Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің 2020 жылдағы алғашқы отырысында министр ретінде Нұрлан Ноғаевтың дебюті өтті. Сондықтан ба, депутаттар оны көп қинамай, келген шаруасын бітіріп берді. Энергетика министрі Ресей бірте-бірте босатып жатқан Байқоңыр қаласын газдандыру түйткілдерін тарқататын құжатты ұсынды.
Байқоңыр қаласы – Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бірлігі. Сонымен бірге ол Ресейдің федералдық маңызы бар қаласы саналады. Алайда шаһарды газбен жабдықтайтын көршінің «Газовое хозяйство» мемлекеттік кәсіпорны жұмысын тоқтатыпты. Жұрт ас әзірлейтін отыннан айырылып қалғандықтан, Қазақстан өз бетінше қаланы газдандырып шыққан. Министр бұған оның жанынан өтетін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» жаңа газ магистралі мүмкіндік берді дейді.
Яғни, бұрынғы ресейлік сұйытылған мұнай газы орнына құбырмен тартылған қазақстандық табиғи газ келді.
Қалада 74 мың адам тұрады екен, оның 60 пайызы Қазақстан азаматы. Пәтерлердегі барлық байқоңырлықтар енді бұрынғыдан 16 есе арзан отандық «көгілдір отынға» ауысып алды.
Салыстыру үшін айтсақ, ресейлік сұйытылған мұнай газының бағасы килограммына 343 теңге, яғни текше метрі үшін 714 теңге болған. Ол баға қазіргі кезде 18-19 теңгеге дейін арзандады.
Байқоңырдағы барлық газ тарату жүйесін Ресей Қазақстанға табыстап жатыр. «Қазақстан және Ресей үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы осы процесті заңдастырады. Мәжіліс құжатты мақұлдап, Сенатқа жолдады. Энергетика министрі Н.Ноғаевтың мәліметінше, бұл құжатқа Президент Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы 3 сәуірдегі Ресейге ресми сапары аясында қол қойылған.
– Үкіметаралық келісімге сәйкес, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ына қала аумағында газ сату құқығы беріледі. Осы қызмет ресейлік салық органдарында тіркелмейді, бұл қосарланған салық салуды болғызбайды. Келісімде «Байқоңыр аумағында табиғи газды бөлшек саудада өткізу бағасы Қызылорда облысының газ тұтынушылары үшін Қазақстанның монополияға қарсы органы белгілейтін бағаға сәйкес келуі тиіс» деп бекітілген. Бүгінде Қызылорда облысында және Байқоңыр қаласында табиғи газдың бір текше метрінің бөлшек бағасы тұрғындар үшін 18,6 теңге, ал заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін 18,9 теңгені құрайды, – деді Энергетика министрі.
Ведомство басшысы байқоңырлықтар шығынының қаншаға азайғанын да айтты: «Бір пәтер тамақ әзірлеу үшін орташа 3-4 текше метр сұйытылған газ тұтынып, 1700-2600 теңге ақша төлеген. Табиғи газға қосылғанда, тұрғындар төлемі 111-186 теңге аралығын құрайды».
Қазір Байқоңырдың барлық көпқабатты 328 тұрғын үйі, 150 жеке үйдің 45-і, сондай-ақ 3 балабақша, 5 мектеп, көпбейінді аурухана секілді Қазақстанға тиесілі әлеуметтік нысандар табиғи газға көшті.