АЭС дауы қайдан шықты?
АЭС дауы қайдан шықты?
397
оқылды

Еліміз электр энергиясын көбірек пайдалана бастады. Қуат көзіне деген қажеттілік бір жыл­да 2%-ға өскен. Былтыр қаңтар-қараша ара­лы­ғында 96,7 млрд кВт-сағат электр энергиясы өн­дірілген, бұл 2018 жылдың осы кезеңінен 0,4%-ға аз.

Сарапшылар Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көрсеткіші тұрақты түрде өсіп отыратынын болжап отыр. Мәселен, 2030 жылға қарай сұраныс 136 млрд кВт-сағатқа өссе, 2025 жылға қарай 172 млрд кВт-сағатқа жетеді деп күтілуде.

Еліміздегі ең көп электр энергиясын өндіретін өңір – Павлодар, облыс республикадағы жалпы өндіріс көлемінің 40,6%-ын (39,3 млрд кВт-сағат) беріп отыр. Одан кейінгі орында Қарағанды (14 млрд кВт-сағат), Шығыс Қазақстан (8,9 млрд кВт-сағат) және Атырау ( 5,5 млрд кВт-сағат) мен Маңғыстау (4,7 млрд кВт-сағат) облыстары тұр. Аталған бес өңірде елдегі электр энергиясының 74,8% өндіріледі. Дегенмен өндірісті аймақтарда электр энергиясына сұраныс та жылдан-жылға өсуде.


АЭС САЛУ ТАҚЫРЫБЫ
ТАҒЫ КӨТЕРІЛЕ МЕ?

Әдетте, электр энергиясы тапшылығы туралы айтылса, атом электр стансасын (АЭС) салу тақырыбы қоса көтерілетіні бар. Ең алғаш Қазақстандағы АЭС құры­лысы жайлы әңгіме 1997 жылы шықты. Сол кездегі білім және ғы­лым министрі Владимир Школь­ник Маңғыстауда АЭС салудың тиімділігін бірінші болып мәлімдеп, біраз жылдан соң «Қазатомөндіріс» компаниясын басқарған тұста да жиі ескертіп отырғаны есімізде.

Кейіннен сол кездегі Индус­трия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақ­салиев АЭС-ін Курчатов қала­сында салуды ұсынды. Тағы бірер жыл өте Курчатовпен қатар Бал­қаштың Алматы облысы жақ жағалауындағы Үлкен ауылына құрылыс жүргізу жөнінде айтыла бастады. Бір анығы, шенеуніктер тарапынан әр кезеңде бой көр­сетіп жүрген АЭС тақырыбына Қазақстан қоғамы үнемі қар­сы­лық білдіріп келген. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та да түрлі пікір қайшылығы туындады.

Айтқандай, атом стансасы керек деушілерге 2016 жылы сол кездегі энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың мәлімдемесі нүкте қойғандай болғаны бар. Бозымбаев Қазақстанда алдағы 7 жылда АЭС салуға еш негіз жоқ деп кесіп айтты. Әйтсе де айтуын айтқа­ны­мен, бір жыл өткенде оның аузы­нан «атом стансасы құрылысы жо­басының техни­калық-эконо­микалық негіздемесі қаралып жатыр» деген де сөз шы­ғып қалды. Осыған қарағанда, біз­дің Үкімет мүшелерінің кей­бі­рінің аузына «белгісіз бір күштер» АЭС туралы салып тұра ма деп те қаласың...

Атом стансасы туралы соңғы деректің бірі өткен жылдың сә­уірінде шықты. 2019 жылы 3 сә­уір­де Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге ресми сапа­рында Ресей Президенті Вла­ди­мир Путин Қазақстанда ресейлік технология бойынша АЭС салу туралы ұсыныс жасады. Бір қызы­ғы, ертеңінде-ақ сол кездегі энер­гетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев «егер АЭС салу туралы шешім шығатын бол­са, ол Алматы облысындағы Үл­кен ауылында салынады» деп мәлімдеп, стансаның орнын да нұсқаған. Әйтсе де, бұл тақырып әдеттегідей қоғамның қарсы­лы­ғын тудырып, Үкімет тарапынан қайта қозғалмады.


Айта кетерлік жайт, Қазақ­станда өндірілген электр энер­гия­сының 69,7%-ын көмір, 20,0%-ын газ, 9,0%-ын су электр стансалары (кішігірім СЭС-ті қоспағанда), 1,3%-ын жаңартылатын энергия көздері береді. Демек, жел мен күннен және судан алынатын қуат көздерін ұлғайта түскен жөн. 


Көп ұзамай сәуір айының со­ңында Семейге жұмыс сапарымен барған Қ.Тоқаевтың қоғам өкіл­дерімен кездесуінде АЭС салу мәселесінің анық-қанығы сауал ретінде қойылды. Мемлекет бас­шы­сы электр энергиясының тап­шылығы үлкен мәселе екенін, Қазақстанда 2030 жылға қарай жетіспеушілік болатынын айта келе, егер қоғам АЭС салуға қарсы болса, онда шешім қабылдан­байтынын атап өткен. Сонымен бұл тақырыпқа уақытша болса да нүкте қойылғандай болды.

 

АЭС НЕСІМЕН ТИІМДІ?

Ашығын айту керек, атом электр стансасы құрылысын аждаһадай елестетудің де жөні жоқ. Себебі әлемде 200-дің үс­тінде атом электр стансасы жұмыс істеп, электр энергиясын өндіріп тұр. Кейбір мемлекеттерде бірне­ше АЭС жұмыс істеп жатса, Бан­гладеш, Беларусь, Түркия, Өзбек­стан секілді елдер алғашқы атом стансасын салуға кірісуде.

Бұл тұрғыда Қазақстанның да мүмкіндігі мол екені анық, себебі елімізде көмірден бөлек уранның да үлкен қоры бар. Жыл сайын әлемде 60 мың тонна уран өнді­рілсе, сол көлемнің үштен екісі Авс­тралия, Қазақстан, Канада се­кілді көшбасшылардың үле­сінде. Өз жерінде уранның үлкен қоры бар әрі ірі экспорттаушы Қазақстан үшін АЭС салып, ядролық отын түрінде сыртқа сатса, мол пайдаға кенелері де айқын мысал.

Ашығын айту керек, атом электр стансасынан экологиялық таза өнім өндіріледі. Бірақ бетін аулақ қылсын, жарылатын болса, табиғатқа миллион есе қауіп тудыратыны сөзсіз. «Жаман айт­пай, жақсы жоқ», дегенмен Жа­пониядағы Фукусима станса­сындағы апаттан кейін әлем АЭС салудан аяғын тарта бастады. Әсіресе, Германия, Испания, Швейцария, Бельгия, Австрия және Тайван секілді елдер атом энергетикасына көшуді біртіндеп басқа көздерге ауыстыруды қолға алуда. Өйткені АЭС салу айтуға оңай болғанымен, үлкен тәуекелді қажет ететін мәселе. Оның үстіне стансаны жұмыс барысында суы­тып тұру үшін көлемді су көзі қа­жет. Қазақстанда станса суыт­пақ түгіл ауызсу мен егістікке су тапшылығы болады деп экологтар дабыл қағып отырғанын есепке алсақ, дәл қазір атом энергети­касының ауылы бізге алыс.

Екіншіден, дәл қазір Қазақ­станда АЭС салуға Ресейден басқа ұсыныс білдіріп, құмартып тұрған мемлекет те аз. Рас, әлемде атом электр стансасын салудан тәжі­рибесі бар елдер жетерлік, деген­мен Жапониядағы апаттан кейін бұл салаға қызығушылық біршама төмендеді. Осының өзі-ақ энер­гетика нарығы атом өндірісінен «жасыл экономикаға» қарай ауы­са бастағанын білдірсе керек.

Оған қоса, соңғы уақытта Ре­сейдің «Росатом» компаниясы да өз ішінде диверсификацияға көшіп, жел электр стансаларын ор­натуды қолға алды. Айтпақшы, Қазақстанда АЭС салу ісі ұзаққа созылып кеткен соң ресейлік компания стансаны өзбек жерінде салуға талпынып жатыр. Кейбір деректерде Өзбекстанда алдағы екі жылда ресейлік технологиямен салынады деп отырған АЭС-тің жобалық құны 11 млрд доллар бо­лады делінеді. Ресей құрылыс­тың негізгі шығынын өзі көтеріп, ұзақ жылға жеңілдетілген несие негізінде ұсынатыны айтылып қалды. Айтпақшы, Ресей үкіметі Түркияға АЭС салып беру үшін пайызсыз несие ұсынған болатын. Осыдан-ақ көрші елге АЭС салу экономикалық тұрғыдан емес, саяси бағытта тиімдірек екені байқалып тұрғандай.

Сонымен, Қазақстанға АЭС керек пе, жоқ па? Керек болса, оны кім салуы керек? Бұл сауал­дарға да нақты жауапты алу алда­ғы күн­дер­дің еншісінде қалған секілді.

    

БАҒА КӨТЕРІЛЕ МЕ?

«Электр энергиясына сұраныс өскені анықталды, енді оның ба­ғасы қымбаттай ма?» деген сауал туындайтыны анық. Табиғи мо­нополияларды реттеу комитетінің хабарлауынша, биыл тұрғын үй­лерді электр энергиясымен жаб­дықтауға тариф 2018 жылғыдан сәл төмен болады. Яғни, электр­мен жабдықтау 1 кВт-сағат үшін – 12,36 теңге (2018 жылы бір кВт-сағат үшін 12,61 теңге) бо­лады. Осы орайда айта кетейік, 2020 жылы жылумен қамтамасыз ету – 1 Гкал үшін 3115,6 теңге (2018 жылы Гкал үшін – 3 761,2 теңге), сумен жабдықтау – текше метр үшін 67,82 теңге (2018 жылы текше метрге 72,25 теңге), суды бұру – бір текше метр үшін 46,6 теңге (2018 жылы текше метрге 49,51 теңге) көлемінде бекітіледі.

Баға демекші, атом электр стансасынан қуатты энергия өн­діруге болады. Дегенмен оның бағасы дәстүрлі энергия көзде­рінен алған электр энергиясының бағасынан қаншалықты айыр­масы болуы мүмкін? Ресейлік БАҚ-та жазылған деректерге сүйенсек, Ресейдегі Нововоронеж АЭС-2 стансасынан өндірілген 1 кВт-са­ғаттың құны 5,53 рубльді (0,087 доллар) құрайды. Ал Қа­зақстанда жаңартылатын энергия көздерін қолдау тарифіне келсек, 1 кВт-са­ғаты үшін 31,68 теңге (0,081 дол­лары). Демек, заманауи атом электр стансаларының электр энергиясы жаңартылатын энергия көздеріне қарағанда сәл де болса қымбатқа түсетіні көрініп тұр.


НЕГІЗГІ ҮМІТ БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІНДЕ

Энергетика министрлігінің дерегіне сүйенсек, елімізде электр энергиясы 138 электр стансасы­нан (оның ішінде ЖЭК ны­сан­дары да бар) өндіріледі. Бұл электр стан­са­лардың белгілен­ген қуаты 21 673 МВт-қа тең (1 МВт – 1 млн ватт).

Соңғы бес жыл ішінде электр стансаларының қуаты 2470 МВт-қа артты. 2018 жылғы мәлімет бойынша, республикадағы электр стансалары жабдықтарының пайдалану мерзімі орта есеппен 32 жылды құраса, ең ескісінің уақыты 70 жылдан асып кеткен.

Айта кетерлік жайт, Қазақ­станда өндірілген электр энер­гия­сының 69,7%-ын көмір, 20,0%-ын газ, 9,0%-ын су электр стансалары (кішігірім СЭС-ті қоспағанда), 1,3%-ын жаңартылатын энергия көздері береді. Демек, жел мен күннен және судан алынатын қуат көздерін ұлғайта түскен жөн. Бұл тұрғыда ел Үкіметі үлкен жоба­ларды бастаған. Мысалы, осы жыл­дың аяғына дейін Қоршаған ортаны қорғау министрлігі эко­номикалық және энергетикалық дамудың әртүрлі сценарийлерінде көмір мен газды ауыстыру немесе пайдалануды азайту мүмкіндіктері мен артықшылықтарын қарас­ты­ратын Қазақстан үшін 2050 жыл­ға дейін төмен көміртекті даму стратегиясын әзірлеуі тиіс. Төмен көміртекті дамуға көшудің маңыз­ды аспектісі жаңартылатын және балама энергия көздерін дамыту болады. Тұтастай алғанда, страте­гияны іске асыру парниктік газдар шығарындыларын азайтуға ықпал етеді, бұл Париж келісімінің та­лаптарын 2030 жылға дейін орын­дауға мүмкіндік береді. 2020 жыл­дың аяғында Қазақстанда жаңар­тылатын энергияның 95 нысаны іске қосылуы керек. Энергетика ми­нистрлігі өндіріс көлемін 3 па­йызға жеткізуді жоспарлап отыр.

Париж келісімі демекші, қаң­тардың соңында Давостағы Дү­ниежүзілік экономикалық форум­ға жиналатын әлемдік көшбас­шылар мен инвесторлар бұл та­қы­рыпты тағы бір пысықтап, 2015 жылы Парижде уәде етілген мін­деттемелер сұралады. Оған қоса, бұл жолы форумға Грета Тунберг бастаған жас белсенділер де қатысып, нақты іске көшу туралы талап күшейеді деп күтілуде.