Тағы да зорлау. Тағы да бейкүнә тағдыр зардап шегіп отыр. Ақтөбеде ІІ топ мүгедегін туысы зорлап келген. Бұл оқиға қоғамды алаңдатып тұр. Онсызда өмірге туабітті сал ауруымен келген жазықсыз жанды зорлауға қай безбүйректің дәті барды екен?! Соңғы жылдары осындай зорлау оқиғалары жиі тіркелетін болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын да Алматы облысында сал ауруымен ауыратын тағы бір бойжеткен зорлық-зомбылықтың құрбаны болған еді. Қазақ қыздың тәрбиесіне ерекше мән беріп, қонақ деп төрге оздырған. Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі деп санаған. Ендеше бейбіт қоғамда қыздарымыз неге зорлық-зомбылыққа душар болып отыр? Дәрменсіз мүгедек қызды зұлымдықтан, қатігездіктен қалай арашалап аламыз?
Дина ТАҢСӘРІ,
«Немолчи» қоғамдық қорының өкілі:
– 1966 жылы туған ер адам мүмкіндігі шектеулі туысының үйіне барып, оған қамқор болып, массаж жасауға көмектесіп жүрген. Ол осы жағдайды пайдаланады деген ой ешкімде болмаса керек. Жәбірленуші туабітті сал ауруына шалдыққан, құлағы естімейді. Деменция ауруымен есепте тұр, басқа да түрлі психикалық дерті бар. Бір күні анасы қызына туысының келгені ұнамайтынын, оны көрсе мазасы кететінін байқаған. Ым тілімен сөйлесе келе, мән-жайы белгілі болды. Кейін сурдоаудармашының көмегімен барлығы анықталды. Сот-медициналық сараптама кезінде де туысының іс-әрекеті нақтыланды. Ал туысы мұндай жағдай тек бір-ақ рет болғанын, қыздың өзі жабысқанын айтады.
Ал сарапшылар зорлық жасалғанын анықтап отыр. Тергеушілер, сарапшы психологтер, прокурорлар жақсы жұмыс атқарды. Туысын заң бойынша соттауға барлық материал жеткілікті. Біз қоғамда қыздардың жазықсыз жәбірленгенін қаламаймыз. Мұның алдын алу керек. Кез келген адам қыздың арын, намысын таптап кете алмайды. Мүгедек қыз да қоғамның бір бөлшегі. Ал қылмыс істеген адам өз қылмысы үшін жауап беруге тиіс.
Бауыржан АЗАНОВ,
адвокат:
– Зорлық-зомбылық көрсету – бүкіл қоғамның мәселесі. Қауқарсыз, бейкүнә балаларға қол жұмсап, адамдар азғындап, неше түрлі зорлық-зомбылық көрсетіп жатса, ол да бүгінгі қоғамның көрінісі деп санаймын. Осыдан бір жарым ай бұрын Талдықорған қаласында зорлық-зомбылық бойынша ғылыми-практикалық конференция өтті. Ол жиынға украиналық әріптестеріміз де қатысты. Украинаның 45 миллион халқы бар. Сол 45 миллион халқы бар мемлекетте жылына ары кетсе 400-ге жуық қылмыс тіркеледі екен. Ал 18 миллион халқы бар Қазақстанда жылына шамамен 1500-дей қылмыстық оқиға тіркелетін көрінеді. Украинаның халқы бізден үш есе көп. Зұлымдықтың түп-төркіні неде? Заң қатал емес деп айтуға болмайды. Қылмыскер кез келген қылмысы үшін заң алдында жауапты. Өйткені бізде Әкімшілік кодекс, Қылмыстық кодекс бар емес пе? Сол бойынша қылмыскер жазасын тартады. Бұл жердегі мәселе – адамдардың ниет-пиғылында. Қалай адам дәті барып, мүгедек балаға зорлық көрсете алады? Мүмкін, оның психикасы дұрыс емес шығар. Ол ауру адам болуы да мүмкін. Оның ішкі ой-түсінігі, санасы мүгедек болып тұр. Қазір зорлықтың түрі көп, тіпті адам жанын жаралайтын ауыр сөз айтудың өзі зорлық болып есептеледі. Ұрып-соғу, жәбірлеу, қиянат жасау да зорлық. Мектептерде жеткіншектер арасында түрлі әлімжеттік мәселелер орын алып жатыр. Біз оны қалыпты дүние секілді қабылдаймыз. Мұның бәрі әлеуметтік мәселеден туындап жатыр. Оның соңы үлкен қылмыстарға апарады. Біз оның қазір алдын ала алмасақ, кейін кеш болып қалады.
Мәдина КЕРІМОВА,
сарапшы:
– Ақтөбеде болған қылмысқа селт етпей қарау мүмкін емес. Туабітті сал ауруына шалдыққан мүгедек қызға зорлық көрсету – ауыр қылмыс. Егер біз ондай балаларға айрықша қамқорлық көрсете алғанымызда, аялағанымызда мұндай қатігездік орын алмас еді. Ата-анасы, бауырлары қыз баланың басында болып жатқан оқиғаны ертерек аңғарғанда, мұндай қылмыстық оқиға орын алмас па еді деп те ойлаймын. Оның үстіне ата-анасы туысына баласын сеніп тапсырып отыр ғой. Оны қылмыскер деп санаған жоқ. Содан опық жеп отыр. Сол себепті ата-ана, мұғалімдер тарапынан болсын, мұндай балаларға ерекше көңіл бөлінгені дұрыс. Олар да өзін қоғамға қажет, керек екенін сезінуі керек. Баланың тағдырына бейжай қарауға болмайды. Олардың келешегі үшін бәріміз жауаптымыз. Бала жазықсыз жапа шекпеуі тиіс. Қоғам мұндай қасіреттен, қиындықтан, зорлық-зомбылықтан азат болғаны жөн. Қазір ол балаға ата-анасы, ағайыны, сарапшы психологтердің көмегі қажет. Сонда ғана ол қиындықтан шыға алады. Ал қылмыскер өз жазасын алуы керек. Бұл өзгелерге сабақ болуы үшін қажет. Мүгедек балаға зорлық көрсеткен ол қылмыскердің санасы мүгедек болар.