Тәуелсіздік жайлы сөз қозғағанда отандық спорттың 30 жылдағы жетістіктерінің де еске түсетіні бар. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай қоржынымыздағы алтын мен күмістің сыңғыры алты құрлыққа жетті. Бұл жетістіктер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың спортқа деген қамқорлығының жемісі еді.
Олимпиада дейтін бір белес
Иә, спорттың қай түрі болмасын бағындыруды мақсат тұтатын биік бар. Мәселен, футболшы үшін әлем чемпионы атану мәртебе. Теннисші болса Уимблдон турнирінде, хоккейші әлем кубогінде топ жаруды армандайды. Сол сияқты бір топ спортшының қалауы – Олимп шыңын бағындыру. Бұл доданың сиқыры қандай дерсіз. Мұны былай түсіндірейік. Ғарыш әлемін зерттейтіндер планеталардың Жерден қарағанда бір сызықтың бойына жайғасуын асыға күтеді. Ал жанкүйерлер үшін «планеталар парады» – төртжылдықты түйіндер дода. Спортшы да шетелде елінің байрағын көкке көтеріп, әнұранын шарықтатқысы келеді. Білсеңіз, бұдан асқан әсерлі сәт жоқ шығар, сірә. Еліміздің олимпиададағы жеке дара жорығы 1994 жылдан басталды. Жанкүйер үшін В.Смирновтың жүлделері естен кете қояр ма сірә?! Алғаш Қысқы Олимпиада ойындарында көк байрақты көтерген қырандар күллі әлемге тәуелсіз Қазақстанды таныстырды. Одан кейін 1996 жылы Аталантада өткен Жазғы Олимпиада ойындарында спортшыларымыз атой салды. 96 адамнан тұратын Ұлттық құрама үш алтын, төрт күміс, төрт қола медаль жеңіп алды. Мұның бәрі қарсыластар үшін дабыл белгісіндей еді. Өйткені сол жылы еліміз бокстан қанжығасына төрт медаль байлады. Қуатты қарсыласты алыстан танитын Куба мен Ресей боксшылардың қарқынынан сескеніп қалған-ды. Ал бұл белгі бокс әлемінде бәсекеге қабілетті құрама барын айқын көрсетті. Солай болды да. 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында Бекзат Саттарханов жасындай жарқылдады. 20 жастағы боксшының ширақ қимылы жанкүйерді елітіп, қарсыласты қапы қалдырды. Жартылай жеңіл салмақта (57) бокстасатын жігіттердің іші қылп ете қалды, білемін. Өйткені олимпиададағы әр жекпе-жектен кейін әлемдік басылымдар жаңа жұлдыздың туғанын жарыса жазды. Иә, қазақ аспанында құйрықты жұлдыз туды да, елін қуанышқа бөлеп, қайта ағып түсті. Мұны Сиднейде топ жарған боксшы Ермахан Ибраимов те растайды. Себебі Бекзат шешуші кездесуде ырымдап Ермахан ағасының жейдесін киген-ді. Қос боксшы да ел мерейін өсірді. Оған қоса, Ольга Шишигина да жеңіл атлетикадан алтын алып, жаңа сүрлеу салды. Медаль таққандардың арасында Александр Винокуров (күміс) те бар. Байқасаңыз, аталған олимпиада қазақтың спорт әлеміндегі темірқазығы болғандай. Сол жылы Сәпиев Ермахандай болуға, Рыпакова Шишигинаның ізін жалғауға, Сметов күресте сара жол салуға уәде бергендей әсер қалдырады. Одан кейінгі Афина Олимпиадасында Бақтияр Артаев орта салмаққа (69) қазақтың енін салып қайтты. Бұлай дейтініміз, содан бері олимпиадада бокстан 69 келіде дес бермей келеміз. Аталған салмақта Вэл Баркер кубогын да сан мәрте алдық. Әрі Афина Олимпиадасында әлем Геннадий Головкинді таныды. Күміспен күптелген боксшы көп ұзамай әуесқой бокстағы мансабын аяқтап, кәсіпқой боксқа ауысты. Афинада үздіктер қатарынан көрінген құрамамыз 8 медаль арқалап, елге оралды. Афина мен Пекин Олимпиадасы арасында әлем дауыл алдындағы тыныштық режиміне түскен. Өйткені 2008 жылдан бастап тәуелсіз елдің спорттағы бенефисі басталды. Айтса айтқандай, Пекин Олимпиадасында 17 жастағы Илья Ильин ауыр тасты аспанға көтергенде әлем елімізге таңдана көз тастады. Бокстан Бақыт Сәрсекбаев 69 келінің қазақтың салмағы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұнда да қанжығаны ауыр атлетика, бокс пен күрес майлады. Гимнастика спорты Әлия Юсуповадай қызға қол соқты. Көркем гимнастикадағы азулы қарсыластарға қарамастан 5-орынға табан тіреу маңдай тердің жемісі еді. Ал 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының ел үшін орны бөлек. Тұманды альбионда көк туымыз 7 рет көтерілгенде кеудені қуаныш кернеген. Өйткені Лондондағы бірінші алтынның сыңғыры тосыннан естілді. А.Винакуровтың оза шабатынына көпшілік күмәнмен қараған-ды. Сонда Александрдың қарқынына қызықты ма артына қарайлай берген Ригоберто Уран қапыда шаңның астында қалғанын байқамады. Осындай даңқты сәтті ауыр атлетиканың төрт алтыны жалғады. Жанкүйер де сенімді. Себебі әлем чемпионаты, Азия чемпионаты сияқты жарыстарды бұйым көрмейтін Ильяның екінші мәрте олимпиада чемпионы атануы заңдылық есебінде еді. Зілтемірдің жанына Зүльфия жақындағанда да уайымдамадық. Манезаның тасты серпи көтергеннен кейінгі қуанышы да жұрттың есінде. Ал Подобедованың ресейлік әккі қарсыластарынан оза шапқанын білгендегі эмоциясы есіңізде ме? Сондағы Алексей Нидің қуанышын айтсаңызшы. Төрт бірдей алтын, бір қола. Әрине, 2016 жылы аталған медальдарды допинг дауына байланысты жалпы есептен сызғанымен, жылы естеліктер жадымызда қалды емес пе? Қош, жеңіл атлетикадан Ольга Рыпакованың Пекиндегі қоланы Лондонда алтынға алмастырғаны қандай-ды. Үш қарғып секіруде байырғы қарсыластарын сан соқтырып, өзінің бабында екенін дәлелдеді. Осылайша, қоржынымызға алтыншы алтын түсті. Қуанышты Серік Сәпиевтің жеңісі еселеді. Көз ілеспес қимылы мен жылдам шешім қабылдауы Сәпиевке алтынмен қоса Вэл Баркер кубогын сыйлады. Әрине, 69 келі салмақ дәрежесі осы жолы да «алдамады». Осылайша, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасын ерекше көңіл-күймен қарсы алдық. Себебі спорт туралы біліміміз бен берер бағамыз өскен. Қай жерде тұтығып, қай жерде құтылып кетерімізді жете түсіндік. Сөйттік те, спорттың 17 түрінен 104 спортшыны бәйгеге қостық. Руслан Жаппаров бастаған спортшылар үмітті ақтап, 18 медаль алды. Оның үшеуі алтын, бесеуі күміс, оны қола. Ішіндегі бір күмісті алтын берсе де алмастырмайтын едік. Медальдің иесі – Василий Левит. Алтын алған Тищенко келіп, Левиттің қолын алғанда сіз де ішіңізден «медальдің кімдікі екенін білсең болғаны» деген боларсыз. Жөн-ақ, кейінгі Баландиннің 200 метр қашықтықта брасс әдісімен жүзіп алтыннан алқа таққаны да жанкүйерге майдай жақты. Артынша, Данияр Елеусінов 69 келіде көш басынан көрінгенде салмақтың сиқырын тағы бір мәрте сезіндік. Бұл Олимпиадада алған күмістердің орны ерек. Дзюдодан 60 келіге дейінгі салмақта Елдос Сметовтің финалдағы жеңілісі оның жігерін жани түсті. Жазира Жаппарқұл мен Гюзель Манюрова да күміспен күптеліп, ел абыройын көтерді. Ал Ниязымбетовтің күмісіне езу тартып, «Күмісбек» деп айдар тақтық. Ал Риода алған 10 қола Қазақстанның спорттағы әлеуетін айқындай түсті. Сондықтан спорт қауымдастықтары мен жанкүйерлер Токио Олимпиадасын үлкен үмітпен күтіп жүр.Спорт алауы тұтанған шақ
VII қысқы Азия ойындарының Қазақстанда өтуі мерейімізді өсіргені рас. Әлемнің «мен» деген спортшыларының Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында жиналуы жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. 17-ден астам мемлекеттен келген өрендер 11 жарыс түрінен сынға түсті. Әрі бір ғана Алматының әсем табиғатын тамашалап, спортшысына қолдау көрсету үшін 60 мыңнан аса турист келді. Қар барысын символ етіп алған дода ел спортына дем берді. Балуан Шолақ сарайын жөндеуден өткізгенімізбен, тағы да спорт сарайы қажетін түсіндік. «Медеуді» мақтан тұтқанымызбен, сырғанауға арналған орындарды көбейтуді ойладық. Нәтижесінде, 2011 жылы өткен қысқы Азия ойындарында 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медаль алдық. Кем-кетікті түзеуді келесі сынға қалдырдық. Иә, 2017 жылға дейін спорт саласын дамытып, құрылыс басында жүрдік. Алматыда қысқы Универсиада ойындары өтетіні белгілі болғаннан кейін сарай салдық. «Алматы Арена» бой көтерді. Аренаның жанынан спортшылар қалашығын салып, көпті қуанттық. Сыйымдылығы үлкен «Халық» арена да көз тартады. «Қанатыңды кең серпі» дегендей қысқы спорттағы қадамды нық бастық. 56 елден 1 604 спортшы Алматыға ат басын бұрды. 12 спорт түрінен 543 медаль үлестірілді. Байрақты бәсеке 8 спорт нысанында өтіп, оған 127 халықаралық қазы шақырылды. Әлемнің 80 елі Алматыдан хабар таратып, 1 млрд телекөрермен доданы тамашалады. 28 қысқы универсиадада ел құрамасы 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медаль иеленді. Әсіресе, Денис Теннің «Алматы Аренада» мәнерлеп сырғанағаны ел жадында қалды. Универсиаданың алтынын алған Денис 2014 жылы Сочидегі Қысқы Олимпиадада қоланы қанағат тұтқан. Қанағат тұтты дейміз-ау, медаль алуға тырысты. Өйткені жарақаты сыр беріп, жекелей сында барын салды. Осылайша, ел қоржынына Сочиде жалғыз медаль бұйырды.Саңлақ туған ел
Әлем Қазақстанды GGG-мен байланыстырады. Бұл – ел спортының мерейі. Афинада күміс медаль таққан Головкин қазір кәсіпқой бокс аңызы. Халық айтқандай, жексенбіде жұртты тәтті ұйқысынан оятатын жігерлі жігіт. IBF пен IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы. Көк шапан мен көк туды жаһанға әйгілеп, қазақ баласын боксқа баулып жүрген аға буын өкілі. Бұлай дейтініміз, қазір Головкиннен кейін Қанат Ислам, Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусіновтер шаршы алаңда алты құрлықты жұдырыққа «сыйғызып» жүр. Жастар да аталған спортшылардың жолымен жүргісі келеді. Сүрінгісі жоқ. Мәселен, 81 келідегі Бекзат Нұрдәулетов ағаларының есесін қайтарып жүр. 21 жастағы жігіттің Ла Круздай мықтыны сұлатып түсіргені бокстағы қазақ әлеуетін көрсетері хақ. Токио Олимпиадасында 69 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жүсіповке артылар сенім орасан. 2004-тен бері үзілмей келе жатқан жеңіс жолын жалғауы керегі тағы бар. Дзюдодан Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев, Дидар Қамза, Жансай Смағұлдың жолынан жанкүйері әркез медаль күтеді. Басқа спорт түрлерінен де құр алақан емеспіз. Сондықтан ата-ана ұл-қызын спортшы болуға тәрбиелеп, өздері де марафондарды жібермеуге тырысады. Бір сөзбен айтқанда, саңлақтарды туған елдің спортта беделі биік екені даусыз. Мұны спортшылар Жапонияда өтетін Олимпиадада тағы бір рет дәлелдері сөзсіз.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ