Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын жаңа 2020 жылмен құттықтауында «Қазақстан тарихи дамудың жаңа кезеңіне қадам басты» деді. Жаңа кезең басталды. Келісеміз. Жаңа кезең қазақ еліндегі биліктің бейбіт жолмен болған трансформациясынан бастау алды. Бұл тарихи істе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үлгі көрсетті. Ел, жұрт, азаматтар алаңдап, артық қимыл, іс-әрекет, қарекеттерге ұрынбай, сабақтастық арнасы өзіне жол тапты.
Отыз жыл билік басында болған Елбасы мемлекетті басқаруды өзінің сенімді әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына ұстатты. Бұған да ел разы болды. Бөлінбей, бөлшектенбей, топ жинамай, жаңа Мемлекет басшысына қызмет етуге кірістік. Мұны біз жаңа кезең басы дедік.
2019 жылдың наурыз айынан бергіде, қазақ елінде жылы ағыс басталды. Халық сайлаған Президент сабақтастық қағидаларын сақтай отырып, өткендегі кемшіліктердің бет-перделерін жайлап аша бастады. Бұл ақжауынға ұқсас жағдай. Қазақ ақжауынды «жер қонағы» дейді, себебі себелеп жауған жауынның пайдасы зор. Ол сіңімді болады. Халық ақжауыннан жақсылық күтеді. Ақжауын – жақсылықтың нышаны, Жаратушымыздың несібесі. Президент қарекеттері ақ жауынға ұқсас.
***
Кемшілігі жоқ ел болмайды. Кемшілікті көре тұра көрмеу, ешқашан жақсылыққа бастамаған. Сондықтан да жаңа кезеңде кемшіліктерімізді аңғара бастадық. Байқасақ, тәуелсіздіктің қызуымен, кей-кейде білместіктен, кейде надандықтан жіберген кемшіліктеріміз де жеткілікті екен.
Соңғы жылдары біз кемшіліктерімізді көрмеуге, елемеуге дағдыланып, несін жасырайық, бос мақтанға өріс аштық. Ол – өзімізді-өзіміз алдаусырату. Кемшілігін білген, таныған ел ғана мықты болады. Нақтыланған кемшіліктерді таразыға сала білу – әлсіздік емес, мықтылық, алға басушылық. Кемшілігін білген ел ешкімге де жем болмайды. Кемшілікті білу, тану, оның бет-пердесін ашу, бір сөзбен айтқанда, тазару деген түсінікке саяды.
Жұртқа есепсіз, қала жағдайын ескерусіз салына бастаған LRT-ны Президенттің сынағаны ұнады. Бюджет қаражаты текке рәсуа болғанын халық білді. Жоба деген ұғым жөн-жосықсыз, ғылыми негізсіз іске асып жатқандарын зиялы қауым өкілдері білетін, бірақ соларды ашып айтуға мемлекеттік басылымдардың пәрмені жете бермейтін. Ендігі жерде, яғни жаңа кезеңде сыншылдық тазарудың бір факторына айналды. Нағыз сабақтастық сыншылдықты қажет етпек. Нұр-Сұлтан қаласы, оның кейбір инфрақұрылымдары туралы айтылған сын Президент аузынан шыққанда бір сергіп қалдық. Бұл – биліктің халыққа жақындығының көрінісі.
***
Әуе жолдары туралы мемлекет басшысының бастамасымен халықтың тынысы ашылды. «Ашық аспан» деп аталатын тұжырым әуе жолдарын халық игілігіне пайдаланғандағы бірден-бір мүмкіндік болып отыр. Қазіргі кезде Fly Arystan облыс орталықтарымен ерекше қызмет атқарып жүр. Тек ішімізден «тәуба» деп қоямыз. Ойымыз Fly Arystan компаниясы осы мінезінен, пиғылынан, қарекетінен жаңылып қалмаса екен.
Тәуелсіздіктің алдыңғы жылдарында Елбасымен болған бір кездесуде айтып едік, Қазақстан территориясы – ұлан-ғайыр. Батыс Қазақстан облысының Ресейге жақын елді-мекенінен Аягөздің Қытайға жақын бір елді-мекенінің арасы – 3 мың шақырымдай жол. Осы кеңістікті Boeing ұшағы 6 сағатта игереді. Демек, тәуелсіз елдің азаматтары бір-бірімен тығыз араласуы қажеттілік болса, логистиканы жетілдіруіміз керек деп едік. Кеш болса да «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша біршама іс атқарылды. Заманауи жолдар салынды. Олар Қызылорда, Шымкент, Тараз, Алматы т.б. елді мекендер арқылы созылып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» деген атауға ие болды. Бұл жолдың ұзындығы – 2 700 шақырым. Осындай жол елордадан Бурабайға, Көкшетауға, Петропавлға және Павлодарға тартылды. Ендігі жерде, биылғы өтетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, Семей қаласынан ақынның жатқан жері Жидебайға дейін 180 шақырым жерді «Абай даңғылы» деп атап, төрт жолақты жол салса, ақын, ойшыл мерейтойынан халыққа, әсіресе жергілікті халыққа жасалған зор құрмет болар еді. 180 шақырым жолда үш тұлғаның туып-өскен мекені бар. Ол – хакім Абай, данышпан Шәкәрім, кемеңгер Мұхтар. Егер осы жол заманауи төрт жолақты және электр қуатымен жарықталған болса, туризмнің қақпасы кеңінен ашылар еді. Дәл осындай қажеттілік Шымкент қаласы мен қасиетті Қожа Ахмет Ясауи жатқан Түркістан қаласына, қазіргі облыс орталығына тартылса деген ізгі тілек бар. Жалпы, логистикаға кеткен қаражат еселеп қайтатынын әрбір экономист жақсы біледі. Мәселе, батыл шешім қабылдауда.
***
Жаңа кезең дегенде мүлдем артта, кенже қалған логистиканың бір түрі – халықты теміржолмен тасымалдау ісі. Бұл сала Кеңес үкіметі кезінде де артта қалған еді. тәуелсіздіктің 30 жылдығына қарай қадам бастық. Бірақ теміржолмен жұртты тасымалдау нашар халде. Ел астанасынан Семейге баратын пойыз 18 сағат жүреді. Ал осы қашықтықты автокөлікпен жүрсеңіз, 7-8 сағатта жетесіз. Сонда неге пойызға мінген халықтың 10 сағат уақыты рәсуа болмақ? Ойыма Токиодан Хиросимаға барған сапар орала береді. Токио мен Хиросима арасы – 900 шақырым. Біз Токиодан таңғы шайымызды ішіп, жүрдек пойызға отырып, Хиросимаға барып, музейлерді аралап, қайтып келіп, Токиода 11-де кешкі асымызды іштік. 1 800 шақырым жол жүріп қайттық. Шаршамадық. Себебі пойыз жүрдек және жайлы (сағатына 300-ден аса шықырым) болатын. Нұр-Сұлтаннан Семейге дейінгі жолаушылар пойызының неге ұзақ жүретінін сұрастырып білгенімізде, біріншіден. коммерциялық жүк тиелген пойыздар жүреді, ал жолаушылар мінген пойыз – екінші кезекте Мұны қалай түсінуге болады? Президент құрған Ұлттық комиссия осындай мәселелерге де назар аударады деген ойдамын.
***
Президенттің Парламенттегі оппозиция туралы сөзі қатты ұнады. Ғажап, терең ой. Қолымыз жетпей жүрген мәселе. Бізге қажеті осы еді. Сенаты депутаты болып жүргенімде, мен үшін бұл ең зәру мәселе еді. Жеке шығып сөз айтсаң, басың «пәлеге» қалады. Бәріміз бірдей қол көтеруіміз, бәріміз бірдей бір шешімге келуіміз керек, сонда Парламенттің не қажеті бар? Үкімет не айтса, соны орындап жүре бермейміз бе? Жағдай өзгерді. Жаңа кезең басталды. Парламенттік оппозиция қажет деген билік аузынан сөз шықты. Жаңа партиялар құру үшін, қол қоюшылар саны 40 мыңнан 20 мыңға шегерілді. Бюрократия азайды. Президент айтқандай, партиялық «құрылыстың» жаңа кезеңі басталмақ, ол дегеніміз –партиялар электорат үшін өздері бір-бірімен бәсекеге түсулері керек. Сонда, сапалы партиялар жеңіп шығып, Парламентке келіп, онда да сол бәсекелестік негізде елдің, мемлекеттің, білімнің, ғылымның, тәрбиенің мәселелері шешілуі керек. Мұндай жағдайда, ауданның, қала әкімдерінің бір партияда болуы – түсініксіз жағдай. Әкімдер барлық партияларға ортақ болулары тиіс. Мен сияқты ақсақалдар да барлық партияларға ортақ болғандары жөн. Партия құрушылар өз араларында бәсекелестік орнатып, табысты істерді мақсат-мүддесіне айналдырулары қажет. Себебі барлық партиялардың мақсаты – бір. Ол – тәуелсіздікті, мемлекетті, ел бірлігін нығайту. Осы істерді атқаруда іс-тәсілдері, қимылдары әртүрлі болулары табиғи жағдай, себебі бізде нәсілдік, діншілдік идеологияларды насихаттайтын партия болуы мүмкін емес. Бұл – Конституция бойынша шектелген шара.
***
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында және Қазақстан халқын жаңа 2020 жылымен құттықтауында бір аса маңызды идеяны қайталады. Ол – «Алтын Орданың 750 жылдығын мемлекет деңгейінде атап өтетін болдық» деген сөз. Байқаймын, жұртшылық бұл инновациялық идеяға жіті мән бермеуде. Алтын Орда – күні кешегі өзіміздің төл тарихымыз. Алтын Орда – ата-бабаларымыздың қызмет еткен, өмір сүрген, ғұмыр кешкен кеңістігі. Сондықтан Алтын Орданың 750 жылдық тойы – халқымыздың төл мерекесі, төл тарихы. Бұл мереке, әсіресе мектептерде, жоғары оқу орындарында, бір сөзбен айтқанда, жастардың ортасында ерекше тойлануы керек. Алтын Орда Кеңес заманында бізден соншама алыстатылды. Біз Алтын Ордаға мейлінше жақындауымыз керек. Мұны жастардың санасына сіңдіру – аса маңызды шаруа.
***
Әбу Насыр әл-Фараби – Х ғасырда өмір сүрген ғұлама. Сол замандағы, тіптен, қазіргі замандағы ғылымдардың бәріне қатысты еңбектер жазып қалдырған елімізде оның бай мұрасын жиып-теріп алғанымыз жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, тіпті қолымызға жеткен нұсқалардың өзін саралап, ғылыми негізде жүйелемедік. Әл-Фарабидің ғылым тарихындағы орнын, оның кім болғанын анықтау қажет. Әл-Фараби – хакім, ғұлама, ойшыл, данышпан, бірақ философ емес. Әл-Фарабиді екінші ұстаз деп айтудың мәнісін білген жөн. Әл-Фараби ешқашан да (білуші бір Алла), менің ойымша, Аристотельді бірінші ұстаз деп мойындамаған. Ол «Алла – бір, Пайғамбар – хақ» дейді. Әл-Фараби мұсылмандық жолдан шықпаған. Оның ұстазы – Пайғамбар. Құран Пайғамбарымызға түскен. Ол Құранды насихаттап, мұсылмандарға ұстаз болған. Пайғамбар сөзін ары қарай ғылыми негізге салушы – әл-Фараби. Сондықтан оны замандастары «екінші ұстаз» деп атаған. Шәкәрім қажы «Әулие білгіш айтты деп жазылған талай қате көп» деп еді. Кітапхана сөрелерінде қате-қате жазылған кітаптар және оларды жазған адамзатты адастырушы білгіштерге тұнып тұр.
Сананы саралайтын да уақыт жетті.
Ғарифолла ЕСІМ,
академик