Шымкентте бір жылда оқушы саны 21 мыңға көбейген
Шымкентте бір жылда оқушы саны 21 мыңға көбейген
5,174
оқылды

13 тұрғын алабында мүлде мектеп жоқ. Халық санының жылдан жылға өсуінен  өткен бір жылда мектеп оқушыларының саны 20 889 балаға көбейген. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өзінің онлайн форматта халық алдындағы есеп беру кездесуінде айтты.

«Білім саласының инфрақұрылымын шешу үшін былтыр 5 жылға жоспар жасадық. 2025 жылға дейін Шымкентте 85 мектеп ашылады, оның 33-і мемлекет есебінен, 12-сі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде, 40 мектепті жеке инвесторлар салады. Оның ішінде биыл 32 мектептің құрылысы басталады. Алдағы үш жылда Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешіледі», – деді қала басшысы. Білім саласындағы тағы бір үлкен мәселе – қосымша біліммен қамту. Қала оқушыларының небәрі 16 пайызы қосымша біліммен қамтылған. Қала билігі осы бағытта бұрынғы Фосфоршылар сарайын қайта жөндеп, оны Жастар сарайы етіп қайта ашпақ. Одан бөлек, жаңадан заманауи Оқушылар сарайының құрылысын бастауды көздеп отыр. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін қосымша біліммен қамтуды қазіргі 16 пайыздан 55 пайызға жеткізу жоспарланған.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы