Тәуелсіздік жайлы сөз қозғағанда отандық спорттың 30 жылдағы жетістіктерінің де еске түсетіні бар. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай қоржынымыздағы алтын мен күмістің сыңғыры алты құрлыққа жетті. Бұл жетістіктер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың спортқа деген қамқорлығының жемісі еді.
Олимпиада дейтін бір белес
Иә, спорттың қай түрі болмасын бағындыруды мақсат тұтатын биік бар. Мәселен, футболшы үшін әлем чемпионы атану мәртебе. Теннисші болса Уимблдон турнирінде, хоккейші әлем кубогінде топ жаруды армандайды. Сол сияқты бір топ спортшының қалауы – Олимп шыңын бағындыру. Бұл доданың сиқыры қандай дерсіз. Мұны былай түсіндірейік. Ғарыш әлемін зерттейтіндер планеталардың Жерден қарағанда бір сызықтың бойына жайғасуын асыға күтеді. Ал жанкүйерлер үшін «планеталар парады» – төртжылдықты түйіндер дода. Спортшы да шетелде елінің байрағын көкке көтеріп, әнұранын шарықтатқысы келеді. Білсеңіз, бұдан асқан әсерлі сәт жоқ шығар, сірә. Еліміздің олимпиададағы жеке дара жорығы 1994 жылдан басталды. Жанкүйер үшін В.Смирновтың жүлделері естен кете қояр ма сірә?! Алғаш Қысқы Олимпиада ойындарында көк байрақты көтерген қырандар күллі әлемге тәуелсіз Қазақстанды таныстырды. Одан кейін 1996 жылы Аталантада өткен Жазғы Олимпиада ойындарында спортшыларымыз атой салды. 96 адамнан тұратын Ұлттық құрама үш алтын, төрт күміс, төрт қола медаль жеңіп алды. Мұның бәрі қарсыластар үшін дабыл белгісіндей еді. Өйткені сол жылы еліміз бокстан қанжығасына төрт медаль байлады. Қуатты қарсыласты алыстан танитын Куба мен Ресей боксшылардың қарқынынан сескеніп қалған-ды. Ал бұл белгі бокс әлемінде бәсекеге қабілетті құрама барын айқын көрсетті. Солай болды да. 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында Бекзат Саттарханов жасындай жарқылдады. 20 жастағы боксшының ширақ қимылы жанкүйерді елітіп, қарсыласты қапы қалдырды. Жартылай жеңіл салмақта (57) бокстасатын жігіттердің іші қылп ете қалды, білемін. Өйткені олимпиададағы әр жекпе-жектен кейін әлемдік басылымдар жаңа жұлдыздың туғанын жарыса жазды. Иә, қазақ аспанында құйрықты жұлдыз туды да, елін қуанышқа бөлеп, қайта ағып түсті. Мұны Сиднейде топ жарған боксшы Ермахан Ибраимов те растайды. Себебі Бекзат шешуші кездесуде ырымдап Ермахан ағасының жейдесін киген-ді. Қос боксшы да ел мерейін өсірді. Оған қоса, Ольга Шишигина да жеңіл атлетикадан алтын алып, жаңа сүрлеу салды. Медаль таққандардың арасында Александр Винокуров (күміс) те бар. Байқасаңыз, аталған олимпиада қазақтың спорт әлеміндегі темірқазығы болғандай. Сол жылы Сәпиев Ермахандай болуға, Рыпакова Шишигинаның ізін жалғауға, Сметов күресте сара жол салуға уәде бергендей әсер қалдырады.Спорт алауы тұтанған шақ
VII қысқы Азия ойындарының Қазақстанда өтуі мерейімізді өсіргені рас. Әлемнің «мен» деген спортшыларының Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында жиналуы жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. 17-ден астам мемлекеттен келген өрендер 11 жарыс түрінен сынға түсті. Әрі бір ғана Алматының әсем табиғатын тамашалап, спортшысына қолдау көрсету үшін 60 мыңнан аса турист келді. Қар барысын символ етіп алған дода ел спортына дем берді. Балуан Шолақ сарайын жөндеуден өткізгенімізбен, тағы да спорт сарайы қажетін түсіндік. «Медеуді» мақтан тұтқанымызбен, сырғанауға арналған орындарды көбейтуді ойладық. Нәтижесінде, 2011 жылы өткен қысқы Азия ойындарында 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медаль алдық. Кем-кетікті түзеуді келесі сынға қалдырдық. Иә, 2017 жылға дейін спорт саласын дамытып, құрылыс басында жүрдік. Алматыда қысқы Универсиада ойындары өтетіні белгілі болғаннан кейін сарай салдық. «Алматы Арена» бой көтерді. Аренаның жанынан спортшылар қалашығын салып, көпті қуанттық. Сыйымдылығы үлкен «Халық» арена да көз тартады. «Қанатыңды кең серпі» дегендей қысқы спорттағы қадамды нық бастық. 56 елден 1 604 спортшы Алматыға ат басын бұрды. 12 спорт түрінен 543 медаль үлестірілді. Байрақты бәсеке 8 спорт нысанында өтіп, оған 127 халықаралық қазы шақырылды. Әлемнің 80 елі Алматыдан хабар таратып, 1 млрд телекөрермен доданы тамашалады. 28 қысқы универсиадада ел құрамасы 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медаль иеленді. Әсіресе, Денис Теннің «Алматы Аренада» мәнерлеп сырғанағаны ел жадында қалды. Универсиаданың алтынын алған Денис 2014 жылы Сочидегі Қысқы Олимпиадада қоланы қанағат тұтқан. Қанағат тұтты дейміз-ау, медаль алуға тырысты. Өйткені жарақаты сыр беріп, жекелей сында барын салды. Осылайша, ел қоржынына Сочиде жалғыз медаль бұйырды.Саңлақ туған ел
Әлем Қазақстанды GGG-мен байланыстырады. Бұл – ел спортының мерейі. Афинада күміс медаль таққан Головкин қазір кәсіпқой бокс аңызы. Халық айтқандай, жексенбіде жұртты тәтті ұйқысынан оятатын жігерлі жігіт. IBF пен IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы. Көк шапан мен көк туды жаһанға әйгілеп, қазақ баласын боксқа баулып жүрген аға буын өкілі. Бұлай дейтініміз, қазір Головкиннен кейін Қанат Ислам, Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусіновтер шаршы алаңда алты құрлықты жұдырыққа «сыйғызып» жүр.