Министр Түркістанда АӘК туралы түсіндірді
Министр Түркістанда АӘК туралы түсіндірді
237
оқылды

Өткен жылы Түркістан облысында 110 мыңға жуық отбасына 70 млрд теңге көлемінде АӘК төленді. Атаулы әлеуметтік көмек алушы еңбекке жарамды 43 мыңдай адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 6690 адам кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз ісін ашты. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің Түркістан облысына арнайы іс-сапары барысында белгілі болды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевпен бірге өңір тұрғындарымен кездесіп, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдерін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Арнайы жұмыс тобы Түркістан, Кентау қалаларының Халыққа қызмет көрсету орталығында болып, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

«Мемлекет көмекке мұқтаж жандарға, балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі. Бұл ең басты қағида. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Бұл тұста айта кететін жайт, мемлекет жұмыс табуға не шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Көпбалалы отбасыларға республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізіледі. Бұл үлкен отбасыларға, яғни, 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар азаматтарға, олардың табысына қарамастан төленеді», - деді Біржан Нұрымбетов.

Арнайы жұмыс тобы мемлекет тарапынан беріліп отырған жәрдемақыға жеке кәсіп ашқан отбасында болды. Сондай-ақ өңірдегі көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылармен кезесіп, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдерін жан-жақты түсіндірді. Жиында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға кең көлемді жауап берілді.

Мемлекеттік көмекке көпбалалы отбасыларды қолдау, табысы аз отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек, табысы аз отбасылардағы балаларға кепілді әлеуметтік көмек кіреді. АӘК табысы аз  отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшелері ұсынылған жұмыстан бас тартса, өкінішке орай,  АӘК төлеу тек қана оларға ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады.

Сонымен қатар, мемлекет тарапынан табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілді әлеуметтік пакеті ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киіммен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Түркістан облысында 110 мыңға жуық отбасына 70 млрд теңге көлемінде АӘК төленді. Атаулы әлеуметтік көмек алушы еңбекке жарамды 43 мыңдай адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 6690 адам кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз ісін ашты.

министр 2.jpg