Тәуелсіздікке қол жеткен алғашқы жылдары қазақ мәдениеті үшін жаңа кезең басталды. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың көрген қиындығы артта қалып, «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз қайта жанды». Мәдениетіміздің қайта түлеуіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен басталған «Мәдени мұра» бағдарламасының маңызы өте зор болды.
2003 жылы сәуірде Елбасы халыққа Жолдауында арнайы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған. Ал 2007 жылы Қазақстан халқы үшін аса маңызды бағдарламаның екінші кезеңі жалғасын тапты. Мемлекеттік бюджеттен аталған бағдарламаны жүйелендіруге, сақтап және дамытуға 4 миллиард теңге бөлінді. Тәуелсіздік жылдары мәдени мұра – айтыс қайта жаңғырды. Мәдениет пен ғылымымызға, өнер мен әдебиетке өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың мерейтойлары атап өтіле бастады. Олардың қатарында Абай Құнанбайұлы, Құрманғазы Сығырбайұлы, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Жамбыл Жабаев, Мағжан Жұмабаев және т. б. ұлт қайраткерлері бар. 1995 жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. 1997 жылы репрессия құрбандарын еске алсақ, 1998 жылы – халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы аталды. 2000 жыл – мәдениетті қолдау жылына айналды. Мәдениетті қолдау жылы аясында тозығы жеткен кітапханалар мен мәдениет ошақтары қайта ашылып, көне мәдени орындарға жан бітті. Сол жылдары театр саны артып, 2 опера және балет театры, 33 драма театр, төрт музыкалық комедия театры, бес қуыршақ, 73 тұрақты және 266 көшпелі кинотеатрлар жұмыс істей бастады. 2000 жылы ЮНЕСКО шешімімен Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтті. 2004 жылы елорда төрінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Музейі ашылды. Онда 100 мыңнан астам экспонат бар. Одан бөлек, Елбасының жеке мұрағаты мен кітапханасы да осында топтасқан. Түрлі мемлекет пен халықаралық ұйымдар басшыларының тартулары да музейде тұр. Елбасының бірегей марапаттар коллекциясы, жеке заттары көрермен назарына ұсынылған. Ұлттық мәдениетті өркениет көшіне жеткізген «Мәдени мұраның» орны бөлек. Ұлттық мәдени мұраны зерттеп-зерделеу үшін бағдарламаны құрудың маңызы зор еді. Осы бағдарлама аясында әлемнің көптеген елдеріне арнайы экспедициялар ұйымдастырылды. Әлем елдеріне шашырап кеткен құнды мұраларды жинақтауда бұл экспедициялардың тигізген пайдасы мол еді. Қытай, Түркия, АҚШ, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Батыс Еуропа елдеріне ғылыми зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Қазақстанның сәулет өнері, этнографиясы, тарихы бойынша шамамен бес мың жазба жинақталды. 350-дей кітап, олардың ішінде этнография, археология, тарих бойынша сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер шығарылды. Елбасы «Мәдени мұра» бағдарламасын мемлекеттің мәдениетіне қолдау көрсететін стратегиялық ұлттық жоба деп тегін атамаған. Бағдарлама аясында түрлі мәдениет, әдебиет, философия, тарих, этнография бойынша академиялық институттар құрылды.Айым БЕКТҰР