Ұлы мәртебелі ғылым бір бұрышта жетімсіреп тұр
Ұлы мәртебелі ғылым бір бұрышта жетімсіреп тұр
215
оқылды

«Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» дейді Абай. Рас, инновацияға иек артқан ел ғана дамудың даңғыл жолына түспек. «Қайран Абай, сонау XIX ғасырда қой құрттап, жылқы жусатқан ауылда отырып, ақиқатты қалайша тап басып таныған?» деп тамсануға болар еді әдеттегідей. Бірақ несіне тамсанамыз, егер бүгінгі ұрпағы оның өсиетін әлі күнге дейін орындамаса?

Теледидар тетігін басып қал­саң да, әлеуметтік желіні ашып қалсаң да, қаптаған қалың әнші­ден аяқ алып жүре алмайсың. Бала көр­генін істейді ғой, қазіргі жастар да шетінен әнші болуға ұмтылады. Ғалым, дәрігер, ин­женер, ғарыш­кер боламын дей­тін­дер саусақпен санарлық. Қа­зақ­станда шоу-бизнес культі мық­тап орныққанын қынжыла мо­йындауға мәжбүрміз. Қазіргі заманның тұлғасы – әнші мен актер. Парламент мінберіне де шоу-бизнес өкілдері жайғасып жатыр. Аңғал қазақ аузын ашып, көзін жұмып, әлеуметтік желіде солардың ақылын тыңдайды. Ұлы мәртебелі ғылым бір бұрыш­та же­тімсіреп тұр. Оны ешкім на­си­хат­тамайды. Алайда бізде насихаттауға татитын ғылым бар ма өзі?

2019 жылы Қазақстан ғалам­дық инновация индексінде 126 елдің ішінде 79-орынды иеле­ніп­ті. Бұл – 2018 жылмен салыс­тыр­ғанда бес саты төмен көрсеткіш. Рейтинг жасау кезінде ондаған па­раметр ескеріледі. Патент алуға түсірген арыз саны, инновацияны ойлап табу мен оны өндіріске ен­гізуге жұмсалған қаражат сынды жайттар назарға алынады. Қазақ­стан үкі­меттік онлайн-сервис­терді дамы­туға жұмсалатын қар­жы бойынша 32-ші, бағдарла­малар жүйесі бо­йынша 120-шы, білім саласына бө­лінетін қаржы бойынша 105-орын­ды місе тұт­қан. Посткеңестік ке­ңістікте Ре­сей (46-орын), Украина (47-орын), Грузия, (48-орын) Мол­­дова (58-орын), Армения (64-орын) Беларусь (72-орын) бізді артқа тас­тапты. Бірінші орында Швей­ца­рия, одан кейін Швеция, АҚШ, Нидерланды мен Ұлыбри­тания тұр.

Әрине, барша адамзаттың бай тәжірибесін бір өзі иемденіп, өр­кениет жемісін жеке-дара пай­да­ланып, жер-жаһанның жылы-жұм­сағын қанжығасына бөктер­ген Батыс жұртына жету қайда деп са­рыуайымға салынады кей­біреу­лер. Бірақ рейтингтің тари­хына үңіл­сек, инновациялар гео­гра­фия­сы өзгере бастағанын байқаймыз. Бұрын АҚШ пен Еу­ропа бәйгенің алдын бермесе, кейінгі кезде бұл ті­зімде Қытай мен Үндістан бір­тіндеп жоға­ры­лап келеді. Біріккен Араб Әмір­лік­тері, Вьетнам, Фи­липпин мен Иранның да елеулі табыстарын ерекше атап өтер едік.

Бұдан шығатын қорытынды: Қазақстанның ғылыми әлеуетін көтеруге, әлемнің әйдік елдерін басып озбаса да, қуып жетуге то­лық мүмкіндігі бар. Сұлтанмахмұт Торайғыров осыдан 102 жыл бұ­рын жазған мақаласында бүй депті: «Еуропа жұртының қазақ ха­ліндей халінен мыңдап жыл­дарды өткізіп барып жеткен осы күнгі біз сұқ­танатын халіне қа­зақтың жетуіне мыңдап, жүздеп жылдар керек емес, ондап, жиыр­малап, көп бол­са отыздап жылдар керек. Еуропа халқының көп жылда жеткен же­ріне біз аз жылда жетеміз. Себебі олардың даярлап салып қойған жолымен барамыз. Олар секілді жол салуға айналып кешікпейміз. Жол салғандағы көрген бейнет­те­рін біз көрмейміз, адасып айнал­маймыз. Неге? Олардың мыңдаған жылдар ішін­де, жүздеген буын­ы­ның ең­бегімен салулы даяр жол­дарынан жүруді ғана білеміз».

XX ғасырдың басында қазақ оқығандары бұл мәселеде Жапо­нияны үлгі еткен. Мешеу қалыпта соқамен жер жыртып жүрген жа­пондар бар-жоғы 30-40 жылдың ішінде индустрияны игеріп, 1895 жылы Қытайды, 1904 жылы Ре­сейді жеңгенде бүкіл дүниежүзі таңғалды. Арыстардың осы арма­ны жүзеге асқанда біз де қиял ғана болжайтын қиянға шы­ғар едік. Амал қанша, тарих тегер­шігі бас­қаша айналды.

Қош. Қазір халіміз қалай? Ал­ды­мен ғылыми-зерттеу жұмыс­тарына ең көп ақша бөлетін бес елді атайық:

АҚШ – 543,2 млрд доллар;

Қытай – 260,5 млрд доллар;

Жапония – 156,1 млрд доллар;

Германия – 111,6 млрд доллар;

Оңтүстік Корея – 69,7 млрд доллар.

Әзірге мұндай алпауыттармен бой теңестірмей-ақ, ғаламдық инновация индексінде 9 жыл қатарынан бірінші орыннан түс­пеген Швейцарияға қарайықшы. Жері кішкентай, жан саны аз, қазба байлықтан жұрдай мем­лекет машина жасау, электротех­ника, металл өңдеу салаларында орасан технологиялық жетістік­терге қол жеткізген. Соның арқа­сында АҚШ пен ЕО-ның ма­ңыз­ды сауда серіктесіне, әлемдік қаржы орта­лығына айналған.

Швейцария кереметінің құ­пиясы жоқ. Олар ғылым мен биз­нестің әріптестігін бірінші ке­зек­ке қойды. Инновация жаңалық­тарын дереу өндіріске енгізуді үйреншікті үрдіс қылды.

Ал бізде кем-кетіктер молы­нан кездеседі. Ғылымға бөлінетін ақшаның өзі мардымсыз. Мә­селен, Еуропа елдерінде ғылымды қаржыландыру көлемі ІЖӨ-нің 3 пайызынан 4,5 пайызына дейінгі аралықта құбылса, Ресейде 1,2 пайыздан асады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 1 пайыздың ар жақ, бер жағында.

Белгілі ғалым Мұрат Жұры­новтың пайымдауынша, біздегі кәсіпорындардың көбі шетелдік инвесторлардың қолында, ал олар қазақстандық ғалымдардың жетістігін енгізуге мүдделі емес. Себебі трансұлттық компа­ния­лардың өз елінде жекеменшік зерт­теу институттары бар.

Әлбетте, біреуге ренжитін жө­німіз жоқ. Өзіміз істемеген нәр­сені ешкім бізге жасап бермейді. Керісінше, кім болса да өзіне мә­лім жаңалықтан өзгелерді шет­қақпай ұстауға тырысады. Сон­дық­тан Абаймен бастаған сөзі­мізді Абаймен аяқтайық:

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен еңбегің екі жақ­тап».

Әйтпесе, «үшінші әлем» қата­рында осы қалғанымыз қалған.


Еркебұлан.JPG        Еркебұлан НҰРЕКЕШ