«Көршінің қызы керемет еді» әнінде сол көрші қыздың ауылдан кетуіне не себеп болды екен деп болжам жасайтыны бар. Есіңізде ме? Бәлкім ауа райы жақпаған болар деп те ойлайды. Сол сияқты қазақстандық мамандар елден неге кетеді? Елдегі жағдай ұнамағаннан ба? Әлде басқа себеп бар ма? Жалпы, 2020 жылы Қазақстаннан 29,1 мың адам кеткен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 35,6 пайызға аз. Дегенмен өзге елге қоныс аударуға құмартқандар санының төмендеуі көпшіліктің елде қалуды таңдағанын білдірмесе керек. Өйткені пандемияға байланысты шекара жабық болып, арлы-берлі жүріске шектеу қойылған еді. Осы орайда мамандардың шет мемлекеттерге жұмыс бабымен ауысуына тоқталғанды жөн көрдік. Бұл үрдіс байқалғаны биыл ғана емес. Сарапшылар мен мамандармен тілдесіп, себебін саралауға тырыстық.
Қазақстандықтар қайда кетіп жатыр?
Алдымен Ұлттық статистика бюросының ақпаратына көз салсақ. Былтыр елден кеткендер қай жаққа қоныс аударған десеңіз, басым көпшілігі Ресейге кеткен (25 139). Жалпы, көрші мемлекетке көшіп жатқандардың дені өзінің тарихи Отанына оралушылар. Сол сияқты Ресейден Қазақстанға қайтып жатқандар саны да басқа елдермен салыстырғанда көбірек, нақтырақ айтқанда, былтыр елге көшіп келген 11,4 мың адамның 3614-і – Ресейден. Германияға кеткендер – 2 250, АҚШ-қа – 247, Беларуське – 234, Өзбекстанға – 199, Израильге – 61, Түркияға – 54 және Әзербайжанға 32 адам. Отыз мыңға жуық отандасымыздың кеткенін атап өттік. Соның ішінде 8 183-і жоғары білімі бар азаматтар екен. Мамандықтарына тоқталсақ, 4 471 адам техникалық білім алған, 2 322 – экономикалық, 1 454 – педагогикалық, 759 – медициналық, 541 – заңгерлік, 447 – сәулетші-құрылысшы, 230 – ауылшаруашылық білімін алғандар. Заманауи қоғамда мигранттарды тауар ретінде қарау басым. Ал жалпы миграцияның өзі – табиғи процесс. Десек те, сарапшылар озық ойлы, жоғары білікті мамандардан айырылып жатқанымызды айтып дабыл қағып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, ресми статистикада эмигранттар қатарына ел азаматтығынан бас тартып, басқа елдің азаматтығын алған адамдар ғана қосылады. Қазақстандық төлқұжатпен жүріп, бірақ басқа елде оқитын не жұмыс істейтіндер туралы нақты ақпарат жоқ. Оның бір мысалы ретінде 2017 жылы білім алу мақсатында Ресейге миграция жасағандар саны ресми статистика бойынша 76 ғана болса, көрші елдегі ақпарат тіпті басқаша болды. Ресейде 2016-2017 жылы 64 мың қазақстандық оқыған.Көшудегі себеп қандай?
Саясаттанушы Бауыржан Серікұлы мамандардан жұмыс бабымен елден кетуінің бірнеше себебін атап өтті. Оның айтуына қарағанда, өркениетті елдерде ғылыми зерттеумен айналысу үшін барлық материалдық-техникалық база жоғары деңгейде әрі жүйелі түрде жолға қойылған. Ғалымның, маманның жұмыс істеуі үшін қолайлы орта, сол салаға берілген мамандар шоғыры, дәстүрлі мектептер бар. «Әрине, мұндай ортаға түскен мамандар өзіміздегі жағдаймен салыстырып кеткісі келеді. Екіншіден, бюрократияға байланысты. Мемлекеттік гранттарды ұтып алған мамандар саны көп құжат пен есеп тапсырады. Қағазбастылықтан шаршайды. Тексеру, бақылау көп. Ал маман мен ғалымға еркіндік, шығармашылықпен айналысатын кеңістік керек. Келесі себеп – бізде ғылым мен бизнес байланыспаған. Бизнес саласы, жеке сектор белгілі мәселелердің шешімін табу үшін ғылымға қаржы құймайды. Шикізаттық экономикаға байланған, бәрін мемлекеттен күту стереотипі бар. Ғылымда қаржы аз. Жалақы аз», – дейді Б.Серікұлы. Жалпы, тек ғылым емес, өзге секторларда да табыс өркениетті елдермен салыстырғанда төмен. Маман өзінің еңбегіне сай жалақы алғысы келеді. Турасын айтқанда, мамандар, ғалымдар оның ішінде жастар жағы қайрат күші барда озық елдерде жұмыс істеп, тәжірибе жинағысы еледі. Бұл да қалыпты жағдай.«Түбінде елге ораламыз» дейді олар
Кореяда қызмет етіп жатқан маман Ерлан Тәубабек түбінде елге оралатынын айтады. Сеул ұлттық университетіндегі Буданг ауруханасының клиникалық феллоу, хирург дәрігері осындай пікірде. «Әлемнің түкпір-түкпірінде қызмет етіп, оқып жатқан достарым бар. Бәрімен осы тақырыпты сөз ете қалсақ, басты мақсат тәжірибе жинау деген пікірге тоқталамыз. Қазақстанның көп салада әлі жеткілікті жетістіктерге жетпегені рас. Мысалы, медицина саласын алып қарасақ болады. Дамыған елдерде бізде жасалмайтын операция түрлері бар, қолданылмайтын жаңа технология көп. Ғылыммен айналысуға мүмкіндік мол. Соны пайдаланып, дамуды көздейміз. Әлбетте, негізгі жоспар – елге оралу, отандық медицинада қызмет ету. Мұндай тенденция дамушы елдердің бәріне тән деп ойлаймын», – дейді Ерлан Тәубабек. Шынында, мамандар дамыған елдердің тәжірибесін бойға сіңіргенді жөн көреді. Оған тіпті қуанған дұрыс болар. Әрі жаһандану үрдісі де әсерін тигізбей қоймайды. Жастар барынша мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысады. Бұл ұмтылыс кейде жап-жақсы нәтижелерге де жеткізуі мүмкін. Мәселен IT-маман Райымбек Егембердиев қазір Латвияның Рига қаласында жұмыс істейді. Оның да бірнеше жылдан кейін Қазақстанға қайту ойында бар. «Тәжірибе алу мақсаты алдыңғы қатардағы себеп екені белгілі. Одан бөлек, қаржылық мәселе бар. Батыс компанияларында жалақы жоғары әрі тұрақты. Ірі компанияларда мамандарға өте жақсы қарайды. Медициналық сақтандыру, түрлі бонус та бар. IT саласында Big Data, Data science, жасанды интеллект сынды мамандықтар бар. Қазақстанда мұндай мамандар болғанымен, оларға ыңғайлы жұмыс орны көп емес. Сол үшін де шетелге кетуі мүмкін. Әрі әлеуметтік жағдайға байланысты елдегі ертеңгі күнге сенім азайса да, көшкісі келетіндер, қоныс аударатындар көбейеді» деп себептерді атап өтті Райымбек. Әлеуметтік жағдай демекші, шетелде жалақы жоғары, жағдай жақсы дегенді жиі естиміз. Сол үшін көбі арман қуып Америкаға кетсем деуі де мүмкін. Сонымен бірге біздегі несие пайызының жоғары болуына байланысты күнкөрістің қиындап кеткені тағы бар. Байқасақ,Түркия сынды алыс-жақын елдердегі үй бағасы Нұр-Сұлтан қаласындағы бағамен шамалас. Соңғы жылдары осы мемлекеттен тұрғын үй сатып алушылар да көбейді. Бірден көшіп кетпесе де, климаты жылы, бір саты өмір сүру сапасы жоғары алыс-жақын елдерден болашағын көргісі келетін көзқарас та баршылық. Мұны да жоққа шығара алмаймыз. Қысқасы, шетелге кетуге себеп болатын фактор көп бізде. Сонымен бірге қиырға кеткендердің ораларына деген сенім де бар.Жадыра АҚҚАЙЫР