың іс-әрекетіне қа­тыс­ты 685 шағым түсіпті. Және арыз­дар көлемі артуда: 2017 жы­лы – 176, 2018 жылы – 286, ал 2019 жылдың 9 айында ғана 223 адам шағымданған. 


Өз қызына емес, айыптаушы жаққа сенген бойжеткеннің ата-анасы да Ги­мельрайхтан 2,3 мил­лион теңгеден астам моральдық және материалдық залалды өтеуді талап етіп жатқаны мәлім болды.

– Бізде судьялар негізінен күш құ­рылымдарынан немесе сот жүйесіндегі ұқсас мамандық­тар­дан шыққан, яғни бұрынғы хат­шылар, приставтар, әкім­шілер. Олар айыптау үкімін шығаруға жақын тұрады, – дейді белгілі адвокат Джохар Өтебеков. Ол кей­бір қорғаушы­лардың білік­тілігі нашар, білім таяздығын да жоққа шығармайды.

Ал заң ғылымдарының док­торы, профессор Эдуард Мұха­мед­жанов дамыған елдерде көбіне адвокатурада жұмыс тәжірибесі бар мамандар судья болатынына назар аудартады. Өйткені олар қылмыскерлер мен қорғаушы­лар­дың қулығын да, әлсіз тұс­та­рын да біледі, іске әр қырынан қарайды.

 

Бақталастар тайталаспай өтпейді

Сарапшылар біраз жылдан бері адво­каттар қауымдастығы мен Әділет минис­трі Марат Бекетаев арасында текетірес жүр­геніне нұсқайды. Бұл арпалыста тараптар талай итжығыс түсе келе, ақыры кейінгі кезде ми­нистр табысқа жете бастады. Елде заңнама қайта жазылды.

2018 жылы 1 қазанда Респуб­ликалық адвокаттар алқасының төрағасы Әнуар Түгел өз лауа­зы­мынан кететінін жария­лады. Ол 2017 жылы заңгерлік көмек са­ласындағы Әділет министрлігі ұсын­ған реформаға өзге адво­кат­тармен бірге наразылық таныт­қанын еске салды.

– Бас біріктіре отырып, адво­катураға мемлекеттік реттеудің күшеюіне қарсы шықтық. Ха­лықа­ралық стандарттардың сақ­талуын және адвокатураның тә­уелсіздігін жақтадық. Соған қа­рамастан ха­лықаралық талаптарға сай кел­мей­тін, ЕҚЫҰ теріс ба­ғалаған адво­ка­тура туралы жаңа заң қабылданды. Оның принципті ережелеріне қар­сы адам ретінде енді оны өмірде жүзеге асырумен шұғылдана ал­маймын, – дейді Ә.Түгел.

Ал Әділет министрлігінің бай­ла­мынша, саланың жағдайы мем­лекет араласуын қажет етеді. Ве­домство са­ладағы проблемалар қатарында адвокат­тардың тап­шылығын, олардың кәсіби деңге­йінің төмендігін, бәсекеге қабі­лет­сіздігін атады. Мысалы, ше­тел­дік инвес­тор­лар оларға жү­гінбейді, жоғары жала­қысын, бонусын, жолақысын және бас­қасын төлеп, шетелден сенімді заңгерді алғызады.

Министрлік дерегінше, 2017-2019 жылдары Әділет департа­мент­іне қазақ­стан­дықтардан адво­каттардың іс-әре­кетіне қа­тыс­ты 685 шағым түсіпті. Және арыз­дар көлемі артуда: 2017 жы­лы – 176, 2018 жылы – 286, ал 2019 жылдың 9 айында ғана 223 адам шағымданған.

Тексеру нәтижесі бойынша, ниеті арам, біліксіз, қорғауға құ­лықсыз 129 ад­во­кат тәртіптік жа­заға тартылды. Бұ­лар­дың саны да өсуде: 2017 жылы – 41, 2018 жы­лы – 58, 2019 жылдың 9 айында – 30.


109 адвокаттың лицензиясы тоқта­тылған немесе күші жо­йыл­ған. Олардың кейбірі басқа салаға ауысып, адвокаттық құжатынан бас тартқан. Бірқатарын лицен­зиясынан сот айырыпты.

– Адвокаттық қызметпен ай­налысу үшін Қазақстанның 13 мың­ға жуық аза­ма­ты лицензия ал­ды. Алайда іс жүзінде адво­кат ре­тінде тек 5 312 адам немесе ли­­цензиясы барлардың 41%-ы ай­на­лы­сады. Қазақстанда әр 3 400 адамға 1 адво­каттан ғана келеді. Дамыған елдерде, мысалы, Гер­ма­нияда әр 500 адамға 1 ад­во­кат, Францияда 1 200 адамға 1 адвокат бар. Адвокаттар саны барша қа­зақ­стан­дықтарды білікті заң­гер­лік көмекпен қамту үшін жеткі­ліксіз, – деді Әділет министрлігі.


Жаңа реформа не әкелді?

Реформа басталғанға дейінгі 8 жылда, 2010-2017 жылдар ара­лы­ғында адвокаттар қатары не­бәрі 562-ге ғана көбейген. Са­лыстыру үшін айтсақ, жаңа заң кү­шіне енген 2018 жылғы шіл­деден 2019 жыл соңына дейінгі арада олардың сапына тыңнан 558 қорғаушы қосылыпты.

Негізі адвокаттар саны артса, олар арасындағы бәсекелестік те күшейер еді. Сонда қорғаушылар өздерінің кәсіби деңгейін арт­тыруға ынталы болады. Бұл елдегі заң көмегінің сапасын жоға­ры­латуға тиіс.

Реформа арқылы Әділет ми­нистрлігі адвокатура саласына жаңа мамандардың көптеп ке­луіне қол жеткізбек. Осы мақсатта «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» жаңа заң аясын­да бұрын болған біраз кедергі жойылды. Мысалы, қорғаушы атану үшін маман ең алдымен ад­вокаттар алқасына мүше болуы керек, әйтпесе лицензия беріл­мей­ді. Ал осы алқалар 680 мың тең­геден 800 мың теңгеге дейін кіру жарнасын талап етеді. Бұдан басқа, маман аумақтық адво­­кат­тар алқасында міндетті тағы­­лым­дамадан өту үшін жылына 136 мың­нан 272 мың тең­геге де­йін тө­леуі тиіс болатын.

Салдарынан кәсіби қызмет бастал­ған­ға дейін адвокат мәр­тебесін алуға үміт­кер 1 миллион теңгедей шығын шы­ға­­руы керек. Кеше ғана университет бі­тірген жаста осынша қаржы қайдан бол­сын?! Одан өткендері шы­ғы­нын қайтару үшін әрі заңгерлер тапшылығын пай­да­ланып, қыз­мет ақысын шектен тыс артты­рады. Енді кіру жарнасына тыйым салынды.

Кінәлі адвокаттың ісін әріп­тестері қарап, көбіне жылы жа­ба салатын. Бүгін­де қоғамдық ба­қылауды күшейту үшін тәртіп­тік комиссиялар құрамына отс­тав­кадағы 2 судья және қоғамның 3 өкі­лі қосылды. 

2020 жылғы 1 қаңтардан бас­тап адво­каттың және заңгерлік кеңесшінің кәсіби жауапкер­ші­лігін міндетті сақтандыру енгі­зілді. Ол бойынша қорғаушы заң көмегін сапасыз көрсеткен жағ­дайда клиенттер сақтандыру өтемақысын талап ете алады.

Ал адвокаттардың қызметін сақтан­дыру сомасы 2 млн 651 мың теңгеге дейін барады екен.

Осы орайда, жақында аудан­дық және қалалық соттар қорғау­шылардан осы сақтандыру ке­лісімшартын ұсынбаса, сотқа жібермей жатқаны туралы хабар тарады. Мұны естіп, Респуб­ли­ка­лық адвокаттар алқасы Жо­ғарғы сотқа наразы хат жолдады. Оның төрайымы Қадыржан Баймұ­ха­нова бұл талаптың не­гізсіз еке­нін, заң бойынша қор­ғаушы тек ад­вокат куәлігін және қорғау туралы жазбаша хабар­ламаны көрсетсе, жеткілікті еке­нін қадап айтты. Демек, реформа аясындағы пікір­талас жал­ға­са­тынға ұқсайды.