Несін жасырайық, бүгінде Шымкент қаласының қазынасында қаржы жетіспеушілігі бар. Қаланың 2019 жылғы бюджеті 240 млрд теңгені құраған. Алайда бұл қаржы үшінші мегаполистегі толып жатқан мәселелерді шешуге жеткіліксіз. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте айтқан болатын.
Бюджеттің жетіспеуі салдарынан әлеуметтік, білім, медицина, ауыл шаруашылығы және құрылыс, коммуналдық саладағы бірқатар мәселе күрделі күйінде қалып тұр. Осы жиында қала әкімінің орынбасары тұрғын үйлерді сатудан қазынаға 23 млрд теңге құйылады деп жоспарланғанымен, оның 17 миллиарды түспейтін болғанын атап өткен. Себебі құрылысты аяқтауға қосымша қаражат керек болғандықтан, аталған үйлер пайдалануға берілмеген.
Сонымен қатар Ербол Садыр қаржы жетіспеушілігі мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ардагерлердің мемлекеттен алатын тиісті қолдауларына да әсер етіп жатқанын тілге тиек еткен. Әрине, барлық мәселе ақшаға тіреледі емес пе?! Былтыр Шымкенттің кейбір коммуналдық мәселелерінде және ауыл шаруашылығында да осындай қаржы тапшылығы сезілген.
Шенеуніктің шырылдайтынындай-ақ бар. Облыс орталығынан бөлініп шыққанына аз уақыт болған мегополистің әлі де жамайтын жыртығы көп. Бір сөзбен айтқанда, «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледінің» кері.
Өкінішке қарай, «қайтсек бюджет қорын толтырамыз, әлеуметтің әлеуетін арттырамыз?» деп отырған билік өкілдерін кейбір тойымсыздардың әрекеті ашындырады. Жуырда Шымкент қалалық прокуратурасында өткен Алқа мәжілісінде бюджетті қалыптастыру кезіндегі көптеген заңсыздықтың беті ашылды. Мұнда бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігі де назардан тыс қалмады.
Прокуратуралық тексеру кезінде Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында мегаполистегі жылу құбырлары желілерін қымтау жұмыстарына қазынадан бөлінген 33,2 млн теңге шамасындағы қаржыны жымқыру дерегі анықталған. Бұдан бөлек бұған құны 7,3 млн теңге болатын, алайда іс жүзінде атқарылмаған жұмыстарды қосыңыз. Аталған екі дерек бойынша бүгінде прокурорлар арнайы тергеу жүргізіп жатыр.
Шымкент қаласының прокуроры Мақсат Қожабаев прокурорлық тексеру барысында былтыр бұл бағытта 4 сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарының жүргізілуіне бастамашылық жасалғанын атап өтті. Оның ішінде 2 тұлғаға қатысты қылмыстық іс 90 млн теңге залал өндірілуіне байланысты қысқартылыпты. Прокурорлық актілер негізінде 10 тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылып, мемлекетке келтірілген 120 млн теңге залал қайтарылған.
Қолданылған шаралар негізінде 1,9 млрд теңге болатын мемлекеттік сатып алу туралы ашық конкурс қорытындысы қайта қаралып, бірқатар шешімнің заңсыз қабылдануына жол берілмеген. Сонымен қатар әлеуетті өнім берушілер тарапынан жалған құжат ұсынудың 7 дерегі белгілі болған.
Ал «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асырудың заңдылығына жүргізілген тексеру қорытындысында «НТР» ЖШС тарапынан «Қайнар-бұлақ» тұрғын алабында орналасқан мектеп құрылысын жүргізу кезінде құны 52,4 млн теңге болатын жұмыс әлі атқарылмаса да, мәліметке қосылып кеткен. Сондай-ақ «Тур Ахмет» ЖШС №1 клиникалық ауруханасына құны 56,5 млн теңгені құрайтын медициналық құралдарды жеткізбеген. Алқа мәжілісінде жергілікті атқарушы органдарға орын алған кемшіліктерді жоюға тапсырма берілді.
Айтайық дегеніміз, осындай қазына қаржысын қарпып қалуды көздейтіндер жоғарыда қала әкімінің орынбасары айтып кеткен мүмкіндігі шектеулі жандар мен ардагерлердің тиісті көмектерін ала алмай отыруына да «септігін» тигізіп отырғанын сезінсе екен...
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы